«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕНАТОРЛАР АУЫЛДЫҚТАРДЫҢ МҰҚТАЖДЫҚТАРЫН БІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,

журналист.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облысқа ҚР Парламенті Сенатының Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Кулагин бастаған депутаттар келді. Сапардың басты мақсаты – ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіретін мәселелерді ауылдықтардың өз аузынан есту.

Депутаттар алдымен Қызылжар ауданындағы “Якорь СК” ЖШС-де болды. Онда егін шығымдылығы – 19 центнер.

– Біздің егін алқабымыз – 8 мың гектар. Оның 4 мыңы – дәнді дақылдар. Қазіргі кезде алқаптың 97 пайызы жиналды. Бүгін жауын болмағанда егін орағын аяқтар едік. Өнімнің сапасы жақсы. Барлығы 3 сұрыпты. Қазір ауа райының қолайсыздығы ғана қолбайлау болып отыр, – деді “Якорь СК” ЖШС-нің жетекшісі Владимир Очеретенко.

Танап басына келген қонақтарды егіннің жайқалып өскендігі қуантты. Олар Жерана берген байлықты енді шашау шығармай, уақтылы жинап, пайда түсіру керектігін айтты.  

Бұдан соң депутаттар елімізге макарон өнімдерімен танылған “Сұлтан ЭДМК” АҚ-ға ат басын бұрды. Макаронның 35 түрін еліміздің әр қаласында саудалайтын мекемеде 360 жұмысшы еңбек етеді. 1996 жылы Петропавлда құрылған кәсіпорын өз өнімдерін Ресей, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан нарығына шығарған. Енді өнімді Қытайға өткізу үшін келіссөз жүргізілуде.

Мұнан соң астаналық қонақтар сүт өнімдерін шығаратын “Молпродукт” ЖШС-іне барды. 1998 жылы ашылған мекеме сүт өнімдерінің түр-түрін шығарады. Олар қолданылатын ақтың 80 пайызын – ауыл шаруашылығы құрылымдарынан, 20 пайызын қарапайым шаруалардан сатып алады. Күніне 20 тонна сүт қабылданады. Сенаторлар сүт өнімдерінің дәмін татып көрді.

Содан кейін облыстық әкімдікте депутаттардың қатысуымен кеңес өтті. Кеңес барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші және қайта өңдеуші кәсіпорындар жетекшілері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Кеңес барысында Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Серік Біләлов өздері атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Ал халық қалаулыларын жергілікті жағдаймен таныстырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров:

– Қазіргі уақытта облысымыздың агроөнеркәсіп кешенінің өндіріс тиімділігі артып, ауылда қаржылық қызмет дамып, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарды. 8 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының барлық саласы қол жеткізілген өсу қарқынын сақтап, тұрақтылықты қамтамасыз етті, – деді.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Марат Тасмағанбетов 707,5 мың гектарға егін сепкендерін айтып, сенаторлардан субсидиялау тетігін жеңілдетуді сұрады. Себебі, бүгінгі таңда субсидия орақ науқанынан кейін алынған өнімнің көлеміне қарап берілуде. Ал ауыл шаруашылығы құрылымдарына қаржы егіс науқанында ауадай қажет. Комитет төрағасы Сергей Кулагин бұл мәселенің көптен бері көтеріліп жатқанын жеткізді. “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ -ның өңіріміздегі өкілдігі үстіміздегі жылдың 25 қыркүйегіне дейін 253 ауыл шаруашылығы құрылымын несиелендірген. Ал “Зенченко және К” КС-нің бас директоры Геннадий Зенченко дәні дақылдардың бағасы егіс науқанының аяғында емес, көктемде белгілі болу керек деген ойын жеткізді. Бұлай болған жағдайда ауыл шаруашылығы құрылымдары жағдайға қарап егін егетін болады деген ойын білдірді. Кеңесте сөз алған “Полтавка” ЖШС-нің директоры Елтай Зікірин жер салығының көлемін дифференциалды қылу қажет деген ұсынысын білдірді. Бүгінде “Полтавка” ЖШС-де орташа еңбекақы мөлшері – 70 мың теңге. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлау мәселесі айтылды. Сергей Кулагин айтылған ұсыныстардың барлығы орынды екендігін жеткізіп, қолдарынан келгендерін жасайтындықтарын айтты. Кеңес соңында облыс әкімі Самат Ескендіров Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелеріне алғашқы жұмыс сапарларын біздің өңірден бастап, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші және қайта өңдеуші кәсіпорындар жетекшілерімен кездесіп, ашық диалог өткізгендеріне алғыс білдірді.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp