«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗ ҚҰСЫМЫЗДЫҢ ЕТІНЕ ҚАЙТСЕК ҚАРЫҚ БОЛАМЫЗ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақан ЖҮНІСОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты,

Руслан ШӘРІПОВ,

Қазақстан Құс өсірушілер одағының президенті.

Соңғы жылдары елімізде құс шаруашылығы қарқынды дамып, өркендеуде. Жылдан-жылға құс басы көбейіп, бұл саладан өндірілетін өнім көлемі де өсіп келеді. 2000 жылдан 2012 жылға дейін құс басының саны 70%-ға өсіп, жұмыртқа өндіру – 3,7 млрд. данаға, ет өндіру 74%-ға ұлғайып, қазіргі уақытта 123 мың тоннаға жетті. 2013 жылы 170 мың тонна құс етін өндіру жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылдың сәуір айының басында Қазақстанда барлық ауыл шаруашылығы құстарының жалпы саны 34,5 млн. бас болды, оның ішінде 21,9 млн. немесе 60%-ы осызаманғы талапқа сай материалдық-техникалық базасы бар және құс өнімдерін өнеркәсіптік негізде өндіретін агроқұрылымдардың үлесіне тиесілі.

Еліміздегі құс басының негізгі бөлігі Алматы, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында шоғырландырылған. Қазіргі қол жеткізілген өндірістік көрсеткіштер бұл саланың әлеуеті мол және дамуы келешекте оң серпінде болады деп сенуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан құс өнімдерін өндірушілерге жәрдемдесу үшін және осы саланың қолайлы жағдайда дамуына жағдай туғызу мақсатында бар мүмкін іс-шараларды қолға алып отыр.

Биылғы жылы ет өндіруге кететін шығындарды субсидиялауға 8,5 млрд. теңге бөлінді, бұл өткен жылғыға қарағанда 30%-ға көп (6,6 млрд. теңге), тауарлық жұмыртқаны өндіруге – 6,2 млрд. теңге, бұл да өткен жылы бөлінген бюджеттік қаражаттан 30%-ға көп (4,7 млрд. теңге).

Бұған қоса, құс шаруашылықтарының тұқымдық жұмыртқа мен тәуліктік балапандар түрінде сатып алынған асылтұқымдық материалдарын субсидияландыру іске асырылып отыр.

Бүгінгі күні республикалық бюджеттен тұқымдық жұмыртқаларды сатып алуға жұмсалатын шығындарды өтеуге 91,9 млн. теңге бөлінген, яғни өткен жылғыдан 3%-ға көп (89,3 млн. теңге). Ал тәуліктік балапандарды сатып алуға бөлінген субсидия мөлшері 123,7 млн. теңгені құрап, ол өткен жылғы көрсеткіштен 4 есе жоғары болды (33,8 млн. теңге).

Мемлекеттік қолдаудың осы көрсетілген бағыттарынан басқа, 2014 жылдан бастап құс шаруашылығына қаржы салуға қызығушылықты жоғарылату мақсатында тауар өндірушілердің өндірістік құрылыстарға жұмсалатын шығындарының белгілі бір бөлігін өтеу үшін инвестициялық субсидиялау құрылымы іске кіріседі.

2012 жылғы құрғақшылыққа байланысты туындаған жемазық мәселесін шешу үшін, сонымен қатар құс басының және құс өнімдерін өндірудің көлемін төмендетпеу мақсатында құс шаруашылықтарының мұқтаждықтарына Үкімет қорынан 264,7 мың тонна жемдік астық бөлінді. Бұл қолданылған шаралар өндірістегі ахуалды тұрақтандыруға себін тигізді. Бүгінгі күнде құс фабрикалары бөлінген жемдік астықтарды алып бітіруде. Жемдік дақылдарды бөлу және шаруашылықтарға тарату жұмыстары басынан бастап Құс өсірушілер одағымен бірлесе атқарылып, бұл істің ашық жүргізілгендігін айту керек.

Алайда, республиканың шетелден әкелінетін құс етіне тәуелділігін азайту көкейкесті мәселелердің бірі болып қалып отыр. Мысалға алсақ, 2012 жылы шетелден әкелінген ет өнімдері еліміз бойынша жалпы тұтыныстың 61%-ын құрады. Соның салдарынан отандық кәсіпорындардың өз өнімдерін өткізуінде көптеген қиыншылықтар туындауда.

Қазіргі уақытта, яғни Кеден одағына еніп, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер алдында құс өнімдерінің тізімдемесін кеңейту мақсатындағы іс-шараларды жеделдеткен жөн. Айталық, АҚШ-та өндірілетін және бірдей талаптар бойынша ішкі нарыққа шығарылатын шикілей суытылған және мұздатылған құс өнімдерінің тауар ретінде 77 саудалық сипаттамасы бар екен. Ал біздің еліміздегі ассортиментімізде тек 10-12 аталым көрсетіледі. Демек,ассортименттегі өнімдер көлемін ұлғайту үшін түбегейлі өңдеуге баса назар аудара отырып, еліміздегі құс фабрикалары инвестицияны пайдалану жолдарын оңтайлы шешіп, құс өнімдерін өндіру технологиясын уақыт талабына сай жаңартулары керек.

Ендігі бір уақыт созбай, тездетіп шешетін мәселе – республикаға шетелдік құс өнімдерін шамадан тыс әкелуден сақтау, құс етінің импортына тарифтік квота қою. Сонда ғана еліміздің құс өсірушілері өз жұмыстарын жоғары деңгейде көрсете алады деуге болады. Республикаға келетін импорттық өнімдерге кедендік салық енгізбей және тарифтік квота қоймай болмайды. Себебі, құс өнімдері нарығында шетелдік емес, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін пайдалану керек. Еліміздегі құс шаруашылығының тұрақты дамуы үшін ол тұқымдық жұмыртқалармен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан тауар өндірушілерді арзан да сапалы тәуліктік балапандармен және инкубациялық жұмыртқалармен қамтамасыз ету үшін алдымен құс тұқымын асылдандыру жұмыстарын жолға қоюымыз керек.

Қазіргі уақытта еліміздің құс шаруашылығы оң шешімін күтіп отырған басты мәселелердің бірі – отандық құс кростарының жоқтығы. Шетелдік кростардың асылтұқымдық арғы тектік және аналық түрлері, инкубациялық жұмыртқалары 8-10 млн. АҚШ доллары шамасындағы қаржыға сатып алынады. Бұл тауар өндірушілеріміздің шетелдік асылтұқымды өнім өндірушілерге тәуелді болып қалуына себеп. Әлемдік және отандық генотиптер негізінде елімізде жоғары өнімді құстардың асылтұқымды жүйесін құру үшін асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыруды жоғары деңгейге көтеріп, селекциялық-тектік орталықтар мен асылтұқымды құс зауыттарының ашылуы нәтижесінде бәсекелестікке тұрақты құс желілері мен кростарын шығару қажет. Бұл мәселенің шешілуі шетелдерден келетін құс өнімдерінің көлемінің қысқарып, отандық тауар өндірушілердің жұмысына және биоазықтық қауіпсіздігіне оң әсерін тигізеді, құс індеттерінің өтуіне шектеу қойылып, осы сала өнімдерінің өзіндік құнының анағұрлым төмендеуіне әкеледі.

Осы орайда Солтүстік Қазақстанда жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарына тоқтала кеткен жөн. Бүгіндері құс тұқымдарын асылдандыру мен сұрыптама жұмыстарын жоғары деңгейге көтеру мақсатында “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС-інде Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары аталмыш серіктестіктің мамандарымен бірлесе отырып, құс тұқымдарының генетикалық қорын жасады. Соның нәтижесінде республикада жергілікті үйректің екі желілі “Бескөлдік түрлі түсті” атты отандық тұқымы шығарылды. Олар жергілікті жердің ауа райына бейімделгіштігімен, жас құстардың жоғары сақталынымымен, ағзадағы іш майы мөлшерінің төмендігімен, өсім салмағы мен өнім бірлігіне жемазықтың аз жұмсалатынымен ерекшеленеді. Осындай ерекшеліктерімен жаңа тұқымның құстары жалғыз Қызылжар өңірінің ғана емес, Қазақстанның басқа облыстарындағы құс өсірушілердің үлкен сұранысына ие болуда.

Сонымен қатар, институт ғалымдары аталған шаруашылықта тағы да екі желілі ақ үйректердің кросын шығару жұмыстарымен айналысып, қазір бұл жұмыс өз мәресіне жақындады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда отандық тауық кростары жоқ. Осы себептен еліміздің құс шаруашылығымен айналысатын тауар өндірушілері тұқымдық жұмыртқалар мен тәуліктік асылтұқымды балапандарды алыс және жақын шетелдерден жоғары бағамен валютаға алуға мәжбүр. Оның үстіне шетелден әкелінетін құстармен бірге әртүрлі індеттердің келу қаупі бар. Осыған байланысты өзімізде отандық ет және жұмыртқа бағытындағы тауық кростарын шығару ғалымдар мен мамандар алдындағы өзекті мәселе болып отыр.

Еліміздегі құс сұрыптау саласындағы белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Қ.Молдажановтың тікелей араласуымен Чехияның “Доминанта” сұрыптау-генетикалық орталығының президенті Милан Тылламен бірқатар келісімдерге қол жеткізілді, атап айтқанда, жұмыртқа бағытындағы тауық кростарының таза бастапқы желілерінің жұмыртқалары немесе тәуліктік балапандары арзандатылған бағамен сатып алынатын болып келісілді. Бұл келісімдердің ұтымды жағы, құстың бастапқы таза желілері арқылы аз уақыт аралығында оның арғытектік және ата-аналық топтарын құрып, құс басының тез арада көбеюінде жатыр. Мақсат – осы жолмен алынған құстардан жергілікті жердің ауа райы жағдайын, азықтық базасын есепке ала отырып, Қазақстандағы қолданылып жүрген технологияларға бейімделген жұмыртқа бағытындағы жаңа отандық тауық кросын шығару. Бүгіндері осы жоспарланған жұмыстар 2015-2019 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу бағдарламасына енгізіліп “КазАгроИнновация” АҚ-ның сараптамалық қарауына өткізілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp