«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ КӨШТІ ҚАРСЫ АЛҒАН ҚҰШАҚ ЖАЙЫП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

1992 жылдың сәуірінде облыстық Жұмыспен қамту басқармасының құрамында өңірлік көші-қон бөлімі ұйымдастырылғаны, оның бірінші басшысы болып Базарбек Қалиевтің тағайындалғаны егде қауым өкілдерінің есінде. Базарбек Қабдөшұлы осы салада 2006 жылға дейін еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Ол жұмыс істеген жылдары облысқа бір жарым мың отбасы, орта есеппен бес мың тұрғын көшірілген.

Он төрт жыл көші-қон саясатының жүргізілуіне өзіндік үлес қосқан Базарбек Қалиевке жолығып, өткен күндердің белестерін еске алдырған кезде ол сол кезеңнің қиыншылықтарын емес, бұл шараның тарихи және саяси маңыздылығын тебірене жеткізді. Елбасының бастамасымен қолға алынған осынау үлкен бағдарламаға атсалысқаны үшін өзін бақытты сезінетінін айтты.

Әрине, бұл мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жолында көптеген қиындық болғаны белгілі. Сонау 1992 жылы көші-қон мәселесін көтеріп, оны жүйелі жүргізуді қолға алған кезде еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайы аса қуантарлық емес еді. Ендеше сол жылдары осы шаруаның басықасында жүрген қызметкерлердің қандай ауыртпалықты еңсергендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан өмір бойы елі үшін, туған жері үшін, сенген саясаты үшін адал да қажырлы еңбек ете білетін, үлкен өмір мектебі мен саяси біліктіліктің қазанында қайнаған Базарбек Қабдөшұлы сынды ағалар бұл қызметті абыройлы атқара алды.

– Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Президентіміздің шақыруына үн қосқан, дүниежүзінің қырық елінде тарыдай бытырап жүрген қазақ бауырларымызды атажұртқа орналастыру жұмысы игілікті шара болды. Алғаш құрылған бөлім құрамында үш қызметкер болдық. Біздің өңірге 1992 жылдың күзінде Моңғолия елінен 93 отбасыны, яғни 1500 адамды көшіріп әкелдік. Бұл бірінші рейс болатын. Олардың барлығы Тимирязев ауданындағы “Белоградов” кеңшарына қоныстанды. Отандастарымызды құшақ жая қарсы алған облыс, аудан әкімдіктері мен кеңшар директоры Игібай Шалов болды. Оралмандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін онда үй құрылысы жанданып, қысқа қарай келгендердің бәрі жаңа үйлерге кіргізілді. Сол кездегі облыс басшысы Владимир Гартманның осы мәселені шешу үшін күш-жігерін аянбай жұмсағандығын айта өткен жөн. Апта сайын облыстық басқармалардың бастықтары сол кеңшарға жиналып, орын алған проблемаларды шешу мақсатында бас қосты. Оралмандарға баспанамен қатар бір-бір сиыр, 5-6 қой, отын-көмірі, азық-түлік және тұрмыстық заттар берілді, – деген ол сол кездегі жұмыс бабында болған қиындықтарды күле еске алды.

Моңғолия елінде тұрған қазақтардың біздің қоғамның өмір салтына үйреніп кетуі оңай болмаған. Тіпті, өзге елде малды көп ұстап, еттен таршылық көрмеген олар алдарына салып берген бір-екі бас малды көбейтудің орнына кемітіп алған кездері де болған. Ал көкөніс өсіріп, бау-бақша ұстау Баянөлгей қазақтарына, тіпті, жат екен. Осындай өмір түйткілдері оралман бауырларды тығырыққа тіреп, қиналтқан күндер бүгінде тарихи белес болып қалды.

– Олар біздің орысшаланып кеткен тілімізді түсінбей, әжептәуір қиналды. Сондай-ақ олардың сөйлеу диалектісі де өзгеше еді. Жылдам сөйлейтін оларды кейде біз түсінбей қалатын едік. Бірақ елім деп, ата-бабамның кіндік қаны тамған жері деп келген соң олар барлық қиындықтарға көндігіп, бүгінде егемен еліміздің тұғырын биіктетуге елеулі үлес қосып жүр, – деді оларға жанашыр азамат.

Базарбек Қабдөшұлының айтуынша, Тимирязев ауданына көшіп келген бауырларға жасалып жатқан жақсы жағдайды естіген басқалары осы елді мекенге қарай ағылады. Бірақ мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржылай қолдаумен жүзеге асырылатын шараның мұндай жоспарсыз әрекеттермен сәтсіздікке ұшырауы заңды еді. Жалғыз кеңшардың оған мүмкіндігі жетпейді. Сондықтан ол қандастарымыздың жолдары болмай, кейін қайтуларына тура келген. Осылайша 135 отбасы ренішті болып қалыпты.

– Қандас бауырларды шетелдерден атажұртына жеткізу үшін өзіміз бардық. Бірінші рет Баянөлгейге “КамАЗ” көлігімен 6 тәулік жүріп жеттік. Қай қазақтың болсын қанына біткен қонақжайлылық бар ғой. Моңғолияға барған кезде әр шаңырақ қонақ қылып, бір қойын сойып тастап, күтті. Олар жаз бойы қырдағы жайлауда, қыста қыстауда тұрып, қазақтың көшпелі салтын сақтаған. Осының бәрі маған ұнамды көрінді. Жалпы, басқа елде тұрып келген қандастарымыздың үлгі аларлық тұстары мол. Бүгінде олар қоғамымызға өз жақсылықтарымен сіңісіп кетті, – дейді Базарбек Қалиев.

Атажұртқа қоныс аударғандарға қай өңірге барамын десе де ерік берілді, ал олардың көбі біздің өңірді таңдапты. Оралмандарды жайлы елді мекендерге орнықтыру көші-қонмен айналысатын мекемелердің міндетіне жүктелді. Сондағы әдейілеп барып, көшіріп әкелген көптеген адамдар Базарбек Қалиевті көшеде көре қалса, құрақ ұша амандасып жататынын, ал қайсыбірімен жақын адамдарша араласып кеткендігін оның зайыбы Роза Хамитқызы жеткізді. Осыдан үш жыл бұрын болған жол апатынан кейін денсаулығы нашарлап қалған зайыбының жағдайын жасап, оны балаша мәпелеп, асты-үстіне түсіп отырған Базарбек Қабдөшұлының отбасында да жанашыр, мейірімді жан екендігін аңғарып, разы болдық.

Базарбек аға әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің құрметті профессоры Қабдөш Қалиевтен көп өнеге алып өскенін мақтанышпен жеткізді. Өмір бойы ғылымның соңында, ұрпақ тәрбиесімен жүрген әкесінен ол отбасын қадірлеуді, адамгершілік пен жауапкершілікті, еңбекқорлық пен кішіпейілділікті, айтқан сөзге бекем болуды бала кезден үйренген. “Әкем 90-шы жылдары облыстық “Қазақ тілі” қоғамында істеді, ал мен сол кезде зауытта едім. Мен де жұмыс істеп жүрген жерімде қазақ тілін қолдап, өзімше тілімізге жанашырлық таныттым. Онда 100 адам еңбек етсе, соның 10-ы ғана қазақ болатын. Ұлтжандылық деген ұлы сезім ғой”, – деп тілге деген жанашырлығын да байқатты.

Бүгінде жетпіс жасқа келген Базарбек аға – адал жар, жақсы әке, туыстарына жанашыр бауыр. Қыздары Жанна мен Анжела да өз отбасысын құрып, ата-аналарын сүйіндіріп отыр. 45 жыл отасқан ерлі-зайыптылар балаларының, жиендерінің жолын тосып, олар келген кезде өздерін ерекше бақытты сезініп, өмір сүруде. Бұл, әрине, отбасылық бақытты өз қолымен жасай білген Базарбек ағаның зор еңбегі болар.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp