«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮМІТТЕН ТУЫНДАҒАН ТУЫНДЫЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні облыстық бейнелеу өнері мұражайында сотталғандар арасында өткен “Үміт – 2013” атты байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы шығарылды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

– Сотталғандар арасында тәрбиелеу жұмысының бір бағыты – эстетикалық тәрбие. СҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің барлық түзеу мекемелерінде өткізілген байқау екі кезеңнен тұрды. Алдымен мекемелерде өткізіліп, содан соң жүлделі орын алған картиналар мен бұйымдар көрмеге қойылып, олардың ішінен үздіктер анықталды. Барлық жеңімпаздар грамоталар және ақшалай сыйлықтармен марапатталатын болады, – деді ҚАЖД бастығының орынбасары Бөкенбай Жүсіпов.

Көрмеге 23 картина мен 29 қолданбалы өнер бұйымдары қойылды. Картиналар түрлі тақырыпта, түрлі бағытта орындалған. Үміткерлер туындыларын салу үшін кенеп, майлы бояу, акварель және түрлі материалдарды қолданған. Бұл байқауға облысымызда орналасқан 6 түзеу мекемесінің сотталғандары қатысып отыр. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын ЕС-164/6 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген А. Малыхинаға бұйырды. Ол бұл байқауға “Қасқырлар” туындысын ұсыныпты. Әуесқой суретшінің жеңіске жетуі ешкімді таңғалдырған жоқ. Себебі, көрмеге қойылған өзге де сотталғандардың дені – әуесқой суретшілер мен қолөнершілер. Ал қолөнер бұйымдары бойынша жүлделі бірінші орын ЕС-164/4 ерекше режімдегі түзеу мекемесінің сотталғаны А. Махонинге берілді. Екінші орынды ЕС-164/4 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген В.Богодушконың “Қыс” деп аталған туындысы жеңіп алды. ЕС-164/8 мекемесінде жазасын өтеуші С.Байбередовтың бұйымы екінші орын алды. Үшінші орын ЕС-164/3 түзеу мекемесіне бұйырды. Жазасын өтеуші А.Скакунов пен Б.Блохин үшінші орын алды. Олардың “Күрең күз” және “Сандық” деп аталған туындылары қазылар алқасының ғана емес, сондай-ақ көрермендердің де ықыласына бөленді. Байқауға ұсынылған барлық туындылар сайыс аяқталысымен өңіріміздегі жетім балалар үйіне сыйға тартылады.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp