«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРИЯЛАР БІР ҚУАНЫП ҚАЛҒАН КҮН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Арамызда жүрген соғыс және еңбек ардагерлері – заманның ең бір қиын кезеңдерін бастан кешіріп, талай ауыртпалыққа мойымай, еңсере білген жандар. Әр салада абыройлы еңбек еткен қариялар еліміздің дамуына елеулі үлес қосты. Олардың ерлігімен туған жердің бостандығы сақталды. Олардың қолымен бүгінгі шат өмірдің қазығы қағылды. Олардың ойымен жас буынның қабырғасы қатайды. Сондықтан еңбек және соғыс ардагерлері қашанда құрметке лайық. Әсіресе, Халықаралық қарттар күнінде олар зор құрметке бөленіп, өздерін бақытты сезінеді. Биыл бұл мерекені жылдағы дәстүрден өзгеше етуді жөн көрген облыс әкімі Самат Ескендіров өңіріміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ға барып, ондағы зейнеткерлік демалысқа шыққан және әлі қатардан қалмаған ардагерлерді құттықтады.

– Аға ұрпаққа қамқорлық – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының аса маңызды бағыттарының бірі. Елімізде зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер мөлшері жыл сайын көбейтілуде. Сіздер бүгінгі ұрпаққа өнеге аға буынсыздар! Сіздердің еңбектеріңізбен “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” талай сын сағатынан сүрінбей өтіп, бүгінде отандық машина жасау саласының флагманы қалпында қалып отыр. Жарты ғасырдан астам тарихы бар зауыттың болашағы айқын. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ойдағыдай орындалуы өңіріміздің өнеркәсіп саласын қарқынды дамытуға мүмкіндік беруде. Аталмыш зауыттың бүгінгі жетістігін 2010 жылмен салыстырғанда, ондағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі екі еседей өсіп, 5,5 миллиард теңгені құрады. Бұл баршаңыздың еңбегіңіз, – деді Самат Сапарбекұлы құттықтау сөзінде.

Осындай жылы тілектен кейін зауыттың қарт еңбеккерлері туралы шағын бейнетүсірілім көрсетілді. Бүгінде зауытта еңбек ететін 1184 адамның жүзге жуығы зейнеткер жасындағы жұмысшылар екен. Олар – осы өндіріс орнында кем дегенде ширек ғасыр еңбек етіп, зауыттың қалыптасу кезеңдерін өз қолдарымен жасағандар. Бүгінде олар жас мамандарға өнеге көрсетіп, еңбек жолдарын жалғастыруда. Солардың алтауына облыс әкімі Алғыс хатын табыс етті. Олар: токарь Мағамеджан Шаймергенов, кадр бөлімінің маманы Мустачат Самойлова, қалыптаушы Сапар Тасбаев, фрезерші Леонид Нестеренко, бақылаушы Валентина Чукшис және құжат жөніндегі инженер Нина Щербинина. Сондай-ақ 24 еңбек ардагерін акционерлік қоғам әкімшілігі арнайы сыйлықтармен марапаттады.

Осы салтанатты жиыннан соң Самат Ескендіров Петропавл қаласының үш қарт тұрғынының отбасысына барып, мерекелерімен құттықтады. Солардың бірі ерлізайыпты Мырзағұловтар болса, екіншісі – осы айдың 28 қазанында 100 жасқа толғалы отырған кейуана Клавдия Сухарева.

90 жастағы Қабен Мырзағұловтың Ресейдің Қорған облысынан көшіп келгеніне биыл 10 жыл. Ұлы Отан соғысының ардагері 1938 жылы көрші елге қоныс аударған екен. 63 жыл отасқан зайыбы Мариям әжей екеуінің бақытты шаңырағына ат басын тіреген өңір басшысы оларды мерекелерімен құттықтап, көңіл күйлерін сұрады. Барлығына разы қарттар бұл күнгі қонағына ақ батасын беріп, рақмет айтты. .

Клавдия Николаевна да облыс әкіміне өз өмірбаяны мен балалары туралы толғана айтты. 100 жасаған кейуана байланыс саласында телеграфшы болып талай жыл еңбек еткен. Ол жұбайымен 46 жыл бірге тұрғанын, бүгінде екі баласынан немере мен шөбере сүйіп отырғанын айтып, өмірде талай қиындық көрсе де, бақытты ғұмыр кешкенін жеткізді. Самат Сапарбекұлы қарияларға арнайы әкелген сыйлықтарын табыс етті.

Бұл күні облыс әкімінің жұмыс сапары келесі нысан – Петропавл қаласындағы “Астана” мейрамханасында жалғасты. Самат Ескендіров арнайы шақыртылған қариялармен дастарқан басында кездесіп, олармен бірге концерттік бағдарламаны тамашалады. Қонақтарды мерекелерімен құттықтаған облыс басшысы өзінің барша 90 мың солтүстікқазақстандық зейнеткерге арнаған жылы лебізінен кейін Ғаббас Сәдуақасовты – облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, ал Галина Котельникованы, Нэлли Иванованы , Диляра Хасанованы, Зинаида Бееваны Алғыс хатымен марапаттады. Барлық ардагерлерге ақшалай сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp