«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРАЙСЫҢ, АЙЖАН!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Айжанды бала кезден білгендіктен, 27 жылдан кейін оны іскер әйел бейнесінде көз алдыма елестету қиынға соққан жоқ. Менен 4-5 жас қана үлкендігі бар ауылдасымның бой жетіп, тұрмыс құрып кеткен кезі әлі есімде. Араға жылдар салып, оны тұрмыс құрған ауылына іздеп барғанымда көздері күлімдеген орта жастағы әйелдің Айжан екенін жазбай таныдым. Қора-қопсысы мен үй орамын жалтыратып сыпырып қойған үй иелерінің тазалыққа жақын, еңбекқор екендігі аңғарылады. Үйінің іші де жып-жинақы, жайлы екен. Иә, мен білетін Айжанның шаңырағы дәл осылай болса керек, деймін ішімнен.

Есіл ауданындағы Мәдениет ауылы – сегіз отбасыдан ғана құралып, елдігін сақтап отырған шағын елді мекен. Олардың қотанындағы шаруа қожалықтары жерін сенімді басқаруға беріп, ауылды тастап, көшіп кеткендеріне де қай заман?! Мұнда мәдениет ошақтары түгіл, бастауыш мектептің өзі әу бастан жоқ. Бірақ ауылда қалған отбасылар бұл жерден көшу туралы әңгімені, тіпті, қозғамайды. Солардың бірі – осы Ержановтар отбасысы.

– Ауылымыз қолайлы жерге орналасқан. Петропавл – Сергеевка тас жолының бойында. Аудан орталығы таяқ тастам жерде. Айналамыз мал жайылымына ыңғайлы. Су – маңымызда. Бұдан басқа не керек?! Мен келін болып түскен жылы мұнда 27 үй болатын. Содан бері балаларының болашағын ойлаған кейбір ауылдастар көшіп кетті, ал біз қозғалмадық. Осылайша өмір сүріп жатырмыз, – дейді Айжан Жұмағұлқызы.

Ол отбасылық табысты құс шаруашылығынан қалай алатындығы туралы әңгімеледі:

– Қазды өзіміз шығарамыз. 4-5 инкубатор сатып алып, онда мамыр айында үйрек, қаз, тауықтың жұмыртқасын бастырып, алғашқы шыққандарын сатып, жемазықтық ақша жасаймыз да, соңғы жағындағыларды өзіміз өсіреміз, – деді.

Шындығында, құс фабрикасынан бір қаздың балапанын бір мың теңгеден сатып алғаннан гөрі, одан бір данасы 250 теңге тұратын жұмыртқа алып, өзің бастырған ыңғайлы екен-ау деген ойда қалдық. Алайда, бұл кәсіпке де ептілік пен біліктіліктің керек екендігі сөзсіз. Құс етінің күзде өздеріне және алыста жүрген балаларына азық, сатса, табыс, одан қалды туған-туыстарына жақсы сәлемдеме екендігін айтқан кезде Айжанның мінезінде баяғы қыз күніндегі бауырмалдық әлі де жоғалмапты-ау деген ой менің санамда қылаң ете қалды.

Ал оның жұбайы Жылқыбай талай жыл ішкі істер органдарында қызмет етіп, осыдан 7 жыл бұрын зейнеткерлікке шығыпты. Ол өзі жұмысбасты болып аудан орталығында, кейін облыста еңбек еткен жылдары үй шаруасында ер адамның жоқтығын білдірмей, барлық жұмысты ұршықтай үйірген зайыбына разы екен. Ал қазір үйдегі ауыр жұмыстардың бәрін өзі атқарады. Бүгінде ерлі-зайыптылар үй шаруасын бірге күйттеп, отбасылық кәсіптен бірге табыс тауып отыр. “Жұбайым көп көмектеседі. Мен бір жаққа жол жүріп кетсем, биелер мен алты сиырды өзі сауа береді”, – деп қасында отырған жарына сүйіспеншілікпен қарап қояды Айжан.

Ал осыдан бірнеше жыл бұрын ол заман сұранысына орай маңдай терімен табылатын сүт тағамдарын табыс көзіне айналдыруды қолға алыпты. Бүгінде екі бие сауып, қымыз саудасынан түскен тапсырыстарды орындайды. “Қымызды үйден әкетеді. Жаз айларында екі биеден 9-11 литрге дейін сүт сауылады. Тапсырыс көп болғанда түнгі сағат 2-3-ке дейін бие сауатын күндер болады”, – дейді күліп.

Ауыл үлкен жолдың үстінде тұрғандықтан ба, әлде басқа себеп бар ма, бұл маңды “барымташылар” жиі торуылдайтын көрінеді. Жылқының қанша басы қолды болғанының есебінен жаңылған Айжан бір мал жоғалса, ертеңіне екінші төл мол ырысын ала келеді, деген ойын жеткізді. Бұл, әрине, отбасының амандығын тілеп, тәубесін ұмытпайтын қазақ әйеліне тән мінез.

Айжанның тағы бір ұнамды қылығы – өзіне немесе отбасысына көмектескен адамға деген ризашылығының ортаймайтындығы. “Малдан табыс табуға қолқа салып, үйретіп, талай көмектескен – Сарқыт Некібаев деген кісі. Ол ауылдық округтің әкімі болып тұрған кезде біздің ахуалымыз көп жақсарып қалды”, – деп еске алып, алғысын білдірді. Сол басшы азаматтың ақыл-кеңесімен Ержановтар отбасы 2011 жылы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша 1 миллион теңге несие алып, 2 бие мен бір айғыр сатып алыпты.

– Біздің маңның шөбін жеген малдың еті мен сүті дәмді. Қымыз баптағанда ісіңе мұқият көңіл бөліп, ниетің дұрыс болса, қымызың да балдай болады. Қымыз сатып алуға Петропавл қаласынан келетіндер көп. Литрі – 500 теңге. Күнде тапсырыс түседі. Бүгінде той-томалақтардың да қымызбен өтетіні тәуір болды. 60 литрге дейін тапсырыс аламыз. Ондайда осы ауылдағы қайын сіңлімнің, өз сіңлімнің қымызын қосып, тапсырысты орындаймыз. Отағасы алдағы жылдары жылқы басын көбейтпек. Еңбек етуге ерінбесең, табыс табуға болады, – дейді.

Ірі қараның май, қаймағын, сүтін айына екі-үш рет облыс орталығындағы базарға апарып сату да дағдылы іске айналған. Ол қалада тұтынушы іздеп әуре болмайды. Өйткені, Айжанның дайындаған өнімдерін бір рет алған адам екінші рет оны өзі іздеп табады.

Ауыл маңында жайылым болғанымен, шабындық жер жоқ. Мұндағылар маңайдағы орман бауырындағы жерлерді шауып, шөп жинап алса жақсы, болмаса сатып алады. Сондай-ақ шаруа қожалығына берген пайларынан жемшөп үлестері бар. “Қалаға көшіп кеткен ауылдастарымыздың пайларын алып, оларға үлестерін еттей, сүттей, ақшалай қайтарамыз. Сондай-ақ 15 бас қой мен 3 ешкім бар. Оның да түбіт-жүні қыс айларында ермек. Олардан шұлық-қолғап тоқып сатамын, ол да тиын-тебен шығарады”, – дейді еңбекқор әйел.

Осылайша Айжан Жұмағұлқызының еңбекқорлығы мен жігерлілігіне тағы бір тәнті болып, онымен ауылдас екенімді мақтан тұтып қайттым. Әрине, үй шаруасын кез келген отанасы Айжан сияқты ұйымдастырса, өңірімізде әлеуетті отбасылар қатары көбейері сөзсіз. Сондықтан еңбегімен өзін ғана емес, отбасысын асырап отырған ауылдасымды көрген кезде көңілім шалқыды.

СУРЕТТЕ: А. ЕРЖАНОВА.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp