Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында мұғалімдер қауымының кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Білім саласында абыройлы еңбек етіп жүрген ұстаздарды облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Елімізде білім жүйесіне, шәкірт тәрбиесіне және ұстаздардың мәртебесін арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында”, – деп мұғалімдердің қоғамдағы орнын ерекше атап өтті. Білім мен ғылымның, тәлім мен тәрбиенің, өсиет пен өнегенің өзегі – педагогтер, – деген өңір басшысы соңғы жылдары облысымыздың білім саласында атқарылып жатқан игі істерге, оның жетістіктерге тоқталды. Жыл сайын “Үздік білім беру ұйымы” және “Үздік педагог” анықталатындығын айтқан Самат Ескендіров бұл атақтарға былтыр және үстіміздегі жылы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат пен “БЭСТ” гимназиясы, Қызылжар ауданындағы Бескөл орта мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Күлзия Бабышева, “Парасат” мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Бақыт Алдабергенова, Тайынша ауданындағы Зеленый Гай орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Виталий Червинский ие болғанын атап өтті.
Салтанатты шара барысында өңіріміздің бірқатар мұғалімдері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың физика пәнінің мұғалімі Бекет Мұстафин де бар.
– Білім саласында 1978 жылдан бері еңбек етудемін. Осы жылдар аралығында оқушыларым үмітімді ақтады. Мысалы, өткен жылы Мәскеуде компьютерлік физикадан өткен халықаралық конкурста оқушым Асқарбек Әбілқайыр бірінші орын алды. Сондай-ақ Алматы қаласында өткен астрономиялық турнирде оқушыларым 2- орынды еншіледі, – деді марапатқа ие болған ол.
Сондай-ақ жемісті еңбек етіп жүрген бір топ мұғалімдерге бағалы сыйлықтар табыс етілді. Өңіріміздің білім саласының дамуына зор үлес қосқан ардагерлер де ұмыт қалдырылмай, сахна төріне шақырылып, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Марапатқа да, бағалы сыйлыққа да ие болған ұстаздардың барлығына раушан гүлдері таратылып, өңіріміздің үздік өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарлама тарту етілді. Оның барысында Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың түлегі, бүгінде Манчестер университетінде білім алып жүрген Мұрат Оспанов пен “БЭСТ” гимназиясының түлегі, қазір Қытайдағы университеттердің бірінде білімін жалғастырған Павел Мельманның бейнеқұттықтауы көрсетілді.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.