№17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің бастауыш сынып мұғалімі.
№17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде 2009 жылдан қазақ тілінде оқытатын сыныптар көбеюде. Бүгінгі таңда аталмыш мектепте мемлекеттік тілде 6 сынып, бір мектепалды даярлық тобы, шағын орталық жұмыс істеуде.
Мектебіміздің директоры міндетін атқарушы Зура Ыбыраева оқу-тәрбие үдерісіне жаңашыл идеяларды енгізуге көптеген ғылыми ізденістер жасап, мұғалімдердің шығармашылық дамуына үлесін қосуда. Сонымен қатар, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен сапалы білім беруге де барлық жағдай жасалған. Сабаққа дайындалу үшін ұйымдастырылған ұзартылған күн тобы, түрлі үйірмелерге қатысу – осының бәрі мектептегі оқушы үшін жасалған жағдай, яғни оқушылар тікелей мектептегі ортадан көбірек нәр алады. Атап айтатын болсам, бастауыш сыныптарда тілдер фестивалі аясында “Атадан қалған асыл сөз” атты ұлттық дәстүрге бағытталған шара өтті. Бұл шараның мақсаты халық ауыз әдебиетін оқушылар санасына сіңіру, ақылды, салмақты сөз айтуға, тапқыр оймен, шешен сөйлеуге көңіл бөлу, шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру болатын. Мақал-мәтел айтылып, жұмбақ шешіліп, ертегі-аңыздан көріністер қойылды. Мерекеміз әсем әуендермен, ұлттық билермен әрлендірілді. Ортаның безендірілуі мерекеге сай болды. Шараның көркем өтуіне ата-аналар да өз үлестерін қосты. Олар өз тарапынан ризашылық білдіріп, жас ұрпақтың жүрегіне мәңгілік рухани құндылықтар дәнін сеуіп, білім нұрын шашқан мұғалімдер қауымына ұзақ ғұмыр, денсаулық, шәкірттеріне шынайы сүйіспеншілік тіледі.
Петропавл қаласы.