«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АВТОБУСТАҒЫ КЕЗДЕЙСОҚ КЕЗДЕСУ өмірімді түбегейлі өзгертті”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отандық кино өнерінің дамуына өз үлесін қосқан жерлестеріміз аз емес. Олардың ішінде кинорежиссерлер Аяған Шәжімбаев, Шәріп Бейсембаев, киноактерлер Күнсұлу Шаяхметова, Самал Еслямова және басқалар бар. Бұл тізімді өңір тұрғындарына есімі онша белгілі емес Қайрат Махметов толықтырады. Мамандығы бойынша агроном ол қазақ кино өнерін шетелде танымал еткен екі бірдей фильмде басты кейіпкерді сомдады. Соның бірі Локарнодағы Халықаралық кинофестивальда 1992 жылы “Күміс қабыланды”, Страсбургтегі кинофестивальда Гран при және өзге де кино байқауларда жүлделі орын алған режиссер Дәрежан Өмірбаевтың “Қайрат” (1991 ж.) және 2006 жылы түсірілген “Махаббат жайында” фильмдерінде басты рөлдерде ойнады. Қазіргі таңда Алматы қаласында тұратын әуесқой киноактермен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Қайрат, өзіңіз жайлы білгіміз келеді.

– Мен Шал ақын ауданындағы Крещенка деген ауылда дүниеге келдім. Мектепті бітірген соң Алматы қаласына барып, оқуға түстім. Содан бері осы қалада тұрып келемін. Жеке кәсіпкермін.  

– Мамандығыңыз өнерден алыстау екен. Киноға қалай келдіңіз?

– 90-шы жылдардың басында Алматыға келіп жоғары оқу орнына түсуге талаптанып жүрген кезім болатын. Мамандығым бойынша агроном болғандықтан, достарым, жақындарым, таныстарымның барлығы осы саланың адамдары еді. Қалай дегенмен, бала кезімнен әдебиетті сүйіп оқып, барлық балалар сияқты кино көруді жақсы көрдім. Бірақ өмірімде киноға түсу деген үш ұйықтасам, түсіме де кірмепті.

Емтихан тапсырып жүрген кезім. Бірде автобуста келе жатқанымда маған бейтаныс ұзын бойлы ер адам жақындады да “Фильмге түскің келе ме?” – деп сұрақ қойды. Мен бастапқыда әлгі адамның сөзін қалжың деп ойладым да, мән бермедім. Бірақ ол адам қойған сұрағын тағы бір мәрте қайталап, өзін таныстырды. Ол қазір есімі әлемге танымал режиссер Дәрежан Өмірбаев екен. Кинорежиссер ол кезде Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық кинематография институтын тамамдап келген. “Шілде” атты қысқаметражды фильм түсірген, елге есімі енді таныла бастаған кезі болатын. Режиссердің ұсынысын қабыл алдым. Сол мезеттен менің өміріме кино өнері нықтап еніп, өнерге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті.

– Кино атауы Сіздің өз есіміңіздей екен. Тіпті, фильмнің сюжетінде Сізден “Қайдан келдің?” деп сұрағанда, Сіз “Петропавлдан” деп жауап бересіз. Мұның барлығы әдейі ойластырылған ба?

– Бұл – сәйкестік. Режиссер киноның сценарийін қолыма ұстатқанда мен сомдайтын кейіпкердің менімен ұқсастығы барын байқадым. Ең қызығы, фильмнің сценарийі бойынша да фильм “Қайрат” деп аталған, ондағы кейіпкер – Петропавл қаласының тумасы. Сценарийдегі кейіпкермен ұқсастықтарымның болғанына режиссердің өзі таңғалған болатын. Мұны сәйкестік демей не дейсің?!

– Фильмге түсу оңай болмаған шығар?

– Кино көруді ұнатсам да, оны қалай түсіреді деп қызыққаныммен, бұл үрдісті түбегейлі зерттеп көргенім жоқ. Фильмге түсу туралы ұсыныс түскен соң бірден кино туралы мәлімет жинап, оны қалай түсіретіндігін, кинодағы актерлердің ойыны қандай болуы керек деген сұрақтарға жауап іздей бастадым. Режиссер ұстазымдай болып, бұл саланы тез арада меңгеріп алуыма өз септігін тигізді.

– Кинематографистер одағының мүшесі, “Тарлан” тәуелсіз сыйлығының лауреаты, өнерге сіңірген еңбегі үшін Францияның кавалер орденінің иегері, әлемде “Еуропалық режиссер” есімімен белгілі Дәрежан Өмірбаев – отандық кино тарихында 90-шы жылдары пайда болған “жаңа толқын” бағытының өкілі. Киносыншылар оның фильмдері өзге кинотуындыларға қарағанда, актерлердің ойынымен, операторлық тәсілдің өзгешелігімен, сондай-ақ фильм сценарийінің өзі көптеген кино туындыларға қарағанда, айрықша деген пікірде. Олар “Жаңа толқынмен” қазақ экранына жаңа кейіпкер келді деп, оған дәлел ретінде режиссер Серік Апрымовтың “Қияң” (1989 ж.), “Ақсуат” (1997 ж.), режиссер Болат Қалымбетовтың Арал теңізі тақырыбына түсірген “Айналайын” (1991 ж.) және Сіз басты рөлді сомдаған “Қайрат” фильмдерінің кейіпкерлерін салыстыра суреттейді. Қазақ экранына келген “жаңа кейіпкердің” рөлін сомдаған актер ретінде танымал болуыңыз Сіздің бүкіл өміріңізді өзгерткен болар?

– “Жаңа толқын” өкілінің фильмінде мендей әуесқой актерге түсу оңай емес. Бұл бағыт өкілдерінің фильмдеріндегі айырмашылық актерлік ойын мен, әрине, киноның мазмұны болып табылады. Өтпелі кезеңдерде пайда болған бұл бағыт еліміздің сол кездегі “тоқырау” мен “дағдарыстың” бейнесін суреттеуге тырысты. Елде болып жатқан мәселелерді ашық айтпаса да, оқиға мен кейіпкерлер арқылы жан дүниені суреттеді. Дәрежан Өмірбаевтың шығармашылығын өзге отандық режиссерлердікімен салыстыруға келмейді. Оның режиссерлік қолтаңбасын, тіпті, шетелдік киносүйер қауымның өзі бірден таниды. Әсіресе, Францияда. Өзіңіз білесіз, кино өнер ретінде Франция елінде пайда болды. Көптеген өнердің отаны саналатын Франция ғана қазіргі таңда Голливуд туындыларымен бақталастыққа түсе алады. Бір сөзбен айтқанда, кино өндірістің алпауыт елі саналатын Францияның белгілі режиссерлері Дәрежан Өмірбаевтың шығармашылығын 90-шы жылдардың өзінде мойындап, оны жаңа заманның режиссері деп таныды. Тіпті, Франция елінің кино өнеріндегі “жаңа толқын” бағытының негізін қалаған, көптеген фильмдердің режиссері Жан-Люк Годар Дәрежан Өмірбаевтың шығармашылығымен танысқан соң: “Енді өлсем арманым жоқ. Кино өнер ретінде өмір сүреді”, – деген екен БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Әсіресе, француздықтар “Қайрат” фильмін ерекше ықыласпен қарсы алды. Францияда өткен кинофестивальдардың біріне мені шақырғандықтары да сондықтан болар. Бұл фильм режиссердің алғашқы толықметражды фильмі болып табылады. Мұнда ол шалғай ауылдан келген жас жігіттің қала өміріне үйрену үдерісін, бозбаланың ер жігітке айналу сәтін бейнеледі. Алғашқы махаббат. Жатақханадағы өмір. Тартыс. Бұл жағдайдың барлығы әр жас жігіттің басынан өтеді. Және бұл рөлге менің жасым, бет әлпетім, әлеуметтік жағдайым дәл келді. Бір сөзбен айтқанда, фильмдегі Қайратпен менің ұқсастықтарым көп болды. Фильмді көрген болсаңыз, кейіпкерлер көп сұхбаттаспайды. Сөйлемдері қысқа әрі нұсқа. Сондықтан мәтін жаттауда еш қиындық туындамады. Әрі актерлік ойын Станиславскийдің тәсілін қажет етпеді. Кәдімгі өмірде қалай болсам, экранда да барынша солай болуға тырыстым. Себебі, режиссердің қойған міндеті шынайылық болатын.

– Фильмді экраннан көрген кезде қандай сезімде болдыңыз?

– Сезімім екіұдай болды. Фильм сценарийін оқу бір басқа, оған түсу бір басқа, ал экранда тамашалау бір басқа екен. Бастапқыда фильм не жайында екендігін ұғына алмай-ақ қойдым. Тіпті, жан дүнием алай-дүлей болып, мазасыз күй кештім. Голливудтық атыс-шабыс фильмдеріне көз үйреніп қалған көрермен авторлық кинотуындыны бірден қабылдай алмайды. Оны мен өз тәжірибемнен түйдім. Сосын фильмді бірнеше мәрте тағы көріп шықтым. Сонда ғана қазіргі заманда кинотеатрлар мен телеарналарды жаулап алған шетелдік фильмдердің нағыз киноөнермен еш байланысы жоқ екендігіне көзім жетті. Қазіргі таңда мағыналы, философиялық терең астары бар фильмдерді ғана көремін.

– Араға 16 жыл салып, 2006 жылы Сіз дәл осы режиссердің орыс жазушысы Антон Чеховтың “Махаббат жайында” әңгімесінің желісі бойынша түсірілген фильмінде басты рөлді сомдадыңыз. Киноға қайта түсемін деп ойламаған боларсыз?

– Ойлағаным жоқ. Бірақ үміттендім. Себебі, “Қайрат” фильмінің түсірілімі аяқталған соң Дәрежан Өмірбаев: “Мен сені тағы бір фильміме түсіремін”, – деп айтқан болатын. Жасыратын несі бар, мен сол уақытты күттім. Себебі, кино әлеміне бір кірген адам одан оңайлықпен шыға алмайды. Мен де кәсіби киноактер болмасам да, бұл өнерді жақсы көріп кеттім. Сондықтан да, Дәрежан тағы бір фильміне шақырғанда қуана түстім. Тіпті, сол үшін 12 кг. салмақ кемітіп те үлгердім.

– Бұл фильмде де Сіз сомдаған кейіпкердің есімі – Қайрат. Бұл да сәйкестік пе?

– Ол жайында ойламаппын. Сәйкестік болар. Жалпы Дәрежан Өмірбаев – бір фильмінде түсірген актерлерді өзге туындыларына түсіруді құптамайтын режиссер. Десе де, Чехов әңгімесінің бұл кейіпкеріне менің типажым дөп келді. Әрі режиссердің жұмыс істеу тәсілі маған таныс болғандықтан, бұл фильмде рөлді сомдау маған ондай қиын болмады. Қайта өзімді бұл ортада суда жүзген балықтай еркін сезіндім.

– Көрермендердің көбі бұл фильмдер жайында оқыса да, көрмеген болар деп ойлаймын. Мұның себебі неде?

– Бұл фильмдер үйреншікті шетел фильмдерінен ерекше болғандықтан, танымал емес деп ойлаймын. Кинотеатрларда бұрындары отандық фильмдерді мүлдем көрсетпейтін. Ал қазіргі таңда көпшілік арасында қазақ топырағында туып-өскен режиссерлердің фильмдері сұранысқа ие бола бастады. Сондықтан Дәрежан Өмірбаев сынды режиссерлердің туындылары болашақта өз көрермендерін табады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp