Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша шағын кредит алып, өз ісін алға бастырып отырғандардың бірі – Мамлют ауданының Становое ауылындағы Нина Сюникаеваның шаруа қожалығы. Небары 270 гектар егістік жерге иелік етіп, оның 150 гектарына бидай және 50 гектарына арпа өсіріп, сондай-ақ 250 бастан астам қой ұстап отырған отбасылық шағын шаруа қожалығына мемлекеттен жеңілдікпен алған кредит