«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕТРОПАВЛДЫҚ ҚАЙРАТ ОТБАСЫСЫ жеңімпаз атанды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қалалық Мәдениет үйінде жыл сайынғы “Отбасы – алтын діңгек” облыстық байқауы болып өтті. Оны облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма Қазақстан халқы тілдерінің XV фестивалі аясында ұйымдастырды. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Ұлттық салт-дәстүрді, қазақи тәрбиені бойына сіңірген, балалары бірнеше тілді меңгерген, өнерлі, өнегелі отбасылар арасында өткізілген сайыстың мақсаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту болып табылады. Облыс орталығы мен аудандардан байқауға 11 отбасы қатысты. Сайыстың ережесі бойынша байқауға отбасы мүшелері толық қатысып, өздерін таныстырып, берілген тақырып бойынша ой толғап, өз өнерлері мен үй тапсырмасын көрсетуі тиіс еді.

Бірнеше кезеңнен тұрған байқауда отбасылар бар өнерлерін ортаға салуға тырысты. Көрерменді таңғалдырған талай дүлдүлдер болды. Сиқыр көрсетіп, бауыр еті – балаларының өнерлерін барынша ортаға салуға тырысты. Өткен жылы байқауға қатысқан үміткерлерге қарағанда, бұл жолы өнерге ден қойған отбасылар көбірек екен.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды облыс орталығының тұрғындары Қайрат отбасы (суретте) иеленді. Жас отбасының балаларын ұлттық тәлім негізінде тәрбиелейтіндігі бірден байқалды. Алғашқы кезең – таныстыруда отанасы Гүлден, отағасы Жансерік пен олардың Айым есімді қыздары тату-тәтті отбасы екендіктерін, үйде әр отбасы мүшесінің өз орны барын көрсете алды. Бұл отбасының сахналық киімі, сөйлеу мәнері келісті болды. Сахнада қыздары Айым би билесе, әкесі сиқыр нөмірін көрсетті. Екінші орын Мағжан Жұмабаев ауданынан келген Баймұқановтар отбасысына бұйырды. Екі ұлын қос қанатым деп таныстырған бұл отбасы барлық кезеңдерден сүрінбей өтті. Әсіресе, Жарқын мен Сұлтан есімді ұлдарының орындаған әндері құлаққа жағымды болды. Тимирязев ауданынан келген Күшеровтер отбасы да екінші орынға жайғасты. Үшінші орынды қызылжарлық Құлахметовтер, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның намысын қорғаған Серікбай және петропавлдық Базарбаев отбасылары қанжығасына байлады. Бұл отбасылардың ішінде Бәйтерек ауылының тұрғындары Құлахметовтер отбасысын ерекше атауға болады. Айдай сұлу үш қызына пана, тірек бола білген Әсия Құлахметова балаларының бойына ұлттық тәрбиені сіңіре білгені қуантты. Қыздары домбырада ойнап қана қоймай, әнді де тамаша орындап берді, әрі ұлттық қолөнер түрлерін меңгергендіктерін байқатты.

“Бала тілі – бал” аталымын байқауға қатысқан ең кішкентай бүлдіршін жеңіп алды. Ол тайыншалық Сабина Нықышева болды. Ал “Шоқ жұлдыздар” аталымына Аралағаш ауылының тұрғыны Ерсұлтан Серік лайық деп танылды.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp