Петропавл – Сергеевка тас жолының бойындағы Қызылжар ауданына қарасты Рассвет ауылының жанындағы жолаушылар бекеті әрлі-берлі өтіп жатқан жүргіншілердің назарын өзіне бірден аударады.
Қызыл кірпіштен қаланған әсем ғимаратта жеке кәсіпкер Светлана Мануйлованың “Кристал” дәмханасы, техникалық қызмет көрсету станциясы (ТҚС), шина жинақтау қосыны орналасқан.
– Мен өзім Есіл өзенінің ар жақ бетіндегі Новоникольское ауылында тұрамын. Құдай қосқан қосағым, бұл күні о дүниелік болған Евгений Юрьевич екеуміз кеңшарлар тарай бастаған кезде, сол кездің ағымына орай алыпсатарлықпен айналыстық. Негізінен ет саудасымен. Бірақ оның тиімді кәсіп болмайтындығын техникумды инженер-механик мамандығы бойынша тамамдаған ерім дер кезінде түсінген сияқты. “Цесна банк” филиалынан қомақты кредит алып, аумағы 200 шаршы метрді құрайтын осы құрылысты салуға кірісті. Өз кәсібіне орай ғимараттың тең жартысын ТҚС мен шина жинақтау қосынына арнады. Екінші бөлігін дәмхана етіп жабдықтады. Осы нысанымыздың жұмыс істей бастағанына да 6 жыл болып қалыпты. Кезінде есепші болып еңбек еткенмін. Ерім бастаған істі жалғастырып жүрмін. Кредиттен дер кезінде құтылдым, – дейді Светлана Анатольевна.
Аталмыш нысанда екі ауысыммен 8 адам еңбек етеді. 25 орындық дәмхана Еуропа үлгісімен жабдықталған. Күнбе-күнгі қажетті тауарлармен сауда жасайтын буфет те осында. Бармен Елена Шоқаева босағадан аттаған жолаушыларды жылы жүзбен қарсы алып, олардың көңілінен шығу үшін қажетті жағдайдың бәрін жасайды.
– Бізден түстенуге келген адамдардың үйлеріндегідей тамақ ішкісі келетіндігін жақсы түсінеміз. Сондықтан ас мәзірінің құнарлылығына және сапалылығына баса назар аударамыз. Асығыс жүргендерге шай, кофемен бірге жаңа піскен құймақ, бәліш, самса ұсына аламыз. Тоя тамақтанамын десеңіз, ыстық сорпа да, екінші ас та табылады. Наталья Гайкова, Татьяна Сафонова әзірлейтін тағам тіл үйіреді. Әйтеуір, күніне кемінде 100 адамға қызмет көрсетеміз, – дейді өз ісін дөңгелетіп отырған Светлана Мануйлова.
СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) бармен Е.Шоқаева мен жеке кәсіпкер С.Мануйлова.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.