«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ МАҒЖАНМЕН АШЫЛҒАН МАУСЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Өйтпесе Мағжан бола ма?” – жазушы, драматург Дулат Исабековтің ақиық ақын Мағжан мен оның жұбайы Зылиха жайында жазған пьесасы осылай аталады. Ақынның 120 жылдық мерейтойына орай С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры XV маусымын осы премьерасымен ашты. Оның бірінші көрермендері облыс әкімі Самат Ескендіров, өңіріміздің зиялы қауымы мен пьесаның авторы және өнерсүйер қауым болды.

Аядай бір бөлмелі пәтер. Үй жиһаздары мейлінше жұпыны. Дөңгелек үстел, шкаф және Мағжанның портреті. Жасы келген Зылиха әжей үстелдің қасында әлденемен айналысып отыр.

Қойылымның шымылдығы осы көрініспен ашылды. Қойылымның режиссері – Мұрат Ахманов, қоюшы-суретшісі – Ғалия Қожахметова. Зылиха әжейдің естеліктерінен құралған қойылым Мағжан ақынның шығармашылығы мен өмірбаянына негізделген. Бұл – Мағжан бейнесінің қазақ сахнасында алғашқы рет сомдалуы.

Осы театрдың тапсырысы бойынша жазылған пьесаның сюжеті өмірдің өзінен алынған. Пьесаның қысқаша мазмұнына тоқталатын болсақ, оқиға желісі бойынша Сәбит Мұқанов атындағы театрдың актрисасы Зылиха әжеге келіп, одан Мағжан ақын мен өз өмірі жайында айтып беруін сұрайды. Актриса ақынның кіндік қаны тамған туған жерінде “Мағжан мен Зылиха” қойылымның сахналанғалы жатқаны жайында баяндап береді. Осылайша Зылиха әжей мен актриса арасында әңгіме өрбіп, Мағжанның өмірі үзік-үзік көріністермен суреттеле бастайды. Қойылымның жанды жері – әрине, Мағжанның иткөйлегінің табылуы. Зылиханың қойылым соңында иткөйлекті “Екеуі қайта табыссын!” деп ақынның кітабына кигізуі қабірінің қайда екені белгісіз Мағжанның елімен, жерімен қайта қауышуын сипаттаса керек.

Қойылымның өзегі – сүйіспеншілік, ақынның елі мен жеріне, халқына және сүйген жары Зылихаға махаббаты бейнеленеді. Тағдырдың жазуымен өмірде қол ұстасып өтпеген қос ғашықтың өмірбаяны небір махаббат дастандарынан кем түспейді. Олар да Қозы мен Баяндай, Жібек пен Төлегендей өмірлерін бірге өткізе алмай, баянды махаббаттары кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалды. Зылиха әжей болмаса, Мағжан ақынның шығармалары бізге толықтай жетпеуі де мүмкін еді. Осы орайда драматург Зылиханы тек Мағжанның сүйген жары ретінде ғана емес, күрескер, қайсар, өжет, ержүрек нәзік жан ретінде бейнелейді. Қойылымның басты кейіпкері – сондықтан да Зылиха.

Зылиханың рөлін театрдың сахнагері Шолпан Айтибаева сомдады. Тік мінезді, қайғы-қасіретті молынан тартқан егде жасқа келген әже бейнесін сомдау жас әртіске оңай түспегені байқалды. Ал Зылиханың жастық шағын Самал Тәшімова ойнады. Қойылымда іс-әрекет аз да, ішкі монолог көп. Сондықтан да негізгі үш кейіпкердің тер төгуіне тура келді.

Қалай дегенмен, қойылым сәтті шықты деуге негіз бар. Себебі, мұқановтық әртістер көрермендерге Мағжан бейнесін жеткізе алды деуге болады. Әсіресе, Мағжан рөлін сомдаған Дәурен Тойбазаровтың актерлік шеберлігіне тәнті болдық. Ақынның рөлін сомдау үшін талай түндер кірпік ілмеген актер Мағжан жайында мәліметтер жинап, өлеңдерін тағы бір мәрте қайта оқып шыққан. “Мағжанға ғашық болмай, оның бейнесін сомдау мүмкін емес”,– деп Дулат Исабеков айтқандай, Дәурен Тойбазаров ақын шығармашылығын жете түсіне білгені сезілді. Мағжаннан өзге, спектакльде орыс халқының классик ақындары Максим Горький (Б.Шамбетов), Сергей Есенин (А.Рәзиев) және Демьян Бедный (М.Испанов) бейнелері сомдалды. Мағжан ақынның ұлылығы мен кемеңгерлігін, ойшылдығын сөзбен ғана емес, тарихи шындықпен тағы бір дәлелдеуді мақсат тұтқан пьесаның авторы Мағжанның Мәскеудегі жаңа ашылған жоғары әдебиет институтында оқып жүрген кезін, орыс классиктерінің алдында өлең оқуын суреттейді. Валерий Брюсовтың Мағжанды “Қазақтан шыққан Пушкин” деп атағандығын бекер енгізбесе керек. Ол осылайша ақынның махаббатын ғана емес, шығармашылығын да биік шыңнан көрсетуді мақсат тұтқан. Бір айта кетерлігі – орыс қаламгерлерін сомдаған актерлердің ойыны да нанымды болды. Әсіресе, жас әртіс Асылхан Рәзиевтің Сергей Есениннің бейнесін әсерлі етіп ойнауы есте қалды.

Ең бастысы – сахнада өз ұлтының ертеңі үшін, өзге елдерден қалып қоймай, жарық сәулеге ұмтылуы үшін қауіп-қатерге басын тіккен Мағжан бейнесі жұлдыздай жарқ ете түсті. Қойылым соңында ұжымға облыс әкімінің атынан ықылас гүлі табысталды.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Лебіздер

 

Дулат ИСАБЕКОВ,

жазушы, драматург, пьесаның авторы.

– Бұл – С.Мұқанов театрымен бірлесе қойған екінші пьесам. Бұдан бірнеше жыл бұрын тұсауы осы сахнада кесілген “Балуан Шолақ” пьесасы қазіргі таңда М.Әуезов атындағы академиялық қазақ театрының репертуарына енді. Театрдың директоры Қуандық Қасымовтан Мағжан жайында пьеса жазу ұсынысы түскенде мен 5-6 айдай толғандым. Репрессия тақырыбында пьеса жазу оңай шаруа емес. Баяғы тергеу, тепкілеу, кісен, шынжыр… “Қайран қазағым-ай!” деп көрерменді босқа жылатқаннан не пайда? Пьеса бүгін осы жерде қанат қақты. Ресейдегі театрлар қазірдің өзінде пьесаның орыс тіліндегі аудармасын сұрап жатыр. Бұл – Мағжан шығармашылығы шекара асып, оның туындылары тағы бір насихатталады деген сөз. Бір айта кетерлі гі – Мағжанға өлердей ғашық болмасаң, Мағжанды ойнай алмайсың.  

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp