«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИЕТ және ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ мерейлене түскен күн

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қыркүйек айының соңғы жексенбісі – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Осы кәсіби мереке Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында салтанатты жағдайда атап өтілді.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов:

– Бүгінгі таңда мәдениет саласында 564 ұйым, онда 2 мыңнан астам адам қызмет етеді. Өңіріміз мәдени кеңістігінің әртүрлілігімен мақтана алады. Биылғы жылы өнер ұжымдары Ресей, Голландия, Украина, Тәжікстан, Италия қалаларында өткен байқауларда бақ сынап, лауреат атанды. Мәдениет пен өнердің міндеті – халықтың дүниетанымын қалыптастыру. Алдағы уақытта өңірімізде өнердің дами беретіндігіне кәміл сенемін, – деп, облыс әкімі Самат Ескендіровтің атынан мәдениет және өнер қызметкерлерін құттықтады.

Бұл күні мәдениет саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін “Сладка ягодка” орыс әндері халық ансамблінің музыкалық жетекшісі Сергей Снурницын, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімінің әлеуметтік салалар жөніндегі орынбасары Алтыншаш Тайшабаева және облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Наталья Пульникова облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Өңір жетекшісінің Алғыс хатын иеленген мәдениет қызметкерлері де болды. Кәсіби мерекеде Мәдениет және ақпарат министрлігінің “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісі де тапсырылды. Елдің мәдениетін дамытудағы ұзақ жылғы еңбегі үшін облыстық филармонияның Сегіз сері атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің әртісі Шайтас Айтбаева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының көпшілік бөлімінің жетекшісі Ирина Корнилова, облыстық филармонияның солист-вокалисі Дәмеш Құрманкина, облыстық қуыршақ театрының актері Сапар Мәпенов, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қойылымдық бөлімінің жетекшісі Михаил Покрас осы марапатқа лайық деп табылды.

Іс-шара мерекелік концертпен жалғасын тапты. Жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін көрсетті. Сахнаға алғашқы болып “Қарлығаш” үлгілі би ансамблі (жетекшісі Галина Жумалиева) мен “Қуанамын” халық би студиясының (жетекшісі Алина Ушакова) кішкентай бишілері шықты. Сосын “Серілер” вокалды тобы мен “Дружные ребята” үлгілі би ансамблі (жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Расима Сучкова) өнер көрсетті. Салтанатқа арнайы шақырылған “Гүлдер” ансамблінің әртісі Бахтияр Тайлақбаев қазақ және шетел әндерінен сусындатты.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp