«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰҒАЛІМДЕР МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУГЕ арналған онкүндік басталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Білім басқармасы мен оның жанындағы Әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы бірлесіп қазан айының бірінші жексенбісінде аталып өтілетін “Мұғалімдер күніне” арналған онкүндік аясындағы шаралар жоспарын бекітті. 24 қыркүйекте Петропавл қаласы мен өңіріміздің барлық елді мекендеріндегі мектептерде “Мұғаліммен бірге өмірге қадам жасаймыз” атты онкүндік басталды.  

– Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі мұғалім мәртебесін көтеруді көздейді. Қазіргі заман жағдайында педагогтердің рөлі сапалық жағынан өзгеру үстінде. Осыған орай елімізде мұғалімдердің біліктіліктерін арттыру ұлттық орталықтары, Назарбаев Зияткерлік мектептері жанынан педагогикалық шеберлік орталықтары (өңірлерде оның филиалдары) құрылуда. Оларда мұғалімдер әлемдік тәжірибеге негізделген жаңа бағдарламалар бойынша дайындықтан өтеді. Бұл курстардың басты мақсаты – дәстүрлі педагогикалық көзқарастан алшақтап, жаңа пішімде жұмыс істей алатын, оқу пәндерін жаңаша әдістемемен жүргізетін мұғалімдерді даярлау. Бүгінгі күні облысымызда жаңа бағдарлама бойынша оқытудан 762 педагог өтті, – деді облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожина.

Күлпаш Әміржанқызының айтуынша, мұғалімдердің мәртебесін көтеру және шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаздарды көтермелеу мақсатында 2012 жылдан бастап ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген ережелерге сәйкес облыста “Үздік педагог” байқауы өткізіле бастады. Ал “Мұғаліммен бірге өмірге қадам жасаймыз” онкүндігі барысында облысымыздың барлық мектептерінде жас мамандар мен тәлімгер мұғалімдерге арналған жарыстар, байқаулар, дебаттар, педагогтердің жұмыс кезеңін суреттейтін фото-конкурстар, ұстаздар әулеттеріне арналған “дөңгелек үстелдер”, пән мұғалімдерінің шеберлік сыныптары, балалардың шығармашылығы фестивальдары, мектепте өзін-өзі басқару іскерлік ойындары, т.б. қамтылады.

– Қыркүйектің 24-інен бері Петропавл қаласындағы №№1,4 мектептерде жас мұғалімдер мен болашақ түлектер арасында “Осызаманғы мұғалім – бұл…” деген тақырыпта “дөңгелек үстел” ұйымдастырылып, онда жас ұстаздар мен оқушылар осызамандағы ұстаз туралы ойларымен бөлісіп, тілектерін білдірді. №2 орта мектепте жас және тәжірибелі мұғалімдер педагогикалық шеберліктерін көрсетті. Олар “Мен және менің мамандығым” тақырыбында дайындаған үй тапсырмаларын да ортаға салды. Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің ұстаздары арасында ұжымды ұйымшылдандыра түсуге бағытталған психологиялық тренинг, №9 орта мектепте жас мұғалімдерге арналған шеберлік сыныбы өтті, – дейді облыстық Білім басқармасы жанындағы Әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры Гүлнәр Арықбаева.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp