«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КУРСТАРҒА КӨҢІЛІМІЗ ТОЛДЫ, бірақ айтар тілегіміз де бар…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңа оқу жылы қарсаңында бір топ бастауыш сынып мұғалімдері “Өрлеу” біліктілікті арттыру “ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалының біліктілік курстарынан өттік. Ондағы тыңдаған дәрістеріміз “Жаңаша білім беру жағдайында инновациялық технологиялар” тақырыбына арналды.  

Бізге дәріс оқыған оқытушылардың берген сабақтарының тағылымы мол болды. Әсіресе, 12 жылдық оқыту жүйесінің әдістемелік негіздері туралы дәріс берген оқытушымыз Ақмарал Ілиясованың сабақтары өте қызықты өтті. Біз оқытушымен бірлесіп, 12 жылдық оқыту жүйесінің тиімді-тиімсіз жақтарын талқыладық. Қорытындысында оның тиімді жақтары көп болып шықты. Осы білім беру жүйесіне арналған оқулықта тақырыптар балалардың жас ерекшеліктеріне сай іріктеліп алынған және оқушылардың қабылдауына жеңіл екен. Балалардың жүйкесіне тимейтін, қарапайым тілде жазылған. Қарапайым тілде жазылса да, балаларды қызықтыратын, логикалық ойлауға арналған ойындары көп. Сабақта алған білімдерін өмірде қолдана алатындай етіп жазылған.

Білім берудегі инновациялық технологияларды сабақтарда қолдану, электрондық оқулықтарды пайдалану тәсілдерін де осы курс барысында меңгердік. Электрондық оқулықтардың да балалардың дамуына әсері мол екеніне көз жеткізіп, электрондық күнделіктерді тәжірибеге енгізу, оларды қалай пайдалану керектігі жөнінде молынан ақпарат алдық.  

Бастауыш мектеп жасындағы балалардың психологиялық ерекшеліктері, қиын балалармен жұмыс істеу түрлері, балалардың мінез-құлқына қарай жіктелуі жайлы өзімізге пайдалы көптеген кеңес алдық. Мәселен, холерик пен сангвиникті немесе холерик пен меланхоликті бір партаға отырғызуға бола ма, болмаса неліктен, деген сияқты психологиялық тұрғыдағы сабақтар да өте ұнады. Сангвиникті холерикпен отырғызған дұрыс, өйткені холерик қызуқанды, шапшаң қимылдайтын, тез ойлайтын бала болса, сангвиник – әр сөзін байыптап сөйлейтін, салмақты балалар. Бұл мінездері екі түрлі сипаттағы балалар бір-бірімен үйлесім тапса, холерик пен меланхоликті бірге отырғызуға мүлде болмайды, себебі, жай да баяу, тұйық, ұяң баланы холериктер басып тастайды. Меланхолик балаларды ойынға көп тарту керек. Сабақ арасындағы сергіту сәттерін де тиімді пайдаланып, ойын элементтерін енгізіп отырған жөн. Сонымен қатар, қазір балалар өте дамыған. Оларды көшбасшы болуға үйрету керектігі жөнінде көп кеңес берілді.

“Сын тұрғысынан ойлауды дамыту” технологиясын пайдаланудың тиімділігі, оқушыларды зерттеу әрекеттеріне баулудың ғылыми-әдістемелік негізі, ата-аналармен шығармашылық жұмыс түрлері жайлы берілген дәрістер курсқа қатысушылардың көңілінен шықты. Қазіргі күні көпшілік мұғалімдер сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясын қолданып жүр. Дәрістен біз балаларды топтарға бөліп, өздігінен жұмыс жасатуға үйрету, топтарға бөлудің өзіндік түрлі тәсілдері жайлы тереңірек білдік. Нашар оқитын баланы баса бермей, оған сенім білдіру керек. Сонда олар басқа жолдастарынан қалмауға, сабақты жақсы айтуға тырысады.

Оқытушылар дәріс оқып қана қоймай, бізді оқушы рөліне қойып, тапсырмалар беріп, соларды орындатты. Курс барысында өз-өзіңді түзеу жолдары, жүйкені тыныштандыру амалдары түрлі тәсілдерді пайдалана отырып өткізілді. Жұмыс күнінен кейін немесе сабақ арасындағы үзілістерде өзіңді-өзің демалдыру, жүйкені тыныштандыру өте маңызды екені айтылып, тренинг сабақтар көрсетілді. Осы білген-түйгендерімді енді өз сабақтарымда қолдануға тырысып жүрмін. Кейбір балаларда “қазір мұғалім менен сұрап қалады” деген сияқты қорқыныш сезімі болады. Сондай сезімдердің алдын алуға мектеп бағдарламасына енгізілген “Өзін-өзі тану” пәнінің пайдасы мол. Бастауыш сынып оқушыларын тіл мәдениетіне тәрбиелеу туралы алған тәліміміз де алдағы жұмысымызға пайдалы деген ойдамын.

Шынын айтсақ, бұл оқуларда біз өзіміз де көпжылдық тәжірибемізге қарамастан, көпшілік жағдайларға дайын емес екенімізді сездік. Сондықтан оқушыларымызбен бірге үйреніп жүрміз десек, артық айтқандық емес. Жаңаша оқыту бағдарламасы аясында оқылған дәрістердің барлығы біздің алдағы жұмысымызға қажет. Жан-жақтан жиналған әріптестерімнің атынан бізге дәріс берген оқытушыларымыз: Ғалия Баязитова, Қайша Еленбаева, Ақмарал Ілиясова, Гүлмира Нұрсейітова, тағы басқаларына алғысымызды білдіремін.

Сонымен қатар болашақта ескерілсе деген тілегіміз де бар. Сабақтар таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін болды. Түскі үзілісте болмаса, бос уақыт мүлде жоқ. Ауылдан, басқа мектептерден жиналған мұғалімдермен тәжірибе алмасуға уақыт бөлінбеген. Алдағы уақытта дәрістермен шектелмей, осы жағына да көңіл бөлінсе деген ойымыз бар.

Еркегүл ХАСЕНОВА,

Петропавл қалалық классикалық гимназияның

бастауыш сынып мұғалімі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp