«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТИМИРЯЗЕВТЕГІ ҚАЗАҚША КВН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әсемгүл АЙСИНА.

“Қызылжар жастары” КВН одағы” облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлік Мұхамеджанов пен осы команданың мүшесі Балғат Қайыр біздің ауданда болып, Тимирязев мектеп-интернаты оқушыларынан құралған “Айналайын” және “Алаш жастары”, Жарқын орта мектебі оқушыларының “Жарқын жұлдыздары” және Белоградовка орта мектебі оқушыларынан құралған “Сенсация” командаларына КВН ойынының қыр-сырын, ойнау тәсілдерін үйретті. Кездесудің алғашқы сәттерінен-ақ жастарды өздеріне тарта білген қонақтарымыз қазақша КВН-ның қазақ тілін үйренуге, қазақша таза, дұрыс сөйлеуге көмегін тигізетінін, айналамыздағыны әзіл жолымен көрсете білуге, жастардың бойындағы талантты ашуға бастайтын құрал екендігін айтты.

Сапарларының бірінші күнін Қызылжар КВН-шылары ойластырған қойылымның әр деталін көрерменге қалай жеткізу керек екендігіне, жас ойыншыларды оқытуға арнаса, екінші күні осы уақыттың зая кетпегенінің куәсі болды. Ауданымыздың жас ойыншыларының ойыны өте тартымды өтті, ойдан шыққан әзілдерін залдағы көрерменге Жансая Мұратқан, Нұргүл Байгужинова, Альбина Құрманалиева, Самал Мәубиева, Айғаным Төлегенова, Эльвира Левченко, Әлішер Абғаев, Айбарыс Дәулетхан сынды жас дарындар тамаша көрсете білді. Осылайша көрермен ауданның түкпір-түкпірінен жиналған 4 команданың ойнына тәнті болды.  

Ойынның соңы марапаттау сәтімен аяқталды. Бұл ойынға қатысушылардың ішінде жеңгені мен жеңіліс тапқаны болған жоқ. Командалар жетекшілерін дипломдар және алғыс хаттарымен Ерлік Мұхамеджанов марапаттады, демеушілік көрсеткен аудан әкімдігі де шет қалмады, естелік сыйлықтар табыс етілді.

Көрермендер тараған соң облысымыздың КВН көшбасшысы ойынның сәтті тұстары мен кемшіліктерін сөз етті. Бірлестік төрағасы алда бірнеше ойын бар екендігін, үздіктер іріктелетінін, келесі ойын бұдан да тартысты өтуі үшін әлі де болса шеберлікті шыңдау, сахна әдебін, сөйлеу мәнерін ескеру қажеттігін айтты.

Тимирязев ауданында алғаш рет ойналған қазақша КВН әлі де қанатын кең жаяды деген сенімдеміз.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp