«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕДАГОГТЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ жаңа пішімі жайында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстандық білім беруді, бері салғанда оның мектепке дейінгі, мектеп және кәсіби білім беру деңгейлерін жүйелі жаңғырту педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың жаңа пішімін талап етеді.
Бүгінгі күні “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыспен танысу үшін мекеменің директоры Алма Мырзалинованы әңгімеге тартқан едік.

– Алма Жәкімқызы, бүгінгі таңда еліміз бойынша педагогтердің біліктіліктерін арттыру “Өрлеу” филиалдарына жүктелген. Бұл қалай іске асырылуда?

– Біліктілікті арттыру құрылымына жаңаша көзқарас жаңартылған жүйеде педагогтердің мінсіз қызмет атқаруынан басталады. Облыс орталықтарында құрылған педагогтердің біліктіліктерін арттыру филиалдары: педагог кадрлардың қосымша білім беру жүйесіндегі білім беру қызметінің сапасына бірыңғай талапты; мазмұны, ұйымдастыру әдісі және түрі жағынан әртүрлі, бірақ қай өңірде болса да бірдей жоғары сапалы курстық дайындыққа педагогтердің тең қолжетімділігін; ұлттық деңгейдегі курстық дайындықтың сапасын басқаруды мониторинг жүйесінің көмегімен қамтамасыз етеді. Біліктілік жүйесіндегі мониторинг белгілеу, түзету және болжау қызметтерін жүргізуге мүмкіндік беретін инновациялық технологиялар арқылы жүзеге асады. Онымен филиалдардағы мониторинг және талдау бөлімдері айналысады. Еліміздің филиалдарының бірі ретінде СҚО бойынша ПҚБАИ педагогтерге қосымша білім берудің жаңа талаптарын басшылыққа алып, көлемді жұмыс атқаруда.  

– Кәсіптік-техникалық білім беру саласының қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыру қандай деңгейде?

– Кәсіптік-техникалық білім берудің мазмұны мен құрылымын қоғамның және экономиканың индустриялық-инновациялық дамуына, әлемдік білім беру кеңістігіне шоғырлану сұраныстарына сәйкес жаңарту көзделіп отыр. Осыған орай кәсіптік-техникалық білім беру (КТББ) педагогтері мен шеберлері де біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Біздің біліктілікті арттыру институтында үстіміздегі жылдың соңына дейін қосымша 7 курс өткізу көзделген, бұл тағы да 297 қосымша білім беру педагогтері мен шеберлерін дайындықтан өткізуге мүмкіндік береді. Бұл – КТББ педагогі мен шеберінің әрбір төртіншісі біліктілігін арттырады деген сөз.

– Біліктілікті арттырудың жаңа бағыттары жайлы айтып берсеңіз.

– Біліктілікті арттыру бірнеше бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыт – ол үшінші (базалық) деңгейлік Кембридж университетінің білім беру институты мен “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ бірлесе әзірлеген бағдарламалар бойынша сырттай және қашықтықтан оқыту әдістері үйлестірілген үш айлық курстарда мұғалімдерді даярлайды. Оның негізіне британдық біліктілікті арттыру жүйесі алынған. Біздің біліктілікті арттыру институтында жаңа формат бойынша 5 ауысымда дайындық жүзеге асырылды. Институттың деңгейлік бағдарлама орталығында 2012-2013 жылдары барлығы 644 мұғалім сертификатталды. Олар 311 білім беру ұйымында жұмыс істейді және мектеп тәжірибесін жаңа сапалық деңгейге ауыстыруда негізгі тірек болады. Осылайша бүгінде облыстың барлық аудандары мен Петропавл қаласында мұғалімдердің таяудағы және болашақтағы кәсіби даму аумағын қалыптастырдық, олардың бір-бірімен қарым-қатынасы мектеп тәжірибесін жақсартуға қабілетті.

Біліктілікті арттырудағы екінші жаңа бағыт – функционалдық-құзыреттілік тәсілді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін курстық дайындық бағдарламасын модульдік құруға көшіру болып табылады. Онда БАИ оқытушыларының бар мүмкіндіктері: дәрістер, тәжірибелік сабақтар, мұғалімдердің өзіндік жұмыстары мен олар бойынша есебі, конференциялар модульдер бойынша нормативтік-құқықтық, мазмұндық, басқарушылық, технологиялық болып топтастырылады.

2013 жылдың қыркүйегінен біліктілікті арттыруды деңгейлік және қысқамерзімдік дамытудың үшінші бағыты басталады. Курстан кейінгі кезеңде педагогті кәсіби дамытуға жетекшілік ету бағдарламасын біз өзіміз дайындадық. Онда ПҚБАИ – мұғалім – әдістемелік кабинеттің арақатынасы айқындаушы маңызға ие. Бағдарламаның курстан кейінгі және курсаралық кезеңде табысты жүзеге асуы үшін мұғалімнің үздіксіз дамуының білім беру ортасын қалыптастыру қажет. Бұл жерде ПҚБАИ мен мұғалімнің арасын байланыстыратын аудан, қаланың әдістемелік кабинеттері. Осыған байланысты біліктілікті арттырудың төртінші бағытын ұсынамыз. Ол үшін кафедраның аға оқытушысы О.Черепанова екеуіміз аудандық және қалалық әдістемелік кабинеттердің меңгерушілері мен мамандарына арналған авторлық бағдарлама әзірледік. Сондай-ақ педагогтің үздіксіз өзін-өзі дамытуына оның инновациялық әрекеті және жұмыс істейтін білім беру ұйымының эксперименталдық қызметі ықпал етеді. Осыған байланысты педагог кадрлардың біліктіліктерін арттыруды дамытудың бесінші бағыты белгіленді. Ол – Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының білім беру ұйымдарының эксперименттік алаңқайларындағы жұмысқа ғылыми-әдістемелік жетекшілік ету.

– Деңгейлік курстарда дайындықтан өткен педагогтердің біліктілік сапасы қалай анықталады?

– Деңгейлік курстардағы дайындық сапасы біліктілік емтиханын тапсыру нәтижесімен анықталады. Оны тапсыру технологиясы сырттай бақылау талаптарына сәйкес бейнекамералармен жабдықталған аудиторияларда жүргізіледі. Үстіміздегі жылдың 4 тамызы күні біліктілік емтиханы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ұсынған аудиториясында нұсқау талаптарын бұлжытпай орындай отырып, екі ауысымда өткізілді. Үшінші (базалық) деңгейлік біліктілік емтиханын (1-ауысымда) тапсыру кезінде солтүстікқазақстандық ұстаздар республикада 97,1%-бен бірінші орынға шықса, 2-ауысымда 92,4%-бен Ақмола облысынан кейін екінші сатыдан көрінді. Әртүрлі себептермен облыс бойынша 14 мұғалім біліктілік сынынан өте алмады. Педагогтердің деңгейлік біліктіліктерін арттыруға мемлекеттік көзқарас біліктілік емтиханын тапсыра алмаудың мүмкін себептерінің әрбір жағдайын талдауға мәжбүрлейді. Онда әр ауданнан қатысушы мұғалімдердің саны, біліктілік емтиханын тапсыра алмағандар саны (соның ішінде %-тік қатынасы), педагогикалық өтілі, басқа да себептеріне талдау жүргізілді. Тапсыра алмау себептері әртүрлі: еңбек өтілінің жетіспеушілігі, теориялық және әдістемелік базаның әлсіздігі, емтихан тапсыру кезінде сырттай жоғары оқу орнында оқып жүруі, тілдік кедергі, курстағы әрекетке бейімделу деңгейінің төмендігі, тағы басқалар.

– Біліктілік емтихандарын тапсыра алмай қалудың алдын алу жолдары бар ма?

– СҚО ПҚБАИ-дің академиялық бөлімі мамандары мен деңгейлік бағдарламалар орталығының оқытушы-жаттықтырушыларының жүргізген талдауларына сүйене отырып, мектептер, аудандық, қалалық білім бөлімдеріне деңгейлік курстарға мұғалімдерді іріктеуді педагог кадрлардың біліктіліктерін арттыруды ұйымдастыру жөніндегі нұсқауға сәйкес жүргізу ұсынылды. Әсіресе, біздің мұғалімдердің ең осал тұстары: жаңа білім беру технологияларын, оқыту тілін, ақпараттық коммуникациялық технологияларды нашар меңгерулеріне баса назар аударып, тәжірибелерінің жетіспеушілігін, кәсіптік өзін-өзі дамытуға уәжінің төмендігін ескеру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттерінің әдіскерлері жаңа пішімдегі деңгейлік курстар жөнінде мұғалімдер арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, оларды мұндай курстарда оқу кезінде нәтижеге қол жеткізуге психологиялық, пәндік-әдістемелік дайындықтарын қалыптастырып, бағыттаулары қажет. СҚО бойынша ПҚБАИ деңгейлік курстарда оқуға педагогтердің дайындығын анықтау үшін сауалнама жүргізеді. Деңгейлік курстарда оқыту сапасы мониторингінің қорытындысы бойынша институт сайтына ақпарат орналастырып, ғылыми кеңестің отырысында талдау жасайды. Әр ауданға бөлінген мамандар сертификатталған мұғалімдердің қызмет сапасын бақылайды және уақтылы көмек көрсетеді. Мұғалімдер деңгейлік курстарда алған білімдерін өз мектептерінде шығармашылықпен қолдана отырып, білім беру жағдайын жақсарту жолдарын іздестіреді, функционалдық сауаттылықтарын қалыптастырады.

– Мұғалім мамандығының мәртебесін көтеру және оқыту сапасын арттыру жөніндегі алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Әдістемелік кабинеттер қызметкерлері үшін мамандандырылған курстық дайындық өзекті болып табылады. Аудандарда үшайлық курстардың және желілік қауымдастықтарды ұйымдастыру жұмысына жауапты әдіскерлердің арнайы ставкасы жоқ. Әдіскерлер мектеп педагогтеріне кәсіби жайлылықты қамтамасыз ету үшін олардың өздері басқарушылық, ғылыми-әдістемелік, зерттеушілік, мониторингтік қызметтердің жаңа технологияларын меңгерулері керек. Сондықтан аудандық әдіскерлердің деңгейлік біліктіліктерін арттыру мақсатында курстардан басқа қашықтықтан оқыту, сынақтан өту, студиядағы жұмыс, көшпелі кешендік әдістемелік көмектер көрсетіледі. Әдістемелік қызметтің маңыздылығын арттыру мақсатында республикалық “Жыл әдіскері” конкурсын (30-31.10.2013 ж.) өткізу белгіленген.

Педагог кадрлардың біліктіліктерін арттырудың алтыншы бағыты ұстаздар еңбегін материалдық ынталандыру болып табылады. Осыған орай 2013 жылдың соңына дейін “Өрлеу” БАҰО АҚ тарапынан қаржыландыру есебінен сыйақылар тігіп, ынталандыратын бірқатар конкурстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Олар: қазақ тілі мұғалімдерінің “Жүзден жүйрік” облыстық байқауы (20.11.2013 ж. 544 000 теңге сыйақы), облыстық инновациялық жобалар фестиваль-жәрмеңкесі (02.12.2013 ж. 1 280 000 теңге) және Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (05.12.2013 ж. 630 000 теңге).

– “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалының бір жылдығы аясында қандай шаралар ұйымдастырылды?

– Алғашқы шара қазақ мектеп-гимназиясында өткізілген облыстық әдістемелік шеберхана болды. Оны деңгейлік курстарды бітіріп, біліктілік емтихандарынан өткен, сертификаттар алған ұстаздарға арнадық. Шеберхананың жұмысына жаңа пішімдегі 250-ден астам педагог қатысып, 70-тен астам шеберлік-сыныптарын тамашалады. Мұндай облыстық деңгейдегі әдістемелік шеберханаларды бұдан былай үзбей өткізетін боламыз және оған қатысушыларды аудандық әдістемелік шеберханалардан іріктейміз. Осылайша жыл бойы жүздеген сертификатталған мұғалімдер өздерінің шеберлік-сыныптарын көрсетеді, олардың инновациялық тәжірибесімен мыңдаған мұғалім танысады.

Петропавл қаласы және аудандардың әдістемелік кабинеттерінің меңгерушілері мен мамандары үшін өткізілген халықаралық семинар да бір жылдығымызға арналды. Онда қазақстандық және ресейлік әріптестер екі жақтың ересектерді оқыту пішімі жөнінде пікір алмасты, білім беру ұйымдарында инновацияға жетекшілік ететін технологиялардың тиімділігі туралы ұсыныстарды жүйелендіру, кәсіби білімдерін кеңейту бойынша ойларымен бөлісті.

25 қыркүйек күні ПҚБАИ бастамасымен оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырудың ұлттық жоспарын жүзеге асыруға арналған республикалық вебинар өтті. Ол бойынша айтылған ұсыныстарды білім беру тәжірибесінде пайдалану оқушылардың оқу және одан тыс салаларда шығармашылық-қолданбалы өнерде, жүйелік-қызметтік және пәндік жетістіктерге жетулеріне функционалдық сауаттылығын көтеруге әсер етеді.

“Өрлеуліктер – кәсібилер командасы” атты жәрмеңке-тұсаукесер және флешмоб шаралары барысында біз өзіміздің кәсіби қосымша білім беру ісіне берілгендігімізді, ынтымақтастығымызды, өз дәстүрімізді мұғалімдерге, студенттерге, оқушыларға көрсете білдік. Өрлеуліктердің мұғалімдермен шығармашылық ынтымағы білім берудің жаңа философиялық идеясын балабақшаларда, мектептерде, лицейлер мен колледждерде жүзеге асыруға көмектеседі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp