«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДАР ДАЯРЛАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымындағы өзекті мәселелердің бірі – мамандардың жетіспеушілігі. Бұл салада еңбек ететін білікті мамандар жылдан-жылға егде тартып, ал олардың орнын басар кадрлардың тапшылық жасауы көптеген шаруашылық басшыларының алаңдаушылығын туғызуда. Осы мәселенің оң шешімін табу үшін мемлекет салалық бағдарламалар жасап, мамандар даярлайтын мекемелерге қаржылық қолдау көрсетіп, тығырықтан шығудың жолын жалғастырып келеді. Сондай оқыту орынының қатарында Есіл ауданындағы аграрлық-техникалық колледж де бар.

Петровка аграрлық-техникалық колледжінің іргетасы сонау 1958 жылы қаланып, содан бері 26 мыңға жуық маман тәрбиелеп шығарды. Келесі кезекте 270 оқушы тұр. 2012-2013 оқу жылында 135 жас кадрға біліктілік құжаты беріліп, олардың жартысынан көбі жұмысқа орналасқан.

Биыл аталмыш колледжге 100 шәкірт қабылданыпты. Ал осында екі-үш жыл бұрын мекеменің жылдық жоспары 150 адамды қабылдау болатын. Осы белгіленген межеге жету қиындық тудырғандықтан, колледж әкімшілігі адам санын қысқартуға мәжбүр болған.

– Біз қаңтар айынан бастап маман даярлау жоспарын орындау үшін өңіріміздің аудандарын аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Мектеп бітіргелі отырған оқушыларға біздегі оқушылық өмірдің қызықты және тиімді тыныс-тіршілігін көрсетіп, оларды оқуға шақырамыз. Сонда да жиналатын баланы 100-ге әзер жеткіземіз. Бұл мектептердегі бала санының аздығынан, яғни демографиялық көрсеткіштің төмендігінен деп білемін. Әйтпейінше, бұл оқу орны өз тарихында мыңдаған мамандарды даярлап, ауыл шаруашылығын дамытуға талай жылдар өзіндік үлес қосып келеді. Колледждің педагогтік-шеберлік ұжымы қалыптас

қан. Білім беру бағдарламасы заман талабына сай жүргізіледі, – дейді кәсіпорын директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары Оралбек Қоңқабаев.

Ал аталмыш кәсіби білім беру мекемесінде жастар тегін оқиды, тіпті, тамақтары мен жататын орындары үшін де ақы төлемейді. Сондай-ақ мемлекет қаржысынан ынталы оқушыларға 12 800 теңге шәкіртақы да төленеді. Ал жетімдер үйінен келген балаларға “Бөбек” қайырымдылық қорының белгілеген шәкіртақысы тағы бар.

– Бізде оқу жеңіл. Колледждің оқыту жүйесінде білім мен біліктілік қатар қойылады. Студенттерге теориядан гөрі тәжірибелік сабақтар көп ұйымдастырылады. Колледждің материалдық базасы жақсы. Сондай-ақ бізде оқыған балалар туысқандарынан ешқандай көмек сұрамайды. Өз бетінше оқып, сосын ата-анасын дипломымен қуанта алады, жұмысқа да оңай орналасады. Әрі қарай білімін жетілдіремін десе де, құба-құп. Бізде мәдени және спорттық іс-шаралар да жоғары деңгейде, қызықты ұйымдастырылады, – дейді Оралбек Жансейітұлы.

Былтырғы оқу жылында оқушылардың 75 пайызы шәкіртақы алған, яғни оқуға деген ынталары жоғары болған. Жастардың ауыл шаруашылығы мамандықтарына назарын аудару үшін соңғы жылдары мемлекетіміз осы бағытқа көп көңіл бөлуде. Соның бірі – оқу орнының жылдан-жылға нығая түскенін материалдық-техникалық базасынан көруге болады. Аталмыш колледжге биыл мемлекет 25 миллион теңге қаржы бөліп, оған олар “Енисей” комбайны мен жатка және екі “МТЗ-80” тракторын сатып алған. Бұл жаңа техника балаларға заманауи білім беруге, біліктіліктерін жаңаша жетілдіруге үлкен көмек көрсетеді. Сондай-ақ бұл мекеменің 500 гектар жері мен жемазық сақтайтын қоймасы бар. Оқушылар егіс алқабына бидай мен сұлы егіп, ондағы жұмыстың барлығын өндірістік оқыту шеберлерінің басшылығымен атқарады. Екінші курс оқушылары жыл басынан тәжірибелік-зертханалық сабақтарға баса назар аударса, үшінші курста қазан айына дейін ірі шаруашылықтарда еңбек етіп, өздерінің алғашқы табыстарын табады. “Былтырғы орақ науқанында еңбек еткен балалардың әңгімесіне қарағанда, олардың табысы 40 мыңнан 200 мың теңгеге дейін болды. Ең бастысы – олар бұл жұмыстан үлкен тәжірибе алып, өздері де есейіп келеді”, – дейді Оралбек Қоңқабаев.

Мұнда жас кадрлар тракторшы-машинист, электрмен дәнекерлеуші, аспаз, жөндеуші-дәнекерлеуші мамандықтары бойынша даярланады. Сондай-ақ ақылы үш айлық курс та бар. Агрошаруашылық басшылары қысқа мерзімде біліктіліктерін жетілдіру курсына жұмысшыларын өздері жіберіп, оқытады.

Былтырға дейін кәсіптік лицей аталған аталмыш оқу орны бүгінде колледж мәртебесін алған. Сондықтан бұл коммуналдық мемлекеттік мекеме мемлекеттің қаржыландыруымен қатар, өз меншігіндегі 500 гектар алқаптан түскен табысты өз игілігіне жұмсауға құқылы. Мұнда даярланатын мамандардың барлығы сұранысқа ие болғандықтан, оның түлектеріне жұмысқа орналасу қиындық тудырмайды. Тек жастарда әрі қарай жұмыс істеймін деген ниет болсын.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: кәсіпорын директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары О. Қоңқабаев студенттерімен бірге.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp