«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РЕСЕЙЛІК ӘРІПТЕСТЕРМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЙТЫЛМАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің Омбы облысы бойынша дағдарысқа қарсы жағдайлар жөніндегі бас басқармасы бастығының орынбасары Владислав Колодинский солтүстікқазақстандық әріптестерімен кездесті. Ондағы мақсат – екі ел арасындағы шекара кеңістігіндегі төтенше оқиғалардың алдын алу және тәжірибе алмасу.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ресейлік қонақ СҚ ТЖД “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” ММ-де болып, онда өрт сөндіру жұмыстарына арналған жаңа техникалар мен құрал-жабдықтарды тамашалады. Былтырғы жылдан бері өңірлік департаменттің техникалық паркі 20-ға жуық заманауи өрт сөндіру көлігімен толықтырылған. Мекеменің өңір аумағындағы 27 бөліміне 127 өрт сөндіру техникасы берілген.

Өңірдің өртсөндірушілері соңғы екі жыл бойы Қорған облысындағы әріптестерімен екі кездесу ұйымдастырып, ортақ жаттығулар өткізсе, омбылықтармен ондай шараны жүзеге асырудың мүмкіндігі болмапты. Сондықтан екі жақтың әкімшілігі өзара іскерлік байланысты бұдан әрі нығайтуды көздеп отыр.  

– Жұмыс сапарымда солтүстікқазақстандық әріптестермен бірге 2014 жылы атқаратын шаралардың жоспарын жасамақпыз. Олар түрлі жаттығулар, спорттық сайыстар, достық кездесулер түрінде болмақ. Ал мұндағы техникалардың көбі біздікіне ұқсас. Тек өрт сөндіру көліктерінің ішінде жылжымалы сорғы стансасының заманауи үлгісін осында бірінші рет көрдім. Мұндай техника әзірге бізде жоқ, – деді Владислав Колодинский.

Техникалық көрмеден кейін брифинг өткізілді. Екі ел арасындағы ынтымақтастықта жаһандық қауіпсіздікті сақтау мәселесі басты назарда екендігін тілге тиек еткен ТЖ департаментінің бастығы, өрт сөндіру қызметінің полковнигі Павел Филиппов өздерінің омбылық әріптестермен байланысты нығайтуға, бірлескен іс-қимыл жоспарын жасауға дайын екендігін жеткізді. Қазақстанның Омбы, Түмен, Қорған облыстарымен шекараларында орман өрті, су тасқыны оқиғалары болған кезде көрші өңірлердің төтенше жағдайлар қызметкерлеріне үлкен сенім арта алатындығын айтты. Сондай-ақ ресейліктердің жақсы материалдық-техникалық базасы мен қызметкерлерінің спорттан жоғары біліктілігі біздің жас мамандарды қызықтыратындығы сөз болды. Басқосуда басқа бағыттар бойынша жүргізілетін жоспарлар да пысықталып өтілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp