«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАШЫЛДЫҚ ЖОЛЫ ЖЕҢІЛ ЕМЕС, Ал қиындықты жеңе білу – ұстазға сын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының озық іс-тәжірибесін енгізу мен тарату жөнінде облыс бойынша екі базалық мектеп жұмыс істейді. Солардың бірі – Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясы (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), екіншісі – Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы мектеп-гимназия (орыс тілінде оқытатын мектептер үшін). Біз қазақ тілінде оқытатын базалық тірек мектебінің жұмысымен жақынырақ танысу үшін қазақ мектеп-гимназиясының директоры Гүлжан Жақанованы әңгімеге тартқан едік. 

– Гүлжан Шәмелқызы, өзіңіз басшылық етіп отырған ұжым 2012-2013 оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін енгізу және облыс мектептеріне тарату бойынша жұмыс жүргізді. Өз жұмыстарыңызда нені басшылыққа аласыздар?

– Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін енгізу мен тарату бойынша базалық мектеп болғандықтан, өз қызметімізде ойлау әлеуеті жоғары, сыни және креативті ойлауға қабілетті, үнемі өзгеріп жатқан әлемде табысты болатын зияткерлік, полилингвалды азаматты қалыптастыруды алдымызға мақсат етіп қойдық. Осы мақсатқа жету үшін оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған біртұтас білім жүйесін құрайтын оқыту және тәрбиелеу үдерісінің бірыңғайлылығын білім беруді ұйымдастыруда пән және деңгейаралық кіріктілікті, бірізділікті қамтамасыз ету қажет. Оқушылар мен мұғалімдерді іріктеуде ашықтықты, шынайылылықты және барлығына тең шарттылықты іске асырамыз. Барлық мұғалімдердің кәсіби дамуына тең мүмкіндік беретін білім беру моделінің қажеттілігіне сай білім ошағының кадр саясатын ұйымдастырып, басқару жүйесіндегі анықтылық және басқарушы әкімшіліктің жауапты болуын ұжымның барлық мүшелерін мектеп қызметіне қатыстыру сияқты қағидаларды басшылыққа алдық және осы бағыттарда жұмыс істеудеміз. Білім беру жүйесінде өзгерістер мен жаңашылдықтар қажет екенін түсіне отыра, біз оқушылардың өзінің білім алуына жауапкершілікпен қарап, өзіндік білімге талпынысын, сыни тұрғыдан ойлау ортасын дамытатын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыратын білім беру жүйесін құруға талпынудамыз.  

– Бұл жұмыс қандай бағытта жүзеге асуда?

– Қазақ мектеп-гимназиясының оқу-тәрбие үдерісіне “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының озық тәжірибесін енгізу “Теңтеңіне”, “Полилингвалды білім беру”, “Критерийлік бағалау” сияқты негізгі үш бағытта іске асырылуда. Олар қазақ мектеп-гимназиясының 2012-2017 жылдарға арналған дамудың кешенді бағдарламасында өзекті бағыттардың бірі болып тұжырымдалған. Елбасының үштілділік бағдарламасын ұсынуы білім беру саласында айрықша маңызға ие. Осыған орай қазақ-орыс-ағылшын тілді ортаны кеңейту қажеттілігі туындайды. “Тең-теңіне” бағдарламасы – мұғалімдерді кәсіби дамыту және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру саясатын іске асыру құралы. Бұл бағдарлама бойынша гимназиядағы шет тілі мұғалімдері басқа пән мұғалімдерін ағылшын тіліне үйретуді іске асыруда. Шет тілін ерте жастан бастап оқыту қажеттілігін, бүлдіршіндердің қабілеттері мен тілдік нышандарын ескере отырып, 1-сыныпта аптасына үш рет ағылшын тілі пәні жүргізіледі. Қазіргі таңда бастауыш сыныптың математика сабақтарында ағылшын тілінде пәндік терминдер, ауызекі қарым-қатынас сөздері қолданылуда. Осы оқу жылында “Математика ағылшын тілінде” сабағын енгізуді жоспарлап отырмыз. “Тең-теңіне” және “Полилингвалды білім беру” бағыттарын дәйекті түрде енгізу негізінде 7-сыныптан бастап факультатив түрінде биология пәні ағылшын тілінде және “математика-ағылшын тілі” кіріктірілген сабақтары өткізілуде, ал жаңа оқу жылынан бастап “биология-ағылшын тілі” кіріктірілген сабақтары жүргізілмек. Бұл оқушылардың болашақта табиғи-ғылыми ойларын әлемдік білім жүйесінде қолдана алатындай деңгейде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өткен оқу жылының екінші жартыжылдығынан бастап оқушылардың оқу жетістігін бағалаудың жаңа тәсілін, “критерийлік бағалау” жүйесін қолдана бастадық. Өткен оқу жылында 7 және 3 “Ә” сыныптарында “критерийлік бағалау” жүйесін енгізу бойынша эксперимент жүргізілді. Оқушылардың жетістігін бағалау үшін алдымен балдық жүйе қолданылады. Балдар әзірленген шкала бойынша дәстүрлі бағалауға аударылады. Бағалаудың мұндай жүйесі алдымен балаларды табысты оқытуға ынталандырып, біліміндегі олқы тұстарын дәл табуға бағыттайды. Эксперимент нәтижелері бойынша қолданыстағы модельге түзетулер енгізіліп, осы оқу жылынан бастап “критерийлік бағалау” барлық сыныптарда біртіндеп қолданылатын болады.

– Білім ошағында инновациялық білім беру ортасын қалыптастырып, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі негізіндегі жұмысты насихаттай алатын лайықты кадрлар бар ма?

– Қазіргі таңда педагогтің өз түйсігі мен тәжірибесіне ғана сүйеніп жұмыс істеуі мүмкін емес. Сондықтан тәжірибе алмасу, озық тәжірибені оқып үйрену мақсатында “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ ұйымдастыратын конференцияларға, семинарларға, онлайн сабақтарына қатысамыз. Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен тығыз байланыс орнаттық. Сонымен қатар, оқыту, білім сапасын арттыру, педагогтердің инновациялық-зерттеу қызметін дамыту, ғылыми-әдістемелік саласын кеңейту және “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының алдыңғы қатарлы тәжірибесін оқып-үйреніп, оқу-тәрбие үдерісіне дәйекті енгізу және тарату мақсатында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен бірлескен жұмыс істеу үшін келісімшарт жасадық. Қазіргі таңда барша әлемдік қоғамдастықты мектептегі оқыту мен білім беру сапасын арттыру мәселесі толғандырады. Көптеген зерттеу білім беру жүйесінің сапасы мектепте жұмыс істейтін мұғалімдердің білім сапасынан артық болмайтынын дәлелдеп отыр. Сондықтан біз мұғалімдеріміздің даму мүмкіндігі мен кәсіби даярлығына үлкен көңіл бөлеміз. Жаңашылдықты енгізу педагогтердің сапалық құрамын арттырудың тиімді әдісі болып табылады. Бүгінгі күні мектеп-гимназияда 81 ұстаз жұмыс істейді: оның 59%-ы – жоғары және бірінші санатты, 2 білім беру ісінің үздігі бар. Мұғалімдердің 10%-ы – Кембридж университетінің деңгейлік бағдарламалары негізіндегі үшінші деңгейлі, 3%-ы – екінші деңгейлі курстан өтті, ал 6%-ы біліктілікті арттыру курсының бірінші деңгейі бойынша білім алуда.

– Жас ұрпақтың тарих пен туған өлке ерекшеліктерін терең меңгеруіне зор көңіл бөлініп отырғаны мәлім. Оқушы бойындағы елжандылық рухты тәрбиелеуде қандай жұмыс атқарып жатырсыздар?

– Тәуелсіз еліміздің тарихын кеңінен біліп, бүгінгі таңда елімізде болып жатқан талай өзгерістер мен жаңашылдықтардың жаршысы бола білсін деген оймен 7-11-сыныптар аралығында “Қазіргі Қазақстан тарихы”, 5-сыныптарда “Адам және табиғат” факультативтерін енгіздік. Ал жаңа оқу жылында 6-сыныптарға “Туған өлке” және 7-сыныптарға “Өлкетану” факультативтерін жүргізу қолға алынды. Болашақта Назарбаев Зияткерлік мектептері қолданатын “Тәртіп саясаты”, “Ата-аналарды тәрбие үдерісіне жұмылдыру саясаты”, “Мектептегі психологиялық қызмет”, “Тьюторлық қызмет”, “Кураторлық қызмет” Ереже әзірлемелерін оқып үйреніп, оқу-тәрбие үдерісіне енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жаңашылдықтарды енгізу бойынша 2013 жылдың 15 наурызында “Қазақ мектеп-гимназиясының оқу-тәрбие үдерісіне Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық тәжірибелерін енгізу: мәселелері және келешегі” тақырыбында облыстық семинар өткізіп, іс-тәжірибемізбен бөлістік. Семинарға қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап бере отырып, талдау жасадық. Бұл жинақталған жұмыс тәжірибеміз басқа мектептердің оқу-тәрбие үдерісіне өз пайдасын тигізеді деген ойдамыз. Алдағы уақытта облыс мектептерімен “критерийлік бағалау”, пәнаралық байланысты дамыту, тиімді тәрбие жұмысы бағыттары бойынша бірлескен семинарлар, мұғалімдер тағылымдамасы, шеберлік сыныптары, пән мұғалімдері қауымдастығын құру арқылы тәжірибе алмасуды одан әрі жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

– Тірек орталығы ретінде жүргізіп жатқан жұмыстарыңызды қандай орган қадағалайды? Осы уақыт аралығында атқарған жұмыстарыңыздың бағасы қандай?

– Жұмысымыз “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығы және “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ – СҚО педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты филиалы өкілдері тарапынан қадағаланады және олардың жоғары бағасына ие болғанымызға қуаныштымыз. Алайда, біз қол жеткізген табыстармен шектеліп қана қоймай, кәсіби өсу мен даму жолында еңбектенудеміз. Үстіміздегі жылы шілденің 1-і мен 14-і аралығында “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ ұйымдастыруымен Ұлыбританияның Брайтон қаласында өткен халықаралық мектептермен тәжірибе алмасу мүмкіндігін алдық. Оған республикамыздағы 35 базалық мектеп басшылары қатысты. Біздің мектептен мен және директордың бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі орынбасары Жібек Дүйсембаева екеуіміз бардық. Осы сапарда өзімізді қызықтырған бірқатар жаңа ақпарат алдық және оларды болашақта оқу-тәрбие үдерісіне енгізбек ойдамыз. Дегенмен, барлық жаңашылдыққа біз ерекше көзқараспен қараймыз. Жаңашылдықты оқу-тәрбие үдерісіне енгізуде өз халқымыздың мәдениеті, дәстүрі мен философиясын, әсіресе, өз аймағымыздың ерекшелігін ескереміз. Жаңа әзірлемелерді біз қаз-қалпында қабылдамай, оларды өз жағдайымызға бейімдеп, оқу-тәрбие үдерісіне енгізуге тырысамыз. Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, “білімді, жоғары білікті, еңбексүйгіш, өзін және өз ойын таза ұстай алатын” түлектерді даярлаудамыз.

– Дегенмен де, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін енгізу және облыс мектептеріне тарату бойынша базалық тірек мектептің проблемалары да бар шығар?

– Әр аталған бағыт бойынша жаңашылдықтарды енгізу барысында қиындық көп туындады және алдағы уақытта да болады деп ойлаймын. Нәтижелер жақсы деп айта алмаймын, себебі толық нәтиже бірнеше жылдардан кейін белгілі болады. Қиындықтарға келсек, ағылшын тілін қайта үйрену ақпараттық-коммуникативтік технологияларды оқып-үйрену және сабақта қолдану кейбір мұғалімдерге қиынға соғуда, бірақ ұжым қиыншылықтарды бірлесіп жеңуде. “Критерийлік бағалауды” енгізіп жатырмыз. Өте қиын екенін мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар жақсы сезінеді, біледі. Алғыр, шығармашыл мұғалімдер қиын болса да оқып-үйреніп, сабақтарында қолдануда. Математика, биология пәндерін ағылшын тілінде факультатив арқылы ағылшын тілі мұғалімдері жүргізеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp