«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗГЕНІҢ МҮЛКІН ТОНАУМЕН КҮРЕС – әлі де өзекті мәселе

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дүйсенбі күні өңір жетекшісі Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыстық әкімдік жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу және оларға құқықбұзушылық жасауға бейім тұлғаларды тарту жөнінде баяндаған Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наталья Пульникованың айтуынша, өткен сегіз айда құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған 4 мыңнан астам шара өтіп, оларға 1 184 960 адам қатысқан. Облыс орталығындағы, аудандардағы кітапханаларда атқарылып жатқан шараларды жіпке тізгендей атап өткен Наталья Петровна туындаған мәселелерді де бүгіп қалмады. Кітапханада еңбек ететіндердің мардымсыз еңбекақысын, материалдық-техникалық базаны нығайтуға қаржы бөлінбейтіндігін, ауылдық кітапханалардың компьютермен мүлдем қамтылмағанын ашық айтты.

Облыстық наркологиялық орталықтың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Елена Смагинаның айтуынша, 2012-2013 оқу жылдарында аталмыш мекеменің наркологтары мен психологтері Петропавл қаласындағы мектептердің 9-11-сыныпта оқитын 1713 оқушысының арасында темекі, алкогольдік және есірткі заттарына тәуелділікті анықтау мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізген. Егер өткен оқу жылында облыс орталығындағы мектептердің 148 оқушысы тәуекел тобына жатқызылса, бүгінде бұл сан 111-ге дейін азайған көрінеді.  

Ал облыстық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Думан Таев облыс аумағында тіркелген жалпы қылмыстың 71 пайызы бөтеннің мүлкіне қол сұғу екенін атап өтті. Бұл санды жіліктесек, пәтерден, ауладан ұрлау – сәйкесінше 26,8 және 42,1, ұялы телефон, мал ұрлау 25,7 және 5,3 пайызды құрап отыр. Осы орайда департамент басшылығы ұрлықты, оның ішінде аулада тұрған мүлікті ұрлауды болдырмау үшін облыс орталығындағы ықшамаудандардың бірінде “Қауіпсіз аула” жобасын жүзеге асыруды көздеп отыр. Яғни, таңдап алынған 20-ықшамауданындағы тұрғын үйлердің ауласына Жедел жоспарлау басқармасына және “Қауіпсіз аула” типі бойынша полицияның учаскелік пункттеріне қосылатын бейнебақылау жүйесі орнатылмақшы. Ол үшін 121 миллион теңгеден астам қаржы керек. Бұл орайда облыс әкімі Самат Ескендіров қаржы мәселесі қаралатынын айтты.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp