«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ФУНКЦИОНАЛДЫК САУАТТЫЛЫК – қызметтің басым бағыты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша бес жылдық ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойды. Ол Қазақстан Республикасындағы білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары ретінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту іс-қимылдарының мақсаттылығын, біртұтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз етуге арналған. Еліміз үшін маңызы зор стратегиялық міндетті шешу жағдайында тұлғаның ең басты функциялық сапаларына белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, кәсіби жолын таңдау қабілеттілігі, өмір бойы білім алуға дайын тұруы жатады. Бұл функционалдық дағдыларды қалыптастыруға облыстық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының педагогикалық ұжымы да атсалысуда. Онда балалардың бос уақытын тиімді өткізуге қолайлы жағдай жасалып, демалыстарын ұйымдастыруға, денсаулықтарын нығайтуға, сауықтыруға, тұлғаның жеке қызығушылықтары, бейімдері және мүмкіндіктері негізінде зияткерлік, шығармашылық әлеуеттерін дамытуға баса мән беріледі.

Балалардың демалысы мен тәрбиесі, сауықтыру мәселелері ұжымда жіті талқыланып, көркемдік бағыттағы қосымша білім беру педагогтері үшін шығармашылық шеберханалар, тренингтер өткізіледі.  

“Ойын – маңызды іс” педагогикалық шеберханасының жұмысына М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Джем” педагогикалық тобы тәжірибелік көмек көрсетеді. Педагогтерге арналған “Мен” деп аталатын планета” педагогикалық шеберханасы, “Көшбасшы және оның командасы” тренингі өткізіліп, онда команда құру, бір-бірін түсінушілік, төзімділік дағдыларын тәрбиелеу жөнінде мәліметтер берілді. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану және ұйымдастыру бойынша облыстық “Әдістемелік ойлар калейдоскопы” конкурсы өткізіліп, үздік материалдардың электрондық нұсқалары аудандық білім бөлімдеріне, білім беру мекемелеріне таратылды. Орталық әдіскерлері аудандардағы білім бөлімдерімен және мекемелерімен бірлесіп, педагогтерге ұжымдық шығармашылық қызметтің әдістемесі, қарым-қатынас психологиясы, балалармен бұқаралық шаралар өткізу жөнінде теориялық және тәжірибелік көмек көрсетеді.

Қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге, тарихты, мәдениетті, қазақ халқының салт-дәстүрін үйренуге “Елім-ай” этнографиялық ойыны ықпал етеді. Облыстық өлкетану мұражайына, Абылай хан резиденциясына, бейнелеу өнері мұражайына саяхат жасау – тәрбие міндеттерін жүзеге асырудағы маңызды шаралар.

Қала мектептерінің дарынды балаларына өзінің шығармашылығы мен шабыт жұлдызын жағуына “Есілдің жас жұлдыздары” вокалдық конкурсы мүмкіндік береді. Бүгінде республикалық, халықаралық балалар шығармашылығы конкурстарының лауреаты, танымал “Капельки” ансамблі – бір кездегі “Есіл жұлдыздары” облыстық конкурсының жеңімпаздарының бірі.

Шығармашылық орталығында қыздар осызаманғы эстрадалық би әліппесін үйренсе, ұлдарды “Жас модельші” бастапқы-техникалық үлгілеу конкурсы қызықтырады. Балалардың өнерге құштарлықтарын, эстетикалық және көркемдік талғамдарын дамытуда “Шеберлер қаласы” қолданбалықолөнер конкурстарының ықпалы зор. Онда “Костюмдер дизайны”, “Оригами”, “Архитектоника”, “Болашақ қаласы”, “Боди арт”, “Бойтұмар қуыршақ”, тағы басқалары жасалады. “Түрлі-түсті әлем” фестивалі, “Бояудағы сиқырлы шар” конкурстары жыл сайын өткізіледі. Бұл конкурстарда балалар өздерінің шабыттары мен қиялдарына ерік береді.

Орталықтың педагогтер ұжымы көптеген жылдар бойы мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізеді. Соның нәтижесінде балалардың “Жүректен-жүрекке” мейірімділік бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Орталық тәрбиеленушілері “Балалар – балаларға”, “Мерекеге тосын сый”, “Қуаныш жасаушылар” акцияларына (балалардың емделу мекемелеріне, балалар үйлері мен арнайы мектеп-интернаттарда ұйымдастырылатын концерттік-сауық бағдарламаларына) зор ынтамен қатысады. Бұл шаралар арқылы олардың бір-біріне деген достық, ынтымақтастық, жанашырлық сезімдерін тәрбиелейміз.

“Планета” туристік орталығы, ОБЖШО мектептен тыс жұмыс орталығымен бірлесіп, спорттық-сауықтыру шараларын өткізеді. “Көңілді мәре”, “Туристік жолмен”, “Спортландия елі” жарыстары қызықты әрі тартысты өтеді.

Экологиялық тәрбие жұмысы жас натуралистер стансасымен бірлесе жүргізіледі. “Табиғат және мен” викторинасы, “Туған жер” интеллектуалдық-танымдық ойыны, “Таза жағалау”, “Өмір нәрі” табиғатты сақтау акциялары, конкурстар, экскурсиялардың барлығы баланың экологиялық сауаттылығын арттыруға, табиғатты зерттеуге қызығушылығын оятуға, қоршаған ортаға жауапкершілік сезіммен қарауға, табиғат байлықтары мен әсемдігін сақтауға, қамқоршы болуға ықпалын тигізеді.

Мектептермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығында жеткіншектердің бос уақыты мен демалысын тиімді ұйымдастыру үшін өткізілетін шаралар формалары мен мазмұны жағынан әртүрлі. Олар ұстаздар алдында тұрған функционалдық сауаттылық міндеттерін шешуде тиімді құрал болып табылады.

Ирина КОЛОДАЕВА,

облыстық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp