«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕМЕЙДЕГІ ФУТБОЛ МЕРЕКЕСІ тәлім аларлықтай тартымдылығымен есте қалды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан футболына – 100 жыл! Айтулы мереке Семей қаласында үш күн бойы есте қалатындай мәнді де сәнді аталып өтті. Мерекелік шараға дипломаттар мен шетелдік делегациялар Мәскеу қаласының “Спартак”, Киев пен Тбилисидің “Динамо”, Қазанның “Рубин”, Бішкектің “Алға”, Алматының “Қайрат”, Өскеменнің “Восток” командаларының ардагерлер топтары келді. Сонау 60-70 жылдары Кеңес Одағы футбол ұжымдары сапында өнер көрсетіп, халықаралық жарыстарда топ жарған саңлақтардың бір-бірімен кездескен кездегі сәттері жан толғандырарлық болды. 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

“Егемен Қазақстан”.

Мерекелік шара 20 қыркүйек күні ежелгі “Ярыш” командасының тұңғыш капитаны әрі жаттықтырушысы Юнус Нигматуллиннің тұрған үйіне мемориалды тақта орнатудан басталды. Осыған арналған салтанатқа жиналғандар Қазақстанның осынау тұңғыш футбол жасағы құрамында аты әлемге әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің де болғанын еске түсірді. Осы жерде жазушының ұлы Мұрат Әуезов әкесі туралы естелік айтып, жұртшылықты Қазақстан футболының 100 жылдығымен құттықтады. Бұдан кейін қонақтар аула клубтары арасында қала әкімі жүлдесі үшін өткізілетін “Былғары доп” турнирі жарысын бастап, М.Әуезов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Ертеңінде мерекелік шараның бас­ты оқиғалары жер-жерде өтті. Айта кету керек, бір ғасырлық мереке жыл басынан бері облыстың барлық аудандары мен қалаларын қамтыды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен соңғы бір жыл ішінде аймақтың барлық аудандары мен қалаларында футбол алаңдары салына бастады. “Қазақстан футболының 100 жылдығына – 100 футбол алаңы” ұранымен өткен бұл акцияның аясында 100 футбол алаңы қатарға қосылды. Қазір аймақта 275 футбол клубтары мен ұжымдар бар, оның құрамындағы 1322 секцияда 45 мыңнан астам адам жаттығады. Өңірде бұқаралық спортты дамыту қанат жая түскен. Биыл бұл салаға 3 млрд. 300 мың теңге бөлінді.

Таңғы сағат 10.30-да футбол мерекесіне келгендер хәкім Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Одан кейін кеме жөндеу зауыты маңында футбол алаңы ашылды. Сағат 11.30-да қала әкімдігінің атшаптырым залында футбол жұлдыздарының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Оған немістің атақты аяқдоп шебері, жаттықтырушы Хорст Хрубеш қатысты. Алманиядан келген қонақтың атағынан ат үркеді деу­ге болады. Оның қатысуымен Алмания 1979, 1982, 1983 жылдары Еуропа чемпионы, әлем біріншілігінде болған бірнеше рет Еуропа чемпиондар кубогында топ жарған. Алғашқы сөз кезегін алған Хорст Хрубеш қазақстандықтарды мерейтоймен құттықтап, алдағы уақытта құрамаға сәт сапар тіледі.

– Алманияда болашағынан үміт күттіретін жастарға ерекше назар аударады. Оларға барлық жағдайды жасайды, үздік командалар сапында өнер көрсетуге қолайлы сәт туғызады. Сіздің елмен өзара қарым-қатынас жасауға әзірміз, талантты жастарды бізге жіберіңіздер, – деді мәртебелі қонақ.

Бір кездері футбол алаңында жасындай жарқырап, талай жастың сиқырлы доппен айналасуына үміт отын жаққан Тбилисидің “Динамо” командасының шабуылшысы Леван Нодия, “Спартактың” атақты ойыншысы Виктор Букиевский, Киевтің “Динамо” командасының футболшысы Андрей Биба ақпарат құралдары өкілдері қойған сауалдарға жауап қайтарды.

– Семейге келгенде КСРО құрамасы сапында ойнаған Сейілда Байшақовты, атақты футболшы Тимур Сегізбаевты кездестіріп, мәре-сәре болдық. Біз сол кезді сағынамыз. Футболшылар бір-бірімен дос, сырлас болатын. Сол кездегі қарым-қатынас алдағы уақытта жалғаса бермек, – деді “Спартак”командасының бұрынғы ойыншысы Василий Калинов.

Семей қаласындағы бұрынғы Физкультурная көшесі тозығы жеткен, жарығы жоқ елеусіз орам болған. Соңғы бірнеше айда бұл маң адам танымас­тай өзгерді. Консультативтік емхана алыстан көз тартады. Көшеге асфальт төселіп, шам орнатылыпты. Қалалық мәслихат депутаттары оған “Қазақстан футболының 100 жылдығы” атын берді. Сөз жоқ, есте қалатын, жастарға патриоттық тәрбие беретін ұлағатты бас­тама. Түс ауа ат қойып, айдар тағылған, жаңарып, жасарған көше адамдарға лық толды. Қолдарына гүл ұстаған мектеп оқушыларының жүзі бал-бұл жанады. Салтанатты жиын басталар тұста сонау Қызылордадан республикалық велошеруге қатысушы бір топ саңлақтар орталық алаңға келіп жетті. Оларды қызылордалық белгілі бапкер А.Шөмішбаев бастап келіпті.

Салтанатты жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашты.

– Құрметті семейліктер, дүбірлі жиынға қатысушы қонақтар, – деп бас­тады құттықтау сөзін өңір басшысы. – Қазақстан футболының 100 жылдық мерекесі құтты болсын. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулығы мықты, саламатты өмір салтын сақтау үшін бұқаралық спортқа көңіл бөлу қажеттігін атап көрсеткені белгілі. Елімізде спорт дамып келеді. Бір ғана мысал, “Шахтер” мен “Ақтөбе” футбол командалары УЕФА сайыстарында Еуропаның мықты командаларымен тең өнер көрсетті. Қалалық мәслихат депутаттары футболдың бір ғасырлық тойы құрметіне көшеге жаңа атау берді. Бізге сонау Қызылордадан жас велосипедшілер келіп құрмет көрсетіп тұр. Бұл өңірден Марат Сатыбалдиев, Сергей Капустин сияқты белгілі шабандоздар шыққан. Күні ертең олардың жолын жастар жалғастыратыны сөзсіз.

Қазақстан футбол федерациясы президентінің бірінші вице-президенті Сейілда Байшақов бұл мерекені есте қаларлықтай атап өтіп жатқан өңір басшысына алғысын білдірді. “Шынында да футболға көңіл бөлудің, аймақта 100-ден астам футбол алаңдарын салудың, Семейдегі “Спартак” стадионын күрделі жөндеуден өткізіп, Өскемендегі “Восток” стадионының жаңартылуының ерекше маңызы бар, оның нәтижесі болады”, – деп атап көрсетті атақты футболшы.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің кең залындағы футболдың 100 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция да мазмұнды өтті. Оған қатысқан футбол ардагерлері, осы тақырыпты зерттеп жүрген мамандар мен ғалымдар еліміздегі футболдың қалыптасуы, оның өсіп-өркендеуі, ақсап жатқан тұстары жайлы да ойларын ортаға салды.

Кешкілік жаңарып, жасарған “Спартак” стадионына адамдар сыймай кетті. Музыка әуені шарықтап тұр. Мерекелік іс-шараны семейліктер әсерлі өткізді. Футбол ардагерлері мен жас­тар сап түзеп өткен соң, өңір басшысы Б.Сапарбаев жиналғандарды құттықтады. Бұдан кейін өнер шеберлері қызықты концерт қойып, отшашу болды. Ертеңінде 22 қыркүйек күні де мереке жалғасын тапты. “Миллиондар кубогы” республикалық турнирына қатысушыларды мерекеге ерекше әзірлеген қала әкімі Айбек Кәрімов құттықтады. Бұдан кейін футбол ардагерлері арасындағы сайыс қызып сала берді. Самайларын ақ қырау шалған байырғы футбол шеберлері өздерінің өшпес өнерлерінің бір парасын көрсетіп, көрермендерді көл-көсір қуанышқа бөледі.

Атақты балуан Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өткен халықаралық турнир де мерейтой абыройын асқақтата түсті. Балалар волейболы фестивалі, футболдың бір ғасырлық тойына арналған көрменің ашылуы есте қаларлықтай өтті. Шоубағдарлама, қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерті мен отшашу көрерменін барынша көп жинады. Футбол мерекесінің тәлім алатын жақтары аз болған жоқ. Оны өткізуге облыс, қала және аудандағы ел басқарып жүрген азаматтар да үлес қосты, қонақтарды күтіп, өлкенің тарихи жәдігерлерімен таныстырды.

Тек халықаралық жарыстарда абыройымыз асқақтай түссе деген ниет жалғаса бергей.

Шығыс Қазақстан облысы.

Семей қаласы.

( “Егемен Қазақстан”,

2013 жылғы 24 қыркүйек).

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp