«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АГРОБИЗНЕС ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өткен жұма күні облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өңіріміздегі отандық тауар өндірушілердің өнімдерінің ішкі нарықтағы айналымын жоғарылату мәселесіне қатысты кеңес болды. Жиынның мақсаты – солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің өнімдерін Астана, Алматы және басқа облыстардың аумақтарында еркін тарауын қамтамасыз ететін жүйе қалыптасыруға жәрдемдесу. Осыған байланысты аталмыш жиынға елімізде тауар өткізуші жүйе құруды және дамытуды қолға алып отырған “Қазагромаркетинг” АҚ-ның қызметкерлері шақырылды.

– Мемлекеттік агроөнеркәсіптік бағдарламада көрсетілген міндеттерге сәйкес отандық тауар өндірушілерге ақпараттық-кеңестік қолдау көрсету үшін “Қазагромаркетинг” АҚ-ы құрылған болатын. Бүгінгі таңда біз Интернет арқылы отандық тауар өндірушілердің өнімдерін тиімді өткізудің тетіктерін қалыптастыруды көздеп, оған Сіздердің де атсалысуларыңызды сұраймыз, – деді “Қазагромаркетинг” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Мұхамеджанов.

Оның айтуынша, электрондық алаң құру тетігі отандық тауар өндірушілердің логистика мен маркетингке жұмсайтын шығындарын азайта, тауарлардың бағасын төмендетуге, өндірістің қуаттылығын арттыра отырып, кірісті жоғарылатуға, қазақстандық нарықта отандық өнімдердің молынан сатылуын қалыптастыра отырып, шетелдік тауарларға басымдық беруді азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол жиналған қауымға мекеменің тауар өткізу жүйесін қалай ұйымдастырып жатқандығы, өздерінің қандай бағыттарда жұмыс істейтіндігі, кәсіпкерлердің оған қалай қатысуға болатындығы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Бұл жүйе әлемдік нарықта жаңа тәсіл болмаса да, қазақстандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ, деді.

Жиында солтүстікқазақстандық тауар өндіруші кәсіпкерлер арасында Интернет арқылы тауар сату тетіктерін пайдаланып жүргендер бар болып шықты. Алайда, олар елімізде толық қалыптаспаған мұндай маркетингке көңілдері толмайтынын айтты. Сондықтан қазақстандық агробизнесті қолдауды көздейтін мекеменің қызметкерлеріне аталмыш жарнамалық жүйені құру және оны дамыту ісінде жан-жақтылықтың қажеттігін, сондай-ақ басқа да жаңа тетіктерді ұйымдастыру керектігін тілек етті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp