Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі биыл 15884 гектар алқапқа дәнді дақылдар өсірген болатын, оның 13833 гектары – бидай. Ауа райының қолайлы сәтін ұтымды пайдалана отырып, ұйымшылдықпен еңбек еткен серіктестік дәнді дақылдар жинау науқанын сәтті аяқтап шықты.
– Агроқұрылым бойынша гектар берекелілігі 16,2 центнерден айналды. Биыл да біздің бөлімше алдыңғы қатардан көрініп отыр. Әр гектардан 19 центнерден өнім алдық. Алдыңғы қатарлы озаттарымыз Ерсайын Ғабдуллин – 18561, Ағыбай Шорманбаев 13546 центнер астық жинады. Заманауи техникалардың “құлағын” ұстаған механизаторларымыз орақ науқанында 350 мыңнан 600 мың теңгеге дейін еңбекақы тапты. Серіктестігіміз – тұқым шаруашылығы ғой. Сондықтан қажетті мөлшерде тұқым құйып алдық. Астығымыздың барлығы 3-ші сыныпты. Осының барлығына мемлекетіміздің жан-жақты қолдауы мен агроқұрылым еңбеккерлерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара ұйымшылдықпен қимылдағанының арқасында қол жеткізіп отырмыз, – деді телефон арқылы хабарласқанымызда серіктестіктің Бексейіт ауылындағы бөлімшесінің басқарушысы, “Отан” орденінің иегері Арыстан Жүнісов.