«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫБРИТАНИЯҒА БАРЫП, көшбасшылықты үйрендік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жібек ДҮЙСЕМБАЕВА,

қазақ мектеп-гимназиясы

директорының бейінді-эксперименттік

жұмыс жөніндегі орынбасары.

Білім беру үдерісіндегі жаңашылдықтарға алдымен Назарбаев Зияткерлік мектептері (НЗМ) бет бұруда. НЗМ жүйесіндегі жаңа білім беру жобаларының дамуы мен олардың бейімделуі барлық білім беру ұйымдары арасында жаңашыл педагогикалық тәжірибені таратуда жаңа жол ашты.

2012 жылы 35 оқу орны, соның ішінде қазақ мектеп гимназиясы да Зияткерлік мектептер стандарттары бойынша өз жұмысын бастады.

Жаңашыл үдерістерді басқару үшін тиімді қарым-қатынас пен педагогикалық қауымдастықты басқарушы заманауи технологиялар, стратегиялық жоспарлау дағдылары бар, көшбасшылық қасиеттерге ие жаңа үлгідегі жетекші қажет. Жетекші құрамның кәсіби дамуы мақсатында біз шілденің 1-і мен 12-сі аралығында Брайтон қаласында (Ұлыбритания) Сассекс университетінің базасында «Көшбасшылық және мектептегі басқару» тақырыбында өткен іс-тәжірибеге қатыстық. Оның барысында төмендегідей мақсат-міндеттермен танысып, ой түйдік:

– мектеп басшыларының кәсіби және басқарушылық құзіреттіліктерін арттыру;

– басшының көшбасшылық қасиеттерін арттыру;

– мектеп дамуының стратегиясын дамыту;

– мектеп басшыларының желілік қауымдастығын құру;

– Зияткерлік мектептер тәжірибесін тиімді таратуды қамтамасыз ету;

– үздік әлемдік практиканы меңгеру.

Ұлыбритания педагогтері, әкімшіліктерімен пікірлесе отырып, көшбасшылық тек басшыға ғана емес, мұғалімге, ата-ана мен оқушыға да бағытталатынын түсіндік.

Іс-тәжірибе барысында біз мектеп педагогтері мен оқушылардың бойында қалыптасуға тиіс көшбасшылық қасиеттерді анықтадық. Олар: белсенді болу, бастаманы өз қолына алу, болашаққа жоспар құру, ақырғы мақсаттарды қоя білу, күтілетін нәтижеге жұмыс істеу, мектеп миссиясын жүзеге асыруға өз үлесін қосу, топта табысты жұмыс істеу, келісім мен қарым-қатынас жасауға ұмтылу, мәселені шешуде басқа адамның идеясына жүгіну, ынтымақтастық арқылы дұрыс шешім қабылдау.

НЗМ тәжірибесін кезеңмен енгізу үшін қазақ мектеп-гимназиясының оқу-тәрбие үдерісіне 3 бағытта жүзеге асыратын жоспар құрылды:

1.”Тең-теңімен”. Бұл бағытта мектептің ұжымы үшін ағылшын тілін оқытудың апта сайынғы курсы ұйымдастырылды.

2. “Полилингвалды оқыту” келесі әдістемелер арқылы жүзеге асырылады:

1)1-4 сыныптардағы ағылшын тілін оқыту сағаттарын көбейту (гимназиялық сыныптарда – 3 сағ., жалпы сыныптарда – аптасына 2 сағ.).

2) Тілге ену сәті. 1-сыныптардағы математика сабақтарында ағылшын тілі терминдерін енгізу.

3) 5-9-сыныптарда “Техникалық ағылшын тілі” факультативін енгізу.

4) Кіріктірілген сабақтар: биология мен ағылшын тілі, математика мен ағылшын тілі.

5) Пәнді командамен оқыту. Бірнеше мұғалімдердің сабақты бірге жоспарлап жүргізуі.

Критерийлік бағалау – бұл оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделіп, нақты белгіленген, ұжымдық жасалған, процестің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі білім мазмұны мен мақсатына сәйкес критерийлері бар үрдіс.

3. Оқушылар жетістіктерін критерийлік бағалау жүйесін енгізу 2 кезеңнен тұрады:

1. Дайындық кезеңі – критерийлік бағалау базасын құру; ата-аналармен, оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу; Петропавл қалалық педагогикалық шеберлік орталығы (ПШО) филиалымен байланыс орнату; семинар, тренингтер ұйымдастыру; критерий, дискрипт жасау бойынша шығармашылық топтар құру.

2. Жүзеге асыру кезеңі.

Бұл бағыттарды тиімді жүзеге асыру мақсатында әдістемелік бірлестік жетекшілері және мұғалімдері қомақты оқыту жұмыстарын жүргізді, формативті бағалау, критерийлер мен дискрипторлар, әдістемелік ұсынымдар жасау үшін шығармашылық топтар құрылды. Оқыту семинарлары Петропавл қалалық ПШО филиалы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қызметкерлерінің қатысуымен өткізілді.

НЗМ ұйымдастырған семинар мен конференцияларға мектеп мұғалімдері белсене қатысып, баяндамалар жасады. Өзара қарым-қатынас жасау және тәжірибе алмасу мақсатымен біз Көкшетау қаласындағы НЗМ-мен серіктестік орнаттық.

Біз жеткен жетістіктерімізбен шектеліп қалмай, мұғалімдер қауымдастығы мен оқушылар ұжымының келесі бағыттары бойынша жұмысты жалғастырамыз:

– критерийлік бағалау жүйесі;

– инновациялық іс-әрекет;

– мектеп радиосы мен 3 тілдегі жүргізушілер қоғамдастығы;

– “Шаңырақ” мектеп газетін шығару;

– кітапхана жанынан мектеп ақпараттандырушылары мен дизайнерлері оқушылар бірлестіктерін құру;

– 3 тілдегі мектеп журналистерінің қауымдастығын құру;

– оқушылардың өзін-өзі басқаруын дамыту;

– ата-аналар комитеті мен қамқорлық кеңесін мектеп жетекшілігіне жұмылдыру.

Біз аталған бағыттар бойынша тренинг, шеберлік сыныбы, ашық сабақ, семинар, коучингтер ұйымдастыру арқылы қарым-қатынас жасауға дайынбыз. Біз мектеп-гимназия іс-әрекеті оқыту үдерісінің барлық қатысушыларының белсенді азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін, патриотизм сезімін, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді деп сенеміз.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp