«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫ ҰМЫТПАЙДЫ ҚЫЗЫЛЖАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қилы заманда үш жүздің басын қосып, ынтымағы жарасқан ел қылған ұлы Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына орай 28 қыркүйекте “Құлагер” ипподромында атжарыс өткізілді.

Қошан ҚАЛИ.

“Солтүстік Қазақстан”.

Салтанатты облыс әкімі Самат Ескендіров ашып, жиналған қауымға құттықтау сөз арнады. Өңір басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Халықтың ұйытқысы болған Абылай ханның ерліктері қазақ рухын қайта түлетудің бір алтын діңгегіне айналды”, – деп ұлы Абылайдың ел тарихындағы орнын ерекше атап көрсеткеніне тоқталды. Заманында жауға “Абылайлап” қарсы шыққан Әбілмансұр Орта жүздің сұлтаны атанып, қазақ даласындағы ең беделді әміршіге айналды. Ол көреген саяси қайраткер бола отырып, жоңғарлармен аса ауыр соғыстардан елдің есін жиғызу үшін дипломатиялық жолдарды тиімді пайдаланған. Тарихи жазбалар мен жыр-дастандардағы деректер Абылайдың атақты қолбасшы, хас батыр, парасатты елші болғанын айғақтайды.

– Абылайдай қайталанбас ірі тұлғаны құрметтеп, оны тәуелсіз елдің жастарына үлгі-өнеге ету – біздің парызымыз. Бүгінгі күні осы мақсатта егемен еліміздің түкпір-түкпірінде айшықты шаралар өткізіліп, ұлы тұлғаның есімі дәріптелуде. Соның бір айғағы – бүгінгі біздің өңірімізде өткізілгелі жатқан атжарыс. “Ат – ер қанаты” демекші, елін, жерін жаудан қорғаған батырларымыздың жан серігі астындағы аты болған. Қазақтың ұлттық және спорттық ойындарының да өзіндік тарихы, даму жолдары, қалыптасу кезеңдері бар. Еңселі еліміз үшін саламатты өмір салтын насихаттауда спорттың ұлттық түрлері ерекше орын алады. Бүгін ұлы бабамыздың рухына бағышталған тұлпарлар додасы көпшіліктің лайықты бағасын алады деген үміт білдіремін, – деді Самат Сапарбекұлы.

Ұлттық атжарыс құнан бәйгемен басталды. 1-орынды Астана қаласының, 2-орынды – Мамлют және үшінші орынды Аққайың аудандарының сәйгүліктері жеңіп алды.

Жорға жарыс та тартысты өтті. Алдына жан салмаған макинкалық шабандоз мәреге бірінші болып жетті. Үшінші кезектегі жарысқа 3 жасқа дейінгі желіс аттары шығып, Есіл ауданы жеңімпаз атанды. 3 жастан асқан жылқылар қойылған атжарыста мәреге алдыңғы болып Қызылжар ауданының сәйгүлігі жетті.

Жұртшылық дегбірсіздене күткен аламан бәйгенің қашықтығы 15 шақырым болып белгіленді. Бұл жолы да Астана қаласының тұлпары алдына ат салмады. 2-, 3-ші орындарды сәйкес түрде Айыртау және Ақжар аудандарының өкілдері иемденді. Жеңімпаздар тиісінше ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Атап кетерлігі сол, атжарыс басталмас бұрын Абылай ханның өміріне қатысты театрландырылған көрініс қойылды. Сондай-ақ жиналғандарға концерттік бағдарлама ұсынылды.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp