«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙТУАРДЫҢ АЙЫ ОҢЫНАН ТУДЫ Ауылда бой көтерген жаңа мектеп – соның айғағы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Айтуар – Жамбыл ауданындағы іргесі сөгілмеген, шаңырағы шайқалмаған елді мекендердің бірі. Бір кездегі түтіні түзу ұшқан 60 үйдің саны  сәл-пәл кеміді демесең, қазақы қалыптағы тыныс-тіршілігі үзілген емес. Ауыл тұрғындарының бойынан бұрынғыдай бұйығылық, енжарлық, самарқаулық, бүгінгі тындырар істі ертеңге ысыра салушылық, еріншектік пиғылды байқамайсың. Керісінше, шираған, шыныққан, пысыған. Нарықтың қатал заңына әбден икемделіп алған. Сенетіндері – алдымен, ақылы мен күш-қайраты, сосын – бала-шаға нәпақасын айырып отырған төрт түлік малы. Бір кездері қай жағынан болсын мақтау еститін қозы көш жердегі, Талпында білім үйі жабылып қалады деп кім ойлаған?!. Боевиктің жұрты ғана жатыр. Муромскіде 2-3 үйдің сұлбасы қараңдайды. Көрші ауылдар сияқты тақырға отырып, барынан айрылып қалмаудың бірден-бір жолы сүттей ұйыған бірлікте, еңбек пенен тірлікте деп түсініп, алдағы күнге үлкен үмітпен қарап келген айтуарлықтардың жанын жегідей жейтін мәселелердің жуан ортасында мектеп жайы жүрді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған ғимараттың былтыр төбесі опырылып, қабырғасы құлап тынды. Көздері жаутаңдаған оқушылардың үйлерді сағалап, оқуларына тура келді. Бұл жайт үлкендердің қабырғасына да қатты батты. Ақылдаса келіп, бар үміт “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясында деп шешкен. Табандарынан тозып жүріп, дегендеріне жетті-ау ақыры! Жаңа білім үйінің қазығы қағылып, іргетасы қаланғанда көрші ауыл тұрғындары да келіп, қызыға қараған. Құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 260 миллион теңге бөлініп, бас мердігер “Құрылыс-Сервиз” компаниясы іске білек сыбана кіріскен. Бас-аяғы бір жылдың ішінде ақ кірпіштен өрілген 80 орынды білім үйі анадайдан “мен мұндалап”, ауыл сәніне айналып тұр.

Өткен бейсенбі күні Айтуар негізгі мектебінің жаңа ғимараты салтанатты жағдайда ашылып, оған облыс әкімі Самат Ескендіров қатысты. Қадірлі қонақтарды оқушылар мың бұралған бимен, жыр-шашумен қарсы алды. Жиналғандар алдында Самат Сапарбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, өз ойын “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек” деген сөздерімен бастап, ұстаздар қауымы алдына нақты міндеттер қойды. Оқушыларды жақсы оқуға, жан-жақты білім алуға шақырды. Мектеп ұжымына лингофонды кабинет тарту етті.  

Салтанатты шарадан кейін өңір басшысы мектепті аралап, ішкі жабдықталуымен танысты. Құрылыс жұмысына жауапты басшылармен бірге су қоймасын арнайы көріп, тіршілік нәрімен үзіліссіз қамтамасыз етуді тапсырды. Мұнда әрқайсысының сыйымдылығы 1,5 тонналық екі резервуар орнатылған. Облыс әкімі осы білім ұясында еңбек жолын бастап, талай жыл басшылық қызмет еткен Мәкен Қалиевтің ұстаздар мен оқушыларға арнаған ағалық тілегін тыңдап, Петропавлдан арнайы әкелген сый-сияпатына ризашылық білдірді. Қазіргі заман үрдісіне сай бой көтерген білім үйінің сәнін компьютерлік сыныптар, спорт зал, пән кабинеттері аша түскен. Мектеп директоры Гайдар Әбдірешевтің айтуынша, оқушылар саны – 50. Бұдан тысқары шағын орталықта 10 бүлдіршін тәрбиеленеді. 15 мұғалімнің – 14-і жоғары білімді, 11-і – жоғары және бірінші санатты. Мұнда оқу-тәрбие үдерістерінде қалыптасқан жақсы үрдістер баршылық. Солардың біріне тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шаңғы, шахмат, күрес секілді спорт үйірмелерінің тұрақты жұмыс істейтінін жатқызуға болады. Құралай Сәрсекеева, Дастан Сағынов – тоғызқұмалақтан облыс чемпиондары.

Айтуарлықтар ауылда 10 жылдан аса егін егіп, ондаған адамды тұрақты жұмысқа тартқан “Айтуар-Агро” ЖШС-нің директоры Абылай Қабдөшевке деген жылы ілтипаттарын жасырмады. “Ол астық қырманын, ангар салды. Пай үлестерімізді уақтылы береді. Өтініштерімізді аяқсыз қалдырған емес”, – дейді ауылдықтар. Абылай бұл жолы да құр қол келмепті. Түрлі-түсті теледидар сыйлады. Басқа да байғазы берушілер, базарлық ұсынушылар қатары мол болды.

Айтуарлықтар енді жол жайы оң шешілсе деген үмітте отыр. Жауын-шашынды және қарлы боран күндері қатынау оңайға соқпайтын көрінеді. Сол сияқты сапалы ауызсу мәселесі де қатты қинап тұр. 50 үйлі ауыл екі құдықты ғана пайдаланады. 38 метр тереңдікте қазылса да, мектеп жанынан тұщы су табыла қоймапты. Архангелка ауылдық округінің әкімі Серік Шәріпов бізге сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің 2 жолы барын жеткізді. Бірі – Есіл су торабы арқылы Троицк-Баян-Архангелка-Айтуар бағытымен жүргізу. Алайда, 50 шақырымға құбыр тарту тым қымбатқа түсетінге ұқсайды. Екіншісі – Спасск жерасты тіршілік нәрі қоймасының тұщы су көздерін пайдалана отырып, Архангелка елді мекеніне қуатты насостар қою арқылы тарату. Алғашқы жоба “Ақбұлақ” мемлекеттік бағдарламасына енгізілгенімен, қашан, қай уақытта шешілерін тап басып айта алмады. Соған қарағанда, індетіп ізіне түспесе, мәселенің сиырқұйымшақтанып кетуі ғажап емес.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Жамбыл ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp