«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙҒАНЫМ ХАНША ҚОНЫСЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саумалкөл ауылын жиектеп өтетін айналма жолмен әрі асып, сүт пісірімдей уақыт жүрген соң қамшылар жақ иықтан Сырымбет тауы көрінді. Асқары көк тіреп, құзар шыңдары қазбауыр бұлттың желкенін жұлмаламаса да, атақ-даңқы әлемге мәшһүр тау. Білетіндердің айтуына қарағанда, географиялық өлшем есебімен тау санатына да жатпауы мүмкін. Әйтсе де, бауырынан жақсылар түлеп ұшқан, ұл-қызы даңқын төрткіл дүниеге мәлім еткен тау бауыры көздің жауын алатын ғажайып табиғатымен ғана емес, Алашқа ардақты ұл-қыздарының кіндік қаны тамып, ержеткен өлкесі, аялар ақ бесігі болғандықтан да сүйікті.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист.

Тура тау етегін бөктерлеп Айғаным ханша қыстауына апаратын жолға іліктік. Бір кезде оқтай түзу, тақтайдай тегіс жол еді, күтімсіздіктен ойдым-ойдым қазаншұңқырлар пайда болыпты. Аттанар жақ қапталда – атақты Құмдыкөл. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, әне бір заманда күмістей суы толқып жататын ғажап, таза, суы бал, жағасы шүйгін көл болса керекті. Қазір жағалауын репейсіз өскен қалың қамыс жауып кеткен екен. Ұшса, көктің жүзін жабатын, қонса, жердің жүзін жабатын қаз-үйрек жыртылып айырылатын үзіліп түскен бір шөкім гауһар сияқты мөлдіреп жататын күміс көлдің ажарына қамыстан кіреуке түскен екен.

Тау бауырынан алыстан мен мұндалап Айғаным ханша қонысы көрінеді. Таяп келгенде көне дәуірдің күні бүгінге дейін сақталып қалған көшірме кейпі қылаң береді. Оқтай түзу қарағайдан шапқан тұрғын үй, мешіт, медресе, одан соң монша, атқора. Сәл әріректе – жел диірмен. Қасиетті қара қоныс мұқият қоршалған. Көлденең жатқан бір бұрау жоқ. Кіреберістегі жармалы қақпа қандай?!

Айғаным – Абылай ханның тұңғыш ұлы Уәлидің кіші әйелі. Яғни, ол – атақ-даңқы әлемге тараған, алты Алаштың басын қосып ел еткен, ақыл-парасатына тең келер жан жаратылмаған ұлы Абылайдың келіні. Жаратылысынан айрықша дарынға, ерекше бітімге ие болған, артына өлмес-өшпес мұра қалдырған, мынау жарық дүниеден құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, ағып өткен ғұлама ғалым Шоқанның әжесі. Негізінде, әуелі ел арасында өзінің айрықша ақылымен, көріктілігімен, білімділігімен, парасаттылығымен ханша атанған. Жалпақ жұрттың қошеметі мен құрметіне ие болған. Тегі – Құдайберлі Бәйімбет, руы – Атығай. Өз әкесі Сарғалдақтың арғы жағы әйгілі Мәлім Қожа. Шынтуайтын айтқанда, Айғаным төре тұқымына жатпайды. Әйтсе де, “қарадан шығып хан болған” демекші, дарқан табиғат сыйлаған, Жаратқан ием маңдайына тарту еткен тағдыр-талайы ханшаны шырқау биікке көтерген. Сөйтіп, сол тұстағы қазақ әйелдері арасында ірі қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріліп, жалпақ елді басқару тізгініне ие болған. Және бір ерекше сипаты – ұлағатты ұл-қыздар тәрбиелеп өсірген ана. Өз ұлы Шыңғыстан бастап, балаларына орыс тілінде білім алуға ықпал етіп, тәлімді тәрбие берген. Білім мен өнерді қасиет тұтқан ханшаның өзі де қазақ және орыс тілдерін өте жетік білген көрінеді. Оған қызмет бабындағы әртүрлі жазбаша құжаттар дәлел бола алады.

Фототілші Төлеген Қосшығұлов екеуіміз қасиетті қара қоныстың табалдырығын “бісмілла” деп аттадық. Заманында Александр І патша Сырымбет қойнауында кешенді қыстау, мекенжай салуға бұйрық шығарған. Осы құрылыстардың жұмысына бес мың сом ақша бөліп, оған қоса үкімет тарапынан 400 сом зейнетақы белгілепті. Сөйтіп, қазіргі күні көне дәуірдің ескірмес естелігіндей болып тұрған осы қасиетті қара қоныстың іргетасы қаланған.

Негізінде, Уәлиханның екі қыстауы болған деседі. Оның бірі Бурабай маңындағы Ханның Қызылағашы деп аталатын қыстау да, екіншісі кіші әйелі Айғанымнан тарайтын ұрпақтардың еншісіне тиген. Дәл осы арада анау тау бауырынан басталып, Жарқынның жалпақ даласына ұласатын қайыңды, қарағайлы, құйқалы өңірді мал-жанына өріс еткен Айғаным ханша Әбден, Мәмке, Шепе, Ханқожа, Әлжан есімді ұлдар мен Рақия, Нүрилә атты екі қыз тәрбиелеп өсірген.

Алдымен тұрғын үйге кірдік. Көне заманнан күмбірлетіп сыр шертетін жиһаздар сол күйі тұр екен. Аралық қабырғалар мен кіреберістерге шамдар ілінген. Жұмсақ диван, оған жабылған әртүрлі аң терілері. Көне бұйымдардың барлығы осы бір үйде сол заманның өзінде өнер мен мәдениеттің шуағы кілкіп тұрғандығын көрсетеді. Ол заманнан бері қаншама уақыт өтпеді десеңізші?! Тарихи құжаттар бұл кешеннің 1824 жылдан 1834 жылға дейін салынғандығын айғақтайды. Сол заманда Алаш даласын зерттеп, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігі туралы құнды деректер қалдырған белгілі оқымысты А.Гейнс Сырымбеттегі Айғаным ханшаның қонысы туралы былай деп жазады: “Оның мекенжайын қалың қарағайлы әсем екі тау қоршап тұрды. Тастақты бір қырқадан асып ылдиға түсе бергенімізде кәдімгі біздегі орта қолды помещиктердің дәстүрінде салынған бірнеше үйлер мен мешітті көзіміз шалды. Шыңғыс пен әйелі тұрған ортадағы үйдің жиһазы помещиктердің жиһазына ұқсайды. Залда 12 пьесаға дейін ойнайтын орган қойылған. Айналар мен дуалдық шамдар ілінген, ортада – хрустальды, үзбелі салпыншағы бар қола шырағдан. Есіктері тұтылған шағын-шағын жібек перделердің шашақ баулары мен өрнектері тұрпатты, көлемді болғанымен, көзге нәзік көрінеді. Қонақ бөлмесіне гарнер немесе Корнилов вазаларын қоюдың орнына қытай вазалары қойылған”. Саяхатшының осы жазбаларында бейнеленген бұйымдар, үй жиһаздары, қасиетті қара қоныстың орналасу тәртібі дәл сол қалпында жайнап тұр.

Шынын айту керек, үркіншілік жылдары Айғаным ханша қонысын өрт те шалған, замананың долы желі де жұлмалаған. Әйтсе де, болат пышақ қап түбінде жата ма, бүгінгі бейне тәлім-тәрбиенің тамаша ошағы болып тұр. Жалпы, Сырымбеттің осы бір қойнауы сырлы тарихқа толы. Көне-көз қариялардың айтуына қарағанда, сол заманның өзінде өнердің өрісін кеңейтуге мейлінше ықпал еткен төре шаңырағында жыршылар мен ақындар, әншілер мен күйшілер жиі-жиі бас қосады екен. Осы төңіректегі ғана емес, ат тұяғы жететін жердің бәрінен. Бәлкім, бала Шоқан да ұлттың ұлағатты қазынасы болып саналатын өнер иелерін көріп, олардың мәжілістеріндегі әсерлі әңгімені тыңдап, бойына сіңіріп өскен шығар. Орынбай, Тоғжан, атақты Шөже, Ақан сері, Жаяу Мұса, Жарылғап, Белгілер Айғаным қонысының қадірлі қонақтары болған. Қара қонысты аралап жүргенде сырлы Сырымбеттің иығынан құлдилап әуезді ән құйылатындай. Сол ән ұшса құстың қанатын талдыратын қазақтың жалпақ даласына біресе аспандап, әуелеп, біресе Ақан атамыздың Қараторғайы тәрізді құлдилап тарап бара жатқан тәрізді. Жалғыз төреліктің, асыл тектің белгісі ғана емес, Алаш жұртына мәңгілік серік болған әдемі өнердің де ғажайып мекені.

Мұнаралары күн сүйген, таза қарағайдан қиып салған мешіт имандылықтың ұясы тәрізді. Дәл төрде ортасынан ашылған қасиетті Құран тұр. Құрқылтайдың ұясы тәрізді жаныңа жылу тарататын Алланың жердегі үйі кейінгі адамзат баласына үнсіз уағыз айтып тұрғандай. Мешіттен шыққан соң қарсы бетте медресе тұр. Өз заманында осы төңіректегі талапты, талантты балаларға имандылық шарттарын ғана емес, білім-ғылымның алғашқы нұр-шуағын себезгілеген ыстық ұя іспетті. Қасиетті қоныстың етек жағында – монша. Әлі өркениеттің лебі сахараның төсіне дендеп енбеген кезеңде салынған. Ішкі кіреберіс, жуынатын, шабынатын орындары, ыстық бу шығатын қондырғысы, жағатын пеші сол қалпында. Бұл да атқан оқтай түп-түзу қарағайдан қиылып салынған. Моншадан төменірек – атқора. Аты атқора болғанымен, адам тұратын мекеннен де жөндемірек. Ішінде соқа, атшалғы, көрік, балта, балға тәрізді шаруашылық бұйымдары. Заты темір бұйымға жарымай отырған заманда күнделікті қажеттілікке орай пайдаланылған заттар және қандай заттар десеңізші?! Айғаным ханшаның заманы түгіл қазір де пайдалануға болатын, бүгінге де керекті ғажайып бұйымдар.

Тарих айтады: 1920-1930 жылдары Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірде әлдебір содырлар осы қонысты қиратқан, әбден бүлдірген. Ал қалған бөренелерінен 1930 жылы Саумалкөл ауылында клуб үйі салыныпты. Сөйтіп, төңірегіне ай нұрындай сырбаз сәуле себезгілеген Айғаным ханшаның мекенжайы 1993 жылға дейін қаңырап бос жатты. Көне жұрты ғана. 1985 жылы Шоқан Уәлихановтың республикалық тарихи-этнографиялық мұражайы ашылды. Сол тойдың қарсаңында Сырымбет ауылы бір жасарып қалды. Қазақтың “Жақсы әке – қырық жыл азық” дейтіні рас. Қырық жыл ғана емес, жүз жыл өткесін де, жүз елу жыл өткесін де жақсылық шарапаты тиіп жатыр. Сол тойдың тұсында Сырымбет баурайындағы аңыз-ертегіге айналған Уәлихановтар қонысын қайтадан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Негізінен Шоқанның ата қонысы туралы салған суреттері басшылыққа алынды. Сөйтіп, ел игілігіне жаратылған қара қоныс сырлы Сырымбеттің баурайында өзінің қайталанбас ғажайып кейпімен сыр шертіп тұр. Қазір мұнда Шоқанның тарихи-этнографиялық мұражайы мен Айғаным мекенжайы біріктіріліп, Сырымбеттегі мұражай кешенін құрап отыр. Мұражай қызметкерлерінің айтуына қарағанда, тоғыз мыңға таяу экспонат бар екен.

Келушілер бір үзілмейтін көрінеді. Сырымбет баурайында болғанымызда Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданының мектеп оқушылары өлкетану мақсатымен арнайы келіп, тамашалап жүр екен. Қос облыстың адамдарын айтпағанда, Вьетнам, Қытай, Америка, Түркия, Германия тәрізді қиян шалғайдан қонақтар келіп, көне дәуірдің тылсымынан шым-шымдап сыр ұққанға ұқсайды.

Ауыл орталығындағы этнографиялық мұражайды аралап, тарихи жәдігерлерді суретке түсіріп, есте жоқ ескі күндердің елесін ойша тірілтіп, кері аттандық. Сәл ұзай бере фототілші Төлеген Қосшығұлов ауылдың сыртқы кейпін суретке түсіріп алу үшін аялдады.

– Байқайсың ба, – дейді ол, – жусан иісі аңқитын тәрізді.

– Жусан иісі ғана емес, – деймін мен, – жұпар иісі. Сырлы тау Сырымбеттің қойнауында ғұмыр кешкен, ұрпағының, ұрпағының ғана емес, күллі ұлтының жақсылығын аңсаған Айғаным ханша әжеміздің әзіз арманының, ғазиз жанының, ұлы мұраттарының самал болып желпіп өткен иісі тәрізді.

Құмарлана жұттық кеп…

Айыртау ауданы.

Суретті түсірген  

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp