«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ӨҢДЕУГЕ 130 миллиард теңге қарастырылмақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұрнағы күні Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамыту,  елді сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі  талқыланды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге әсер ететін факторларға кеңінен тоқталған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың айтуынша, өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға қол жеткізуге болады. Ол үшін өңдеуші кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз етіп, дайын азық-түлікті жоғары технологиямен өндіру, дайын өнімді өткізу мәселесінің оңтайлы шешілуін қамтамасыз ету қажет.

Бюджет қаржысын тиімді жұмсап, қайтарымдылығына қол жеткізуде сүт, ет, май, макарон, жеміс, көкөніс, қант, теріні бастапқы өңдеу сияқты өңдеу түрлері қайта өңдеу өнеркәсібінің басым бағыттарының қатарында. Мәселен, сүт өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2020 жылға дейін 212 сүт қабылдау орнын және 2 мың шағын сүттауар фермасын ашу, сүт таситын 400 көлік сатып алу көзделген. Аталған бағыттар қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша Шеберлік жоспарына енгізіліп, шараның Бірыңғай кешенді жоспары құрылды. Соңғы құжат жақында Үкіметтің бекітуіне жіберілмек.

Асылжан Мамытбеков өнімге салынатын салық сомасын азайту, кәсіпорындарды орауыш материалдармен қамтамасыз ету, нарықты жасырын демпингтен қорғау, отандық өнімдерді сатуды ұлғайтуға жәрдемдесу мәселелеріне де тоқталып өтті.

Үкімет басшысы қайта өңдеу саласын дамытудағы негізі бағыттар “Агробизнес – 2020” бағдарламасында айқындалып, өңдеу саласын дамыту үшін 2020 жылға дейін тек мемлекет тарапынан қолдауға 130 миллиард теңге қарастырылып отырғанын айтты. “Салалық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін әзірленген Шеберлік жоспарында нақты қолдау шаралары, қажетті қаржының жыл сайынғы көлемі барынша тыңғылықты жазылған. Салааралық үйлестіру мәселелері кешенді жоспар аясында көрініс табуы әрі шешілуі тиіс”, – деген Премьер-Министр осы ретте Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ұсыныстар мен ескертулер негізінде, қабылданған шешімдердің жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Отырыс барысында “Сүт одағы” ЖШС-нің директоры Анатолий Кузлякин сөз алып, қатты ірімшік және сары майды өндіру, сондай-ақ қосалқы өңдеу жабдығын жаңарту мәселесіне де көңіл бөлу қажеттігі жайында өз ұсынысын білдірді.

Үкіметтің селекторлық отырысынан кейін облыс әкімі Самат Ескендіров қаралған мәселелер бойынша жергілікті жердегі жағдайды пысықтап, “Қазагромаркетинг” акционерлік қоғамы филиалының директоры Болатбек Мұқашевқа өңірде шығарылатын барлық ауыл шаруашылығы өнімдерін Астана қаласындағы азық-түлік белдеуіне шығаруды тапсырды. Ал Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Александр Иванищев өңірдегі өңдеу саласындағы бірқатар мәселелерге тоқталып, тұрғындарды сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету үшін қондырғыларды жаңарту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу қажеттігін айтты. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp