«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТҰРҒЫНДАР ПАРТИЯНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУЫНА КЕЛУДІ ЖӨН КӨРЕДІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел үмітін ақтау – “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының басты парызы. Елбасы бастаған партиямен бірге егемен Қазақстанның жаңа тарихының жаңа белестері ашылуда. Қазір жер-жерлерде нұротандықтардың жұмысы қызу қарқын алуда. Тайынша өңірінде аудан әкімінің бастамасымен “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалы жаңа ғимаратының құрылысы қолға алынды. Қазанның 17-18 күндері Астана қаласында “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс ХV съезінде партияның Саяси доктринасы қабылданғалы отыр. Осы бағытта аудан әкімі, “Нұр Отан” ХДП Тайынша аудандық филиалының төрағасы Серік Салтықовпен сұхбаттасқан едік. 

– Серік Төлеуұлы, “Нұр Отан” ХДП Тайынша аудандық филиалының төрағасы болып тағайындалғаныңызға көп уақыт бола қойған жоқ. Партия филиалының жергілікіті тұрғындар алдындағы беделі қандай деп ойлайсыз?

– Тайынша аудандық филиалының төрағасы болып қызмет атқарғаныма көп уақыт бола қоймаса да, партия ұйымымыздың тұрғындар арасындағы беделі қандай екенін байқағандаймын. Бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, партиялық жұмысты жетілдіру әрбір нұротандықтың міндеті деп білемін.

“Нұр Отан” партиясы еліміздегі әр алуан партиялардың қатарынан алға шығып, саяси кеңістікте нағыз халықтық екендігін дәлелдеп берді. Ел тұрғындарының алдында берген уәделерін сөз жүзінде емес, іс жүзінде тиянақтауды дәстүрге айналдырған “Нұр Отан” партиясы бүгінгі таңда билеуші партия мәртебесіне ие болып отыр. Партиямыздың беделі орасан, атқарушы билік те, Үкімет те жетекші партиямен санасады. Ал, халық өз қорғаушысы есебінде “Нұр Отанды” көргісі келеді. Бұлай деп ой қорытуымызға тұрғындардың басым бөлігінің атқарушы биліктің табалдырығын тоздырғаннан гөрі, партияның қоғамдық қабылдауына келгенді жөн көруі айғақ. Партияның ел арасындағы беделін сақтап, жетілдіру үшін, нұротандықтарға тынбай еңбек ету қажет. Мұң-мұқтаждарын көшбасшы партияға білдіргендер саны өткен жылмен салыстырғанда көп. Ол халықтың партияға деген сенімінің көрсеткіші деп білемін. Биылғы жылдың есепті кезеңінде жеке және заңды тұлғалардан 400-ге жуық өтініш келіп түсті.

– Тайынша ауданы бойынша нұротандықтардың саны қанша?

– Тайынша ауданында 57 бастауыш партия ұйымы бар. Бүгінде аудан бойынша нұротандықтар қатары 3 385 адамды құрайды. Біз үшін партия мүшелері қатарының молдығы емес, сапасы бірінші кезекте. Партия көш басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, ең алдымен ішкі тәртіпке көңіл аударылуы тиіс. Ауданымыздағы партия ұйымы осы талапқа сай. Нұротандықтар елдің, ауылдастарының мәселелеріне бейжай қарамайды. Бірлесе көтерген жүк жеңіл деген ұранды өздеріне басты ұстаным еткен, соның арқасында қыруар іс тындырылуда.

– “Жас келсе – іске” демекші, филиалдың жастар қанатына қандай міндеттер жүктеліп отыр?

– Жасотандықтарды партияның болашағы деп түсінген жөн. Жастардың қолымен саяси, әлеуметтік, экономикалық тағы да басқа маңызды істер атқарылып жатыр. Мәдени шаралар өткізуде де біршама белсенділік байқалғандай. Оған дәлел – аудан жастарының қатысуымен өтіп жатқан мерекелік қойылымдар, КВН сияқты танымдық ойындар. Партияның саяси науқандарына қатысып, сыналған жасотандықтар ертеңгі елдің тізгінін ұстап, мемлекетіміздің мәртебесін асқақтатарына сенімім зор.

– Қоғамдық қабылдау жұмыстарының нәтижелері қандай?

