«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІШІ-СЫРТЫ ЖАРҚЫРАП ТҰР бірақ, білім сапасы көңілдегідей емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қос тілде дәріс беретін Айыртау ауданындағы Кирилловка орта мектебінің былтырғы жылы қаңтар айында іске қосылған жаңа қоныс-жайы облыстық бюджеттің қаржысына тұрғызылған. Ерекше сәнділігімен бүкіл ауылға көрік беріп тұр. Оған бұрынғы ескі мектептің жанынан, ауыл ортасындағы бос жатқан ауқымды жердің кең етіп бөлінуі ойдағы жоспарлы істерін жүзеге асыруға мүмкіндік берген. Айналасы ат шаптырым осы қоршаудың ішінде оқу-тәжірибелік, спорттық және шаруашылық қажеттілігі алаңдарының бәрі бар.

Мектептің тыныс-тіршілігімен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ольга Матюшенко таныстырды. Оның айтуынша, оқушылардың жазғы демалыс маусымында да үзбей жұмыс істеген “Балдырған” шағын орталығында бүлдіршіндерге билингвалды білім беріледі. Олар орталықта толық күн болатындықтан, тәрбиешілер кезектесіп жұмыс істейді. Орталық қызметкерлері Марина Кулик, Бақыт Тасмағанбетова және Маржан Мағзұмның тәрбие жұмысына балалардың ата-аналары өте разы екенін білдік. Тәрбие тобының жатын және ойын бөлмелері осызаманғы талапқа сай жабдықталған, барлық тұрмыстық қажеттіліктері толық ескерілген. Осындай қамқорлық жағдайында ондағы білім беру мен тәрбие жұмыстарының әдеттегі балабақшадағыдан кем түспесі сөзсіз.

– Мектебіміз 240 орындық, қазір 150-дей бала оқиды. Қазақ және орыс тілдерінде оқитындар саны теңдес. Материалдық және техникалық жағынан оқушыларға сапалы білім беруге толық жағдай жасалған. 20 оқу кабинеті бар, сондай-ақ екі компьютерлік сынып жұмыс істейді. Бізде үш оқушыға бір компьютерден келеді, ал мұндай техникалық қуаттылық кез келген мектепте кездесе бермейтін шығар. Тек бір “әттегенайымыз”, кең-жолақты Интернетке қосылу мүмкіндігіміз болмай отыр. Мектептегі автоматты телефон стансасы ескірген, бұл мәселені аудандық “Қазақтелеком” бөлімшесі көп кешіктірмей шешетін шығар деп ойлаймын. Ал, материалдық-техникалық жағынан басқадай проблема жоқ, барлық жабдықтары түгел спорт және акт залдары, асхана, дәрігерлік кабинет бар, – деді Ольга Владиславовна.

Алайда, осындай жағдайдың жасалып отырғанына қарамастан, мектеп соңғы үш жылдан бері ҰБТ қорытындысы бойынша ауданда соңғы орындарда қалып келеді. Мысалы, биыл түлек ұшырған қазақ сыныбы болған жоқ, ал орыс тілінде 5 оқушы бітірді. Соның төртеуі ҰБТ-ға қатысып, орташа 60,2 балл жинады, ол аудан бойынша соңынан санағанда екінші көрсеткіш. Оқу ісі меңгерушісінің айтуынша, оның себебі – негізгі пәндердің мұғалімдерінің тапшылығында. Жаңа оқу жылында былтырғыдай тағы да химия, биология, математика, физика және ағылшын тілі мұғалімдерінің жетіспеушілігінен қиындық туындары анық. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша ауылға келгісі келетін кадрларға тұрғын үй жоқ. Осы орайда мектеп басшысы аудан орталығында “Жол картасы” бағдарламасының түрлі бағыттары бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің Кирилловка сияқты ірі елді мекендерге де бөлінуін жөн санайды. Мектепте 41 ұстаз еңбек етсе, олардың 24-нің жоғары, 14-нің арнайы орта білімдері бар, соның ішінде жоғары санаттағысы екеу, 10-ны бірінші және 16-сы екінші санаттағы ұстаздар саналады. Қазақ және орыс тілдерінен сабақ беретін екі мұғалім 3-ші деңгейлі әзірлік курсынан өтіп, 30 пайызға өскен көтеріңкі жалақы алады.

Ұжымда үздік нәтижеге жетіп жүрген ұстаздар да аз емес. Солардың бірі – дене тәрбиесінің мұғалімі Сергей Зоськоның шәкірттері волейбол, баскетбол ойындарынан аудан намысын қорғап жүр. Сол сияқты, мектепте теннис және хоккей ойындары да жақсы дамыған. Спортқа оқу ісінің меңгерушісі Ольга Матюшенконың өзі де жақын болып шықты. Ол жеңіл атлетика көпсайысынан аудандық және облыстық жарыстардың талай мәрте жүлдесін алған саңлақтардың қатарында. Осындай озат ұстаздардың ішінде бастауыш сыныптардың мұғалімі Мария Замотаева мен қазақ тілінің ұстазы Мақпал Мұқажановалардың есімдері құрметпен аталады.

Мектеп орамы кең болғандықтан, онда оқушыларды еңбекке тәрбиелеуге қажетті гүлзарлар мен көкөністер өсіріп, баптауға өте қолайлы. Жазғы демалыс кезінде балалар осында еңбек етіп, түрлі көкөністер өсіреді. Одан жиналған өнім мектеп асханасының қажетіне жұмсалады.

– Жергілікті “Кирилловка-Айыртау” ЖШС-і мен мектеп ұжымының арасында тығыз байланыс бар, шаруашылық басшысы Владимир Казаркин ауылдағы білім ордасына қол ұшын беріп, көмектесуге қашанда әзір тұрады. Бұрыннан жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстарына және басқа да мұқтаждықтарға үнемі демеушілік етеді. Оқушыларымызды жаңажылдық сыйлықтарымен қуантып, оқу озаттарына арнайы құрмет көрсетуді де ұмытпайды, – дейді Ольга Владиславна.

Ауылдың тірегі мен көркі саналатын білім ордасы биылғы оқу жылына толық әзірлікпен кірісті.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp