«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОНЦЕРТТІК МАУСЫМ АШЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында облыстық филармонияның концерттік 49-шы маусымының ашылуы өтті.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Концерттік бағдарлама 20-дан астам нөмірден тұрды. Сахнаның шымылдығы камералық хордың (жетекшісі – Ю.Колчин) орындауындағы шағын қойылыммен ашылды. Бұл күні театр сахнасынан әлемге танымал көптеген сазгерлердің шығармалары орындалды. Құлаққа жағымдысы, әсіресе, Евгений Брусиловскийдің туындылары еді. Оның “Боз айғыр” сюитасынан үзіндіні филармонияда жаңадан құрылған ішекті квартет (жетекшісі – Артем Кислощей) ойнады. Олар сондай-ақ Пьяццолланың “Жыл мезгілдері” шығармасын да тамылжыта орындап берді. Тұсауы кесілген бұл квартеттің алар асулары әлі алда.

Биылғы концерттік маусымның ашылуына тыңғылықты дайындалған филармония ұжымдары сахнаға жаңа нөмірлерімен шықты. Атап айтар болсақ, “Туған жер” би ансамблі (жетекшісі – Михаил Лахтин) “Чобанаш” молдаван биі мен “Сүйеді, сүймейді” деп аталатын жаңа билерді ұсынды. Филармонияның жанынан құрылған “Әдемі-ау” қазақ би ансамблі де (жетекшісі – Расима Сучкова) қалыс қалған жоқ. Мың бұралған бишілер “Той-думан” биімен сахнаға көрік бере түсті. Халық тойын сипаттайтын шағын көріністен туған бұл би кішігірім қойылымдай әсер қалдырды.  

Филармонияның күміс көмей әншілері де әнсүйер қауымды барынша қуантуға тырысты. Өңіріміздің әйгілі әнші қыздарының бірі – Нұрсұлу Ахметжанова Мағжан Жұмабаевтың “Япур-ай” әнін нақышына келтіре шырқады. Көрермендер мұқият тыңдаған әндердің бірі Р. Таймановтың “Қорқыт қобыз” туындысы болды. Оны жас әнші Меруерт Нұғыманова орындады. Өткен жылы құрылған “Азия-саунд” (жетекшісі – Нұрлан Серғазинов) вокалды-аспапты ансамблі бұл жолы жаңа құраммен өнер көрсетті. Ансамбльдің жаңа солисі Мұхит Ахметов пен бұрынғы әншісі Нұрлан Двесов Ақан серінің “Балқадиша” әнін айрықша үлгіде орындады.

Бұл жолғы концертте жұлдызы жарқырай жанған жас әртістерді де аңғардық. Өнер колледжінің қобыз сыныбының шәкірті Фариза Амантаева мен филармонияның әртісі Заңғар Мубараков “Араб қызы” шығармасымен көрерменді тәнті етті. Қазақ күйлерінен шашу шашқан жас домбырашылар Асхат Галеев, Саян Дүйсенов, Марат Гайнулин және Дәурен Топишев атақты күйшілердің шығармаларын тағы бір еске салды. “Әдемі-ау” қазақ би ансамблінің бишісі Айнұр Шаймерденова да елден ерекше “Сылқым қыз” биін жалғыз өзі билеп берді. Жас әнші Виктория Трубанова да өнерсүйер қауымды бір желпінтті.

Филармония жанынан құрылған Сегіз сері қазақ халық аспаптар (дирижері – Қайырлы Ғафуров) және Сергей Имашбаев дирижерлік ететін концерттік-симфониялық оркестрлер маусымның ашылуына И.Каратаевтың “Каламбур” және Е.Брусиловскийдің “Шашу” туындыларын орындап берді. “Әлқисса” фольклорлық ансамблі (жетекшісі – Сайран Сәбитов) Н.Тілендиевтің әндерімен қоса, батыстық үлгідегі сазгер Andy Irvin “Chetvorno horo” шығармасын ұлттық аспаптардың үнімен орындап, өнерде шекара жоқтығын тағы бір дәлелдеп берді.

Джаз музыкасын сүйіп тыңдайтын петропавлдықтарға да сый жасалды. Эстрадалық-джаз музыкасы оркестрі (жетекшісі – Генадий Брюханов) А.Приманың “Sing.Sing. Sing” және тағы басқа туындыларды орындап берді.

Концерт соңында облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов өңір басшысының атынан өнер ұжымын кезекті маусымның ашылуымен құттықтап, Сегіз сері атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің әртісі Шайтас Айтбаеваны, филармонияның солист-вокалисі Дәмеш Құрманкинаны Мәдениет және ақпарат министрлігінің “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгілерімен марапаттады. Ал филармонияның әртісі Әлия Темірхановаға мәдениет саласына сіңірген көп жылғы еңбегі үшін облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp