«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РОБОТТАРДЫ ҚҰРАСТЫРУ Петропавл қалалық классикалық гимназияда қолға алынды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы қалалық классикалық гимназияда “Робот техникасын құрастырушы” үйірмесі жұмыс істей бастады. Оған қатысушы 6 оқушы қазан айында Астанада өтетін “ЭКСПО – 2017” балалар көзімен” атты көрмеге өздерінің алғашқы құрастырған “Піл роботтарын” апармақшы. 

Робот техникасын құрастыру саласы дүниежүзінде жақсы дамыған. Алдыңғы қатарлы елдерде, тіпті, мектепте сабақ ретінде өтеді. Қазақстанда бұл енді-енді қолға алынып, қосымша білім беру сабағы ретінде жүргізіледі. Оның өзінде еліміздегі Семей, Орал, Тараз қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ғана енгізіліп жатыр.

Робот техникасын құрастыру үйірмесі балалардың инженер, техник, информатик сияқты заман сұранысына ие мамандықтарға қызығушылығын арттырады. Робот техникасын құрастыру арқылы оқушылардың қиялдарын ұштап, ойларына алғандарын жүзеге асыруды көздеген ұстаз Данияр Уәлиев үйірмені ашпас бұрын көп ізденген.

– Бұл үйірмені ашу үшін Интернеттен біраз мәлімет жинадым. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы робот техникасын құрастырумен айналысатын алдыңғы қатарлы ұстаздарымен Интернет, телефон арқылы байланысып, ақыл-кеңес алып, ақпарат жинап, тәжірибе алмастым. Сосын Қазақстанда айналысатындар бар ма екен деген оймен өз елімізден іздестірдім. Сонда бізде тек Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ғана бар екенін білдім. Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазына Интернет арқылы шығып, одан да ақпарат, нұсқаулық алдым. “Lega” компаниясында білім беру саласына арналып жасалған бір роботтың толық жиынтығының бағасы 1000 доллар тұрады. Үйірмені бастау үшін осындай робот керек болды. Бірақ оны алуға қаражат болмағандықтан, демеуші іздеп, ашпаған есігім қалмады. Ақыры “Интегро-Север” компаниясының басшысы Руслан Шарипов көмек көрсетті. Сол қайырымды азаматтың берген қаржысына Мәскеуден тапсырыспен 2 робот алдырдым, – дейді үйірме жетекшісі, информатика және физика пәндерінің мұғалімі Данияр Уәлиев.  

Ұстаз гимназияның 8-9-сыныптарында оқитын оқушылар арасынан осы салаға икемі бар 6 бала жинаған. Робот алған сайын оның санына қарай үйірмеге қатысатын бала саны да артып отыратын болады.

– Қазан айында Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша республикалық Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында “Мектеп табалдырығынан – ғылымға” атты ғылым мен техниканың халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумы өтеді. Оның аясында “ЭКСПО – 2017” балалар көзімен” деген тақырыпта көрме ұйымдастырылмақ. Соған бару үшін бағдарлама құрып, робот жасап, шәкірттерімді осы көрмеге дайындап жүрмін. Мақсатымыз – халықаралық деңгейдегі іс-шараға қатысу арқылы Қазақстандағы робот техникасын құрастырумен айналысып жүрген басқа да адамдармен танысу, тәжірибе алмасу, – дейді Данияр Серікұлы.

Оның айтуынша, барлығы қаражатқа тіреледі. Демеушілер табылып, оқушыларды үйрететін роботтар молырақ алынса, үйірмеге қатысатын балалар саны да артар еді. Бірақ демеуші табудың қиын екені де ұстаздың сөзінен аңғарылды.

– Қазіргі үйірмеге қатысып жүрген балалардың ата-аналарынан көмек болады деген үмітім бар. Бір баланың ата-анасы қаражат жағынан көмектесті, бірақ ол өзін құпия ұстауды өтінді. Сондықтан оның атын жария етпей отырмын. Жалпы робот техникасын құрастыру үйірмесінің балаларға берері көп. Үйірмені ашудағы мақсатым – шығармашылық мүмкіндігі бар дарынды балаларды анықтап, негізгі ғылымдарға деген қызығушылығын дамыту, алдағы кәсіби қызметте өз-өзін анықтауына, ізденушілік-зерттеушілік қабілеттерін дамытуға жол ашу. Оқушылардың патриоттық сезімін қалыптастырып, ғылыми-техникалық шығармашылық бойынша мемлекет жетістіктерін өз жетістіктері арқылы арттыруға құлшындыру. Бір сөзбен айтқанда: “Жанам деген жүрекке от берсем” деймін, – деді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp