«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АММИАКТЫҢ ЖЫЛЫСТАУЫ ЖОЙЫЛЫП, АДАМДАР ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда “Қатер – 2013” республикалық командалық-штабтық жаттығу (РКШК) өткізілген күн оқиғаларға толы болды.

3 қазан күні таңертең Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесінің полигонында шартты түрдегі төтенше жағдай (ТЖ) болды – жүк составының автомобильге соқтығысуы салдарынан, қымтауы босап, күшті әсер ететін улы зат (КӘУЕЗ) – аммиактың жылыстауы болған цистерна темір жол рельсінен шығып кетті. Жүкті алып жүрген адамдар жарақат алып, соқтығысқан жолаушылары бар автомобиль жана бастады. “Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары” ММ мен Петропавл стансасының өрт сөндіру пойызының өрт сөндірушілеріне бірден бірнеше міндетті шешуге тура келді: өртті сөндіру, мыжылған жеңіл көліктен жолаушыларды шығару және улы аммиак буының өршіп кетуіне жол бермеу үшін судан қалқан қою.

ТЖ орнына жедел жеткен мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемесінің мамандары дереу химиялық барлау жүргізіп, аумақтың ластану дәрежесін анықтады. Полицейлер қауіпті аймақтың жолын кесіп, шұғыл медициналық көмек көрсету қосыны жайғастырылды. Жаттығуда ойластырылған жағдай бойынша, жақын орналасқан тұрғын үй секторы қауіпті зақымдануға душар болып, тұрғындар ол туралы дабылқаққыш пен дауыс зорайтқыш арқылы құлақтандарылды. Өрт сөндіру бөлімшелерінің қызметкерлері КӘЕУЗ жылыстауын тоқтатып, өртті сөндіріп, зардап шеккендерді дәрігерлерге тапсырғаннан кейін оқиға орнына Петропавл стансасының қайта қалпына келтіру пойызы да келіп жетті. Пойыздың жеке құрамы цистернаны рельске тұрғызып, темір жол инфрақұрылымын қалпына келтірді.

Теміржол колледжінің оқушыларын ұйымдастырылған түрде қауіпсіз орынға көшіру жұмыстары да жүргізілді, балалар тыныс алу органы мен теріні қорғайтын жеке құралдарды қолдану бойынша жаттықты, улы заттармен уланған кездегі іс-әрекеттерді жасауға үйренді.

Салыстырмалы қысқа уақыт ішінде ауқымы мен салдары өте қауіпті төтенше жағдайды бастапқы сәтінде-ақ жоюға мүмкіндік беретін кешенді іс-шаралар жүргізілді. Жаттығуға қатысушылар шын болған оқиғаға жақын жағдайда жұмыс істеп, кәсіби шеберлік пен іскерлігін, іс-қимылды келісіммен жасап, басты міндетті дәл және уақытында орындады.

РКШЖ барысында басқару органдарының химиялық, биологиялық және радиоактивтік апаттардың туындауы кезіндегі іс-әрекеттерін жетілдіру бойынша іс-шаралар кешені жүргізілді. Күннің екінші жартысында бейнеконференция режімінде облыстар, Астана және Алматы қалаларының ТЖ комиссиялары төрағаларының техногендік сипаттағы ТЖ салдарын жою жөніндегі шешімдері тыңдалды. СҚО ТЖ департаментінде өткізілген бейнеконференцияға облыс әкімінің орынбасары – облыстық ТЖ комиссиясының төрағасы Владимир Балахонцев қатысты. Оның барысында РКШЖ штабы басшысы жаттығу тапсырмаларының орындалуына, Петропавл стансасының темір жол тұйығындағы апаттық жағдайды жою бойынша іс жүзінде жүргізілген шаралардың орындалу деңгейіне жақсы баға берді.

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp