«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТБАСЫ және ОТБАСЫЛЫҚ ТӘРБИЕ туралы білім бізге қажет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі тәрбие берудің ауқымы кең, талабы жоғары. Соған орай отбасыға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Астана қаласында өткен психология пәні педагогтерінің курсында осы тақырып кеңінен қамтылды. Курсты тамамдаған ұстаздарға “Отбасылық тәрбие жөніндегі психолог-кеңесші” деген қосымша мамандық берілді.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Астана қаласындағы Отбасылық тәрбие институты педагог-психологтерді отбасылық тәрбие саласында қайта даярлау және мамандығын жетілдіру жөніндегі республикалық жобаны жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінен “Отбасылық тәрбие жөніндегі психолог-кеңесші” мамандығы бойынша білім алуға ниет білдірген тыңдаушылардың тізімі жинақталуда.

Курс барысында отбасында ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілік, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік үлкен мәселеге айналып отырғандығы сөз етілді. Өкінішке қарай, бүгінде барлық отбасы өз баласының тәрбиесі үшін жауап беруге дайын емес. Ата-аналардың педагогикалық және психологиялық мәдениетін дамытуға, балалардың жас ерекшелігіне қарай даму заңдылықтары туралы білімдерін көтеруге, олармен дұрыс қарым-қатынас жасауға және әр отбасыда жайлы ахуал қалыптастыруға кеңес беруге мектеп психологтері көмектесе алады.

Оқу курсының бағдарламасы теориялық және тәжірибелік бөлімдерден тұрды. Курс барысында біз теориялық сабақтарды меңгеріп, тәжірибелік сабақтарға қатыстық. Сауалнамалар, ойындар, арттерапия, ертегі терапиясы, фототерапия әдістемелерін меңгердік. Институттың профессорлық-педагогикалық құрамында психология, педагогика, философия саласындағы белгілі ресейлік және қазақстандық ғалымдар болды.

Алда тағы төрт сессиямыз бар. Институтта білім алу барысында зерттеу жұмыстарына қатысамыз. Рефераттар, эсселер, курстық және аттестаттау жұмыстарын жазамыз. Отбасылық тәрбиелеу, отбасылық педагогика және психология бойынша ашық сабақтар-тренингтер өткіземіз.

Отбасылық тәрбие институтының мақсаты – жас ұрпақ бойына сіңген ізеттілік – дөрекілікке, қайырымдылық – қатыгездікке, адалдық арамдыққа айналмауын көздейді. Бұл – ұрпақ алдындағы ұлы міндет.

Ақсәулеш ОРАЗБАЕВА,

қазақ мектеп-гимназиясының психологі,

Отбасылық тәрбие институтының тыңдаушысы.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp