«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАМЫЗДЫҢ ЖОЛЫН ҚУЫП, төртеуіміз де шәкірт тәрбиелеудеміз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп, дана Абай айтқандай, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған анамыз, зейнеткер ұстаз Зурәш Сейтенованың ізін қуып, біз, балалары, ұстаздық жолды таңдадық. Бүгіндері еліміздің әр түкпірінде төртеуіміз де мұғалім болып қызмет етеміз. 

1968 жылы орта мектепті тамамдаған анамыз арман қуып, Алматыдағы мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына математика мамандығы бойынша оқуға түседі. Ол Шал ақын ауданының Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Бала кезінен өзге құрбылары сияқты білім берген ұстаздары сынды мұғалім болып, оқушыларды тәрбиелегісі келіпті. Жоғары оқу орнын аяқтай салысымен Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылының мектебіне қызметке орналасады. Қазір ол орта мектеп Ғ.Малдыбаевтың атында.

Ардақты анамыз 1971 жылдан бері бір орында тапжылмастан еңбек етіп келеді. Зейнетке шықса да, өзінің таңдаған жолынан тайған емес. 41 жылдан бері шәкірттерге тәлім-тәрбие беріп, білім нәрінен сусындатып қана қоймай, өмір заңына да үйретіп келеді. Оның алдынан бір емес, бірнеше ұрпақ тәрбиеленіп шықты. Бүгіндері олардың әрқайсысы бір-бір мамандықтың иесі атанып, шаңырақ көтеріп, бала тәрбиелеп отыр.

Біз анамыздың оқушыларға деген ілтипатын көріп, ержеттік. Балаға тәлім үйретуден асқан ардақты іс жоқтай көрінетін. Бала кезімізде төртеуіміз ойнай қалсақ, біріміз қолға қалам мен қағаз алған оқушы бола қалатынбыз. Ал біреуіміз мұғалімнің кейпіне еніп, анамызға еліктеп, мұғалім болатынбыз. Ойын баласы біз сол кезде-ақ ойнап жүріп, келешегімізге бағдар түзегендей болдық. Адамның болашағы балалық шақта қалыптасады емес пе?! Мектеп табалдырығын аттаған уақытта мамандықты игеру сәті келген кезде еш ойланбастан, төртеуіміз де ұстаздық жолды таңдадық. Енді бала күніміздегідей балаларға ойнап емес, шынайы сабақ беріп, үлкен өмірге дайындаудамыз.

“Білім – өмір шырағы” дегенді анамыз жиі қайталап отырады. Шәкірттеріне де осы қағида бойынша білім беріп келеді. Оның тәрбиесін көрген біз де оқушыларымызға білімнің маңыздылығын әр сабақ сайын айтып, түсіндіруге тырысамыз. Білім беру жүйесі өзгеріске ұшырап жатқанымен, негізгі міндет сақталған. Ол – балаларды үлкен өмірге бейімдеп, заманға сай мамандықтың иесі болуға талпындыру. Өмірде ақылшы ана, қызметімізде тәжірибелі әріптес бола білген анамыздың ізін қуғандардың алғашқысы – отбасымыздың тұңғышы Гүлшат Амантайқызы Теміртау қаласында тұрады. Ол – қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Ұлы Данияр Амантайұлы – Тимирязево ауылында дене шынықтыру пәнінің ұстазы. Оның жұбайы да сол мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ағамыздың соңынан ерген екі қарындасы, мен және Гүлнұр Петропавл қаласындағы қалалық классикалық гимназияда қызмет етіп келеміз. Сіңлім Гүлнәр қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істесе, мен бастауыш сыныптың мұғалімімін. Жұмысымызға жауапты болуды үйреткен анамыз ұстаз жұмысының жемісі шәкіртінен байқалады дейді. Шәкірт неғұрлым білімге құштар болып, өмірде бір жетістікке жете алса, ол, біріншіден, ата-ананың мерейі, екіншіден, көреген ұстаздың еңбегі. Себебі, өзге мамандықтарға қарағанда, болашақ ұрпаққа өмірде бағыт-бағдар көрсететін дәл осы ұстаз. Осы қағиданы бойымызға тоқи білген біздер әрдайым анамыздың өсиетін орындауға талпынып келеміз.

Анамыздың еңбек жолы бүгінгі таңда 41 жылды құрап отыр. Төрт баласы – біздің мұғалімдік жалпы еңбек өтіліміз 45 жылды құрайды. Бүгінгі таңға дейін ұстаздық әулетіміздің қызметі 85 жылмен өлшенеді. Бүгіндері әрбіреуіміздің отбасымыз бар. Ертеңгі күні балаларымыздың ортасынан әжесінің жолын қуған немерелері шығып жатса, нұр үстіне нұр. Себебі, ұстаздық жол ол ең асыл, ең құрметті мамандықтардың бірі болып қала бермек.

Гүлнәз ШАМҒАНОВА,

Петропавл қалалық

классикалық гимназияның

бастауыш сынып мұғалімі.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp