Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аумалы-төкпелі заманның салқыны тиіп, балабақша болып талай жыл істеп келген бұл екі қабатты ғимарат кейін Петропавл қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі болып шыға келді. Сөйтіп, тағы бір балабақшаның жанында естілетін балалардың шат күлкісі сап тыйылды. Биыл аталған ғимарат бүлдіршіндер игілігі үшін қайтарып алынды.
Казахстанская правда көшесі №35 мекенжайда орналасқан бұл ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары қыркүйек айының орта тұсында басталыпты. Оны “Пилон” құрылыс компаниясы жүргізуде.
– Құрылысшылар жұмысқа алғашқы күннен білек сыбана кірісіп кетті. Содан да шығар, бүгінге дейін біраз шаруаның басын қайырып үлгердік. Алдымен балабақшаның қабырғалары бұзылып, оның ішінде қалқалар салынып, жеке-жеке бөлектеу жүргізілді. Ғимараттың қасбеті толық сыланды. Сәкі жаңадан салынуда. Шатырға қатысты жұмыстар да қызу атқарылуда. Оған металл жабынқыш төселетін болады, – дейді құрылыс шебері Станислав Степанов.
Нысанды жөндеуге жұмылдырылған 30 жұмысшының бір бөлігін балабақша ауласынан көрдік. Бұл жерде бойлап өсіп кеткен ағаштар кесіліп, іле сыртқа шығарылуда. Қатқабат жүргізіліп жатқан басқа жұмыстарға келсек, балалар алаңын жасау қолға алынған. Атап айтқанда, алдағы уақытта әлі де атқарылатын қыруар іс бар. Дегенмен, олардың бәрі де тиісті кестеге сай тындырылып, құрылысшылар балабақшаны 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында тапсыруды көздеп отыр.
СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) Сергей Карманов пен Евгений Турбин жұмыс үстінде.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.