«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮТІН ОТТАН ДА ҚАУІПТІ болуы мүмкін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен аптада өңірімізде 10-нан астам өрт орын алды. Зардап шеккендер бар. Тілсіз жау Шал ақын ауданының Сергеевка қаласындағы жекеменшік тұрғын үйдің бірінде 70 жастағы үй иесін мерт қылды. Оның 48 жастағы ұлы газдан уланып, ауруханаға жатқызылды. Көршілердің айтуынша, өрт шыққан үйдің тұрғындары күнде ішімдікке масайрап, темекі тартып, жұмыс істемеген. Сол қатерлі таңертеңде олар әдетінше мастықпен қатты ұйықтап жатқан. Егде тартқан әйел темекіні өшірмеген. Соның салдарынан алдымен диван, содан кейін еден отқа оранған. Терезелердің жақтауларынан түтін шығып жатқанын байқап қалған көршілер өртсөндірушілерді шақырған. №20 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері төтенше жағдай орын алған жерге келіп, үй иелерін тапқан мезетте оларды таза ауаға шығарған. Өкінішке қарай, олар әйелге көмектесе алмады. Ал ер адамның жағдайы қиын болғанымен, 3-інші кезектегі қарауылдың бастығы Ерболан Қайыржанов “Жедел жәрдем” келгенше уақытты зая кетірмей, зардап шеккенге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны аман алып қалды. Қазір ер адам ауруханада жатыр. Оның хал-жағдайы түзелді.

Петропавл қаласының Копай көшесінің бойында таңертең жер үйдің дәлізінде тұрған тоңазытқыштың сымынан өрт шыққан. Өрт дәліз бен шатырға жайылып, үйдің қабырғасына залал келтірген. Өрт орнынан қызметкерлер 2 газ баллонын шығарды. От 142 шаршы метрге жайылды. Өртсөндірушілер 2 сағат бойы тілсіз жаумен күресіп, ақыры жеңді.

Ал А.Шәжімбаев көшесінде тұратын петропавлдықтың үйінде өрт қауіпсіздігі ережесіне сай келмейтін пештен өрт шығып, үй құрылысын зақымдаған.

Солтүстікқазақстандықтардың қора-қопсылары жалынға орануын тоқтатқан жоқ. Мәселен, М.Жұмабаев ауданының Молодежное және Успенка, Тайыншаның Целинное ауылдары тұрғындарының пішен қоралары өртеніп, 7 тонна жемазық жоқ болды. Шөптің өрттенуіне қасақана от тастау мен тұрғындардың отпен ойнауы себеп болған.

Есіл ауданындағы Покровка ауылының маңында “Петропавл-Жезқазған” автожолында “Ауди-100” автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, жол таңбасының бағанасына соқтығысқан. Автокөлік өзінен-өзі жанып кетті.

Қызылжар ауданының Малое Белое елді мекенінде “Фармацея-Экомет К.З.” ЖШС-нің қоймасы мен гаражы өртке оранды. От гараж және қойманың шатырынан түк қалдырмады. Өрттің көлемі 212 шаршы метрді құрады. Өрттің шығуына анықталмаған адамдардың отты абайлап қолданбауы себеп болуы мүмкін деп болжам бар.

Өрт тұрғын үйлерде жиі орын алады. Олардың себептері белгілі: қаусаған коммуникация, тозығы жеткен электр желілері, пештер, темекіні арнайы орындарда тартпау және электр құрылғыларын қараусыз қалдыру. Өрт болған жағдайда бірден “101” немесе “112” телефон нөмірлері бойынша өрт сөндіру қызметін шақырған жөн. Егер өртті өздігіңізден сөндіре алмасаңыз, міндетті түрде үйден шығыңыз. Құжат пен қаражатыңызды алып, кіретін есіктен шыққан дұрыс. Түтінге оранған бөлмеден шығу үшін мұрныңыз бен аузыңызды жауып алыңыздар.

 СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp