25 қыркүйекте елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының ХІІ отырысы, сондай-ақ “Өркениеттер үнқатысуындағы Астана дінаралық форумының рөлі” тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл халықаралық жиын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша шақырылған алғашқы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 10 жылдығына арналды.
МАҚСАТ – ОЙ-ПІКІР ОРТАҚТЫҒЫНА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ
Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі Хатшылығының ХІІ отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы Қайрат Мәми төрағалық етті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өткен он жыл ішінде өзін әлемдік қоғамдастық таныған тиімді үнқатысу алаңы екенін көрсетті, деді Хатшылық басшысы кіріспе сөзінде. Біздің форумға қатысушылар бүгінде БҰҰ және ЮНЕСКО сияқты беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері ретінде танылып жүр. Арамызда барлық төрт съезге қатысқан делегаттар да бар. Біз жаңа идеялар мен толеранттылық мәдениетті, өзара құрметтеуді қалыптастыруға әрқашан ашықпыз.
Съезд Хатшылығы отырысының күн тәртібіне қойылған мәселенің бірі – 2012 жылдың мамырында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары ІV съезінің қорытындылары туралы болды. Съезге әлемнің 40 елінен келген делегация қатысты. Онда алғаш рет жастар және әйелдер мәселелеріне байланысты секциялар жұмыс істеді. Көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Ал өткен IV Съезде Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша Діндер көшбасшыларының кеңесі құрылған болатын. Бұл жөнінде Қайрат Мәми қысқаша тоқталып өтті. Хатшылықтың алдына қойылған міндеттердің барлығы жүзеге асты, деді Хатшылық басшысы.
Бұдан кейін Хатшылық мүшелері сөз алып, мәселеге қатысты ойларын ортаға салды. Алғашқы болып сөз алған Египет вакуфтер министрлігінің өкілі, “Нұр” қазақегипет ислам университетінің ректоры Махмұд Фахми Хиджазидің айтуынша, “Нұр” университеті Қазақстан мен Египет елдері ынтымақтастығының нағыз үлгісі болып келеді. Исламда үнқатысудың барлық қағидаттары көрсетілген. “Египетте отбасылық кеңес бар. Ол ислам мен христиан діндерін ұстанатындар арасында ынтымақты нығайту үшін қажет”, – деді М.Хиджази.
Үнді мәдениеті мұғалімдерін дайындау жөніндегі ұйымның директоры Кала Дханаджей Ачария ханым төртінші съездің қорытындысына байланысты ұсыныс білдіруді жөн санады. “Мынадай бір мәселені ұсынғым келіп отыр, – деді ол. – Егер съездерде сөз сөйлейтін спикерлер қандай да бір мәселе бойынша баяндамалар жасайтын болса, ол әлем жұртшылығына жетуі қажет деп ойлаймын. Сондықтан материалдар қолжетімді болуы тиіс. Олардан, әсіресе, жастар тыс қалмауы қажет”.
Ресейдің еуропалық бөлігі мұсылмандары рухани басқармасының төрағасы, Ресей мүфтилер кеңесінің басшысы Равиль Гайнутдин өз сөзін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі әлемдік діндер мен өркениеттер арасын жалғастыратын бірегей жиын екендігіне арнады. “Осыдан он жыл бұрын аса мәртебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада алғаш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті, – деді Равиль Гайнутдин. – Осы кезең ішінде съезд өзінің дінаралық келісімді нығайтуда тиімді екенін көрсетті. Мәдениеттер мен өркениеттер арасында мызғымас байланыс орната алатындығын дәлелдеді. Бұл шындығында да діндер мен өркениеттер арасын жалғап, аузы дуалы рухани көсемдердің басын қосып отырған алаң болып табылады. Ресей мүфтилері кеңесінің атынан қазақстандықтарды осынау мерейтойымен құттықтағым келеді”.
Хатшылық отырысында оған төрағалық етуші Қайрат Мәми Хатшылықтың халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы жайында қысқаша ақпарат берген соң, өзара пікір алмасу әрі қарай жалғасты, ұсыныстар да айтылды. Мысалы, Қазақстандағы Евангелие-лютеран шіркеуінің епископы Юрий Новогородов Бүкіләлемдік лютерандық федерациясы қазақстандық тараптың және діндер жиынын жоғары бағалап отырғанын жеткізді. “Біздің ойымызша, съездер аралығындағы жұмыстарды нығайту арқылы идеяларды кеңейтуге, алда тұрған мақсат-мүдделерді жүзеге асыруға зор мүмкіндік туады, – деді ол. – Бірақ бұл міндеттердің барлығын Қазақстан тарапына жүктей берген дұрыс емес. Сондықтан әрқайсымыз өзімізге тиісті мәселелерді алып, қажетті шараларды өзіміз жүргізуіміз керек. Бұған мүмкіндіктер бар”.
Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы шейх Гаджи Пашазаде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қаржылық қорын құруды ұсынды. Оның пікірінше, өміршең ұсыныстар айтылып жатыр. Олар мақұлдануда, ал қаржы мәселесі назардан тыс қалып отыр. “Қаржылық қор құру қажет сияқты, – деді ол осы мәселе жөнінде. – Сол қордың қаржысымен жиындар өткізіп, қажетті кітаптар басып шығаруға болар еді. Өйткені, әрбір ұсыныста қаржылық негіз болуы тиіс және мәселелерді шешуде ауыртпалық барлығына бірдей жүктелуі қажет”.
Ал қасиетті Мария Римкатолик архиепархиясының архиепископы Томаш Пэта жастарды толеранттылыққа тәрбиелейтін оқулықтар шығару жөнінде ұсыныс білдірді. “Бұдан бір күн бұрын біз “Егемен Қазақстан” газетінде 2003-2013 жылдары аралығында дінаралық және конфессияаралық ынтымақтастыққа қатысты жарияланған мақалалар, сұхбаттар, сараптамалар бойынша құрастырылған “Дінтұтқа” атты танымдық кітаптың тұсаукесеріне қатысқан едік, – деді архиепископ. – Одан көпшілік діндер туралы көп мағлұмат, түсінік алады. Толеранттылыққа үндейтін осындай кітаптар, әсіресе, жастарға аса қажет. Соны ойластырған жөн болар еді”.
Съезд Хатшылығы отырысының қорытындысында қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныстардың барлығы ескеріле келіп, соған сәйкес бірқатар шешімдер қабылданды. Онымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, Хатшылық басшысының орынбасары Рәпіл Жошыбаев таныстырды. Сөйтіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезін өткізудің нақты мерзімі мен орны 2014 жылдың 17-18 қыркүйегінде Астанада өтетін Съезд Хатшылығының XIII отырысында бекітілетін болады.
БҰЛ ӨРКЕНИЕТТЕР ҮНҚАТЫСУЫНА ҚОСЫЛҒАН ҮЛКЕН ҮЛЕС
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының XII отырысы “Өркениеттер үнқатысуындағы Астанадінаралық форумының рөлі” тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.
Конференцияны Сауд Арабиясының Ислам істері жөніндегі министрлер конференциясының бас хатшысы Мажид Абдулазиз ат-Түрки ашып, жүргізіп отырды. Ол осы конференцияны ұйымдастырушыларға алғысын білдіре келе, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің маңызына тоқталып өтті. Конференция барысында: “Бұл конференцияға ашықтық, төзімділік, сүйіспеншілік, барлық діндерге құрмет көрсету, өзара сенім секілді ізгілікті қағидаттар өзек болуда. Мұндай ауқымды шаралар өткізілген кезде біз қатты қуанамыз. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін өткізу туралы бастама осы елде, Қазақстанда көтерілгені белгілі. Бұл мемлекетте түрлі діндер мен түрлі ұлт өкілдері бейбіт қатар өмір сүруде. Осы арқылы Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп отыр. Бұл үлгіні бүкіл әлемнің елдері қабылдап, осы жолды ұстануы керек деп ойлаймын”, деген ат-Түрки сөзді Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевқа берді.
Бағлан Асаубайұлы өз кезегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келелі жиынға қатысушыларға арнаған құттықтауын оқып берді (Елбасының құттықтауы газеттің 1-бетінде жарияланып отыр).
Келесі кезекте сөз берілген Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Қайрат Мәми конференция жұмысы маңызды тақырыпқа – Астаналық дінаралық саммиттің тарихи рөлі мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өркениеттер үнқатысуына қосқан үлкен үлесіне арналып отырғанын жеткізді. “Сонау 2003 жылы бұрын тәжірибеде болмаған, зерделенбеген мәселе бүгінде ұйымдасқан және қалыптасқан іске айналды. Әлемнің әр жерінен келіп, съезде басы қосылған әлемдік және дәстүрлі діндердің жүздеген беделді өкілдері, саясаткерлер, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері Қазақстан жеріндегі съездің әлеуеті мен болашағына сенеді. Міне, бүгін олар сондағы айтылған бастамалардың іске асқанының, жемісті нәтиже беріп отырғанының тірі куәлары болып табылады”, деді Қайрат Мәми.
Астана дінаралық форумы өзінің қалыптасу жолының белгілі бір кезеңінен өтті, деп жалғады сөзін Хатшылық басшысы. Бүгінде халықаралық қоғамдастық пен жетекші діндер Астана Съезінің маңыздылығын толық мойындап отыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің шешімдерін іске асыру мақсатында, Қазақстанның бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясы 2010 жылды “Мәдениеттер жақындасуының халықаралық жылы” деп жариялағанын білесіздер. Ал былтырғы жылы Бас Ассамблея 2013-2022 жылдарды Мәдениеттер жақындасуының онжылдығы деп жария етті. Жуырда Астанада осы онжылдықтың тұсаукесері болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Съезд құрметіне Бейбітшілік және келісім сарайы салынды, онда біздің съездер мен басқа да ірі халықаралық іс-шаралар өтіп тұрады. Көріп отырғанымыздай, Астананың өсуі мен өркендеуі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қалыптасуына да ықпал етті.
Конференция аясында түрлі дін өкілдері де сөз алып, өз ой-пайымдарымен бөлісті. Мәселен, Кавказдың мұсылмандар басқармасының төрағасы Шейхуль-ислам Аллахшукюр Пашазаде: “Елдің дінаралық үнқатысуды дамытуға қосқан үлесі Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін тағы да арттырғаны даусыз. Әлемде туындаған этносаралық және конфессияаралық жанжалдар аясында бұл бірегей тәжірибе жаһандық деңгейде сұранысқа ие болды, ал Астана қаласы әлемнің діни көшбасшыларының үнқатысу алаңына айналды. Әлемдік қоғамдастықты алаңдатқан соңғы уақыттардағы оқиғалар Жаратқанның қалауындағы мақсаттар жолында бірлесе күш жұмсауды талап етеді”, деді.
Франция митрополиті Эммануил Адамакис: “Мұндай үнқатысулар – түсінбеушіліктерді болдырмаудың қажетті алғышарты. Нағыз үнқатысу дегеніміз ол барлық жағдайда да басқалардың еркіне және пікіріне бағыну деген сөз емес. Десек те, біз егер бұлайша үнқатыспасақ, бір-бірімізді қалайша біле, түсіне аламыз? Себебі, үнқатысу түрлі дін өкілдерінің сеніміне құрметпен қарайды, ішкі жанайқайына құлақ түреді, ақыл-ойды дамытады, мүмкіндіктерге жол ашады”, деген ойын жеткізді.
Иран Ислам Республикасының Исламдық байланыстар және мәдениет жөніндегі ұйымының төрағасы, Иран жүргізетін дінаралық саясат жөніндегі жоғарғы кеңестің президенті Махаммед Багер Хорамшад: “Құдайдың діндер арасындағы үнқатысуға шақыруы діни ілімдерде, атап айтқанда, ислам дінінде берілген, ал адамның көпжылдық тәжірибесі адамзатты құтқару үшін осы әдістің тиімділігін дәлелдеді. Үнқатысу – адамның ұзақ жылдардағы соғыс тарихы мен шексіз шиеленістерден кейінгі қол жеткізген мұраты”, деген ойын жеткізді.
Ал конференция аясындағы сөзінде Ватикандағы Дінаралық келісім бойынша Папа кеңесінің төрағасы Жан-Луи Торан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін өткізу туралы бастамасы үшін алғысын білдіре келе: “Үнқатысу – таңдау емес. Ол – қажеттілік. Үн-қатысусыз, әсіресе, дінге сенушілердің арасындағы үнқатысусыз әлемде бейбітшілік болмайды. Демек, бүкіл әлемдегі дін көшбасшыларының осындай жиындардағы жақсы идеялары бейбітшілікке үндейді”, деді.
ӘЛЕМДІК ДІНДЕР – ПАРАСАТ ҚОЙМАСЫ
Конференцияның түстен кейінгі жұмысы бірнеше тақырыптарды қамтыған секцияларда ұласты. Олардың алғашқысы “Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің тарихи әлеуеті” деген мәселеге арналды.
