«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕС – мол астық үшін күрес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сапарғали СҮЛЕЙМЕНОВ,

облыстық Өсімдік қорғау жөніндегі инспекцияның бөлім басшысының міндетін атқарушы.

Қазақ өсімдік қорғау ғылыми зерттеу институтының деректері бойынша, астықтың зиянкестерден ықтимал шығыны 28-35 пайызға жетеді, сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерінің 10-12 пайызын сақтау кезінде жоғалтамыз. Сондықтан республикамызда егістер мен көкөністерді фитосанитарлық сауықтыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Қазақстанның өсімдік шаруашылығына 50-ге жуық көпулы және 100-ден астам арнайы зиянкестер түрі, 70-тен астам аурулар мен 120-ға жуық арамшөптер түрі залал келтіруде.

2013 жылы облыстың егістік жер көлемі 4420,2 мың гектарды құрады, соның ішінде 3620,0 мың гектары – дәнді дақылдар. Бүгінде осы алқапта жүргізілген жұмыстардың қорытындысын айтар болсақ, астық шығымдылығын және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруда зиянкестерге, ауруларға, арам шөптерге қарсы уақтылы жүргізілген қорғаныс шаралары маңызды рөл атқарды. Өз кезегінде бұл шаралардың уақтылы өткізілуі барлық деңгейдегі өсімдік қорғау қызметінің облыстағы фитосанитарлық жағдайға бақылау жасауына, дәрілік заттардың қолданылу, сақталу және тасымалдау ережелерінің сақталуына байланысты. Ол, әсіресе, биылғыдай ауа райының аса күрделі жағдайында өте маңызды болды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары және тұрақты өнімін қамтамасыз етуде, зиянкестерден, аурулардан және арамшөптерден айтарлықтай шығындарға жол бермеуде өсімдік қорғаудың рөлі зор екенін аңғарамыз. Айталық, егіншілер үшін өте күрделі өткен жазғы маусымда дер кезінде жүргізілген өсімдік қорғау шараларының арқасында астықтың болуы мүмкін шығындарының 60 пайызға дейін қорғалып қалғанын жоққа шығаруға болмайды, оған химиялық дәрілік заттарды қолдану есебінен қол жетті.

Облысымызда өсімдік қорғау шаралары себілетін дәнді дақылдар тұқымын саралап зерттеп, зарарсыздандырудан басталады. Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжам әдістемелік орталығы мекемесінің деректері бойынша биылғы себілген тұқымның бөгде қосындылардан тазалығы онша болған жоқ. Ол 2,7-52,0 пайыз аралығында болды, ал нормасы 15,0 пайыздан аспауы керек. Сондықтан түгелге жуық тұқым қорын дәрілеп зарарсыздандыруға тура келді. Облыс бойынша барлығы 498,6 мың тонна тұқым дәріленді. Бұл жұмысты, әсіресе, Мамлют, Шал ақын, Айыртау, Есіл, Жамбыл, Тайынша, Аққайың, Қызылжар, Ғ. Мүсірепов атындағы және Уәлиханов аудандарының егіншілері зор жауапкершілікпен жүргізді.

Сонымен бірге, биыл егістіктердің арамшөптерімен күреске айрықша маңыз беріліп, барлығы 3659,2 мың гектар алқапта дәрілеп өңдеу жұмыстары атқарылды. Соның ішінде табиғи қара сұлыға қарсы ғана 1100,4 мың гектар егіс танаптары өңделді. Сондай-ақ, әсіресе, жаздың соңғы айларында ылғалдың аса мол түсуі себепті түрлі өсімдік ауруларының туындау қаупі де күшейді. Дәнді дақылдардың тамырында тұрып ауруына қарсы 820,5 мың гектардың егістігі өңделді. Оның 416,0 мың гектары республикалық бюджет қаржысына, ал қалған 404,5 мың гектары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өз күштерімен атқарылды. Өңір агроқұрылымдары бұл шараның маңыздылығын жете сезініп, тартыншақтық танытқан жоқ.

Астықты сақтауда тағы бір аса маңызды шаралы іс – дәнді дақылдардың зиянкестерімен күрес болып табылады. Зиянкестердің барлық түрлеріне қарсы қорғаныс шаралары 857,8 мың гектар алқапта жүргізілді. Ол биылғы жылдың ерекшелігіне байланысты жоспарланған көлемнен 211 пайызға асыра орындалды. Соның ішінде аса қауіпті зиянкестерге қарсы 138,2 мың гектар егістік өңделді. Оның 121,2 мың гектары республикалық бюджеттің қаржысы есебінен атқарылды. Ал 736,7 мың гектар алқаптағы қауіпті зиянкестерге қарсы күресті ауыл шаруашылығы құрылымдары өз күштерімен атқарды. Бүгінде облыс егіншілерінің орақтың қорытындысы бойынша біршама тәуір өнім күтіп отырғаны, міне, осындай фитосанитарлық жұмыстардың нәтижесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp