Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының жедел деректері бойынша кешегі күнге дейін барлық дәнді дақылдар алқабының 93,3 пайызы немесе 3334,4 мың гектары жинап алынды. Бастырылған астық 4854,9 мың тоннаны құрады. Гектар шығымдылығы орта есеппен 14,6 центнерден айналып отыр. Бұл өткен жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 1,8 центнерге жоғары. Танап берекелілігі жөнінен сәйкес түрде 16,8, 16,7 және 16,2 центнерден өнім жинап жатқан М.Жұмабаев, Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың диқандары алда келеді. Ал ең төмен өнім алып жатқан Тимирязев (11,0 центнерден) және Ақжар (11,9 центнерден) аудандары көш соңында қалып отыр.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты майлы дақылдарды жинау жұмыстары жоспарланған мерзімінен кештеу жүріп жатыр. Барлық алқаптың 340,9 мың гектары немесе 77,6 пайызы орылды. Ал жинап алынғаны – 201,0 мың гектар немесе 45,8 пайыз. Орта есеппен гектар басы 12,5 центнерден өнім алынуда.
510,0 мың тонна көлеміндегі тұқым қорын толық құйып алған облыс егіншілері келер жылғы егіс қамы үшін танаптарды сабаннан тазартып, қар түскенше сүдігер жыртуды еңсеріп тастамақшы.