Модератор “Сомайя Видьявихар” президенті Самир Шантилал Сомайя мінберге алғашқы болып көтерілуге Еуропа Кеңесінің бұрынғы Бас хатшысы, Өркениеттер үнқатысуы дүниежүзілік қоғамдық форумының үйлестіру комитетінің төрағасы Вальтер Швиммерді шақырды. Өкінішке қарай, адамдар бізді біріктіретін ортақ істерге емес, бөлшектеуге апаратын айырмашылықтарға қарап, соған мән береді, деді шешен өз сөзінде. Ал оларды сондай адасулардан арылтатын рухани тіннің тазалығы. Қарулы қақтығыстар мен өзге де зорлықтар да, өз дінінің негізгі қағидаттарын бұзатын лаңкестер де өздерінің қанқұйлы әрекеттеріне хақ діннен қолдау да, дәлел де таба алмайды. Ал Астана бастауымен осыдан 10 жыл бұрын өткен Съездің ғұмыры бір жылдық болған жоқ. Жалпы, әлемнің Қазақстанның халқы мен діндер арасындағы, мәдениеттер арасындағы достастығынан сабақ алуына бола ма? Иә, мен бұған сенімдімін. Бұл арадағы Қазақстан жетістіктері аса зор әсер қалдырады. Ал мұның барлығы осы елдің ядролық қарудан өз еркімен бас тартуынан басталды, деген австриялық мейманнан соң ортаға Египет Араб Республикасының бұрынғы жоғары мүфтиі Мохамед Абдельяхаб Әли Жұмаа, Үндістандағы “Акшарам” орталығының директоры Джайотиндра Мукундай Даве, Ұлыбритания мұсылмандар кеңесі Бас хатшысының көмекшісі, Еуропа Дін көшбасшылары кеңесінің мүшесі Ибраһим Мохра, Иран Ислам Республикасының Білім және философия кеңесінің төрағасы Абдолхосейн Хосрупанах, Марокко Корольдігінің ИСЕСКО Бас директоры кеңесшісінің сарапшысы Абделқадыр әл-Идриси, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан Маямеров шығып, әрқайсысы әлемдік діндер арасындағы үнқатысуды жүзеге асырудағы Съездің тарихи әлеуетіне қатысты өз ойларын ортаға салды.
Адамзаттың өмірі имандылыққа, ізгілік пен ізеттілікке негізделмесе, сол қоғамда қасіретті жағдайлар орын алатыны баршаға аян. Қатыгездік, өшпенділік, алауыздық ешкімді жақсылыққа жетелеген емес. Ендеше, Жаратушы Иенің бізге берген шексіз нығметтерінің бірі – бейбіт заманымыздың қадірін сезініп, бағалай білу. Өйткені, бейбітшілік – біздің бақытымыз бен баға жетпес байлығымыз, деген дін өкілдері бір үстелдің басына отырып, әр діннің құндылығына құрметпен қарауға үндейтін Астана дін форумының маңызына баса мән берді.
Еліміздің Бас мүфтиі өз сөзінде: “Кез келген адам дінде бүлік тудырып, осы әрекеті арқылы халықтардың бірлігі мен ынтымағына сызат түсірсе, ол түптің түбінде өзі себепкер болған дау-дамайға, жанжалға бетпе-бет келетінін сезінуі қажет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде әркімге ниет еткен нәрсесі берілетінін, яғни адам баласы не тапса да, ниетінен табатынын ескерткен”, дей келіп, діни жанжал жағдайларында дін қайраткерлерінің агрессиялық сезімге жол бермей, байыптылық пен байсалдылық, даналық пен сабырлылық танытуының қоғам үшін аса қажеттілігін баса айтты.
Мүфти айтқандай, діннің діттегені – бүлік емес, бірлік. Ешбір дәстүрлі дін адамдар арасында алауыздық отын тұтатпайды, адам баласының екінші біреуге зорлық-зомбылық жасауын қаламайды, егер бола қалса, оны айыптайды. Көктен түскен қасиетті кітаптардың біреуінде де айуандық пен қатыгездік, зорлық пен қантөгіс уағыздалған емес. Қайта, адамгершілік, мейірім, ізгілік пен имандылықтың адамзатты алға жетелейтіні айтылады емес пе?!
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қатысушылары оның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Қазақстанның пікір алмасуға және ортақ көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік бергені ризашылықпен аталды. Соңынан қорытынды құжат қабылданды.
“Егемен Қазақстанның”
тілшілер тобы.
(“Егемен Қазақстан”,
2013 жылғы 26 қыркүйек).