– Қоғамдық қабылдау жұмыстарының алар орны ерекше. Партияның нақты іспен айналысып жатқанын қоғамдық қабылдау жұмысынан байқауға болады. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев халықпен тығыз араласуы тиіс қоғамдық қабылдаулардың жұмысына назар аудару қажеттігін атап айтқан. Қоғамдық қабылдауға келушілер де, қоңырау шалушылар да бір сәт толастаған емес. Біздің ұстанған басты қағидамыз – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оны шешудің жолын қарастыру.

– Қабылдауға келген азаматтарды қандай мәселелер толғандырады?

– Азаматтарды толғандыратын сұрақтар – көбінесе баспана мәселесі төңірегінде. Еліміздегі тұрғын үй құрылысы жыл санап қарқын алғанымен, баспана мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Баспана кезегіне мемлекеттік тіркеуге тұрған адам соңына дейін күтуі керек. Өйткені, берілетін пәтерлер арнайы кезек бойынша үлестіріледі. Мәселен, арнайы санаттағы адамдардан құралған 4 кезек бар, олар – мемлекеттік қызметшілер, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері, үй-жайы апаттық жағдайда тұрған азаматтар мен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар. Бұл мәселеде “Нұр Отан” ХДП өкілдері кезектің ашықтығы мен баспана беру тәртібінің сақталуын, мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алатын болды. Өзге де әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етудеміз. Мәселен, бүгінде барша тайыншалық нұротандықтар менің бастамамды қолдап, тікелей нұротандықтардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде “Нұр Отан” Тайынша аудандық филиалы кеңсесінің ғимараты бой көтеруде.

– Партиялық бақылау бекеттерінің жұмысы жайлы не айтасыз?

– Аудандағы партиялық бақылау бекеттерінің қызметіне тоқталар болсақ, олардың басым бөлігі жүйелі жұмыс істеуде. Партия өкілдері салынып жатқан құрылыс нысандарында болып, құрылыс сапасының артуына өзіндік үлес қосуда. “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Тайынша аудандық филиалы алдағы уақытта да аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан құрылыс жобалары жұмыстарының жайын қатаң бақылауда ұстап, жұмыстың сапалы әрі уақтылы атқарылып шығуына ықпал жасайтын болады.

– Жуырда “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Тайынша аумақтық филиалының X конференциясы өтіп, жиын барысында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер айқындалған болатын. Сіздің ойыңызша, “Нұр Отан” ХДП-ның ХV съезінде бекітілетін Cаяси доктринаның негізгі мақсаты қандай?

– Қазақстандықтарды жаңа форматта тәрбиелеу қажет. “Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!” Саяси доктринасының негізгі міндеті осындай. “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының аудандық филиалының X конференциясы барысында ең негізгі құжат талқыланды. Ең бастысы – “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру. Бұл ретте партия мүшелеріне артылар міндет ауқымды. Қабылданатын Саяси доктрина болашақты бағдарлауға өз септігін тигізеді.

Елбасы айтқанындай, ол – партиямыздың Конституциясы іспеттес маңызды құжат. Сондықтан партия өкілдері болашақта жаңа Саяси доктринаны басты бағдар етіп ұстайтын болады және біз оның аясында аудандағы бастауыш партия ұйымдарының рөлін көтеруге күш салуымыз керек. Айта кету керек, алғашқы Доктрина “Қазақстан – 2030” Стратегиясын жүзеге асыру бойынша қабылданған болатын. Ал жақында ғана өткен экономикалық форумда еліміздің бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енгендігі мәлімденді. Бұл – біз үшін үлкен абырой. Яғни, біз “Қазақстан – 2030” Стратегиясында көрсетілген міндеттерді мерзімінен бұрын орындадық. Ал жаңа Доктрина “Қазақстан – 2050” Стратегиясынан туындайтын міндеттерге негізделіп отыр.

Оның негізі – партияның әлеуметтік саясаты. Халықтың жағдайын жақсарту, тұрғындарға әлемдік стандарттарға сай білім беру, медициналық қызмет көрсету секілді бағыттарды көздейді.

Біз елімізді ғана емес, сонымен қатар, партиямызды да жаңғырту стратегиясын іске асыру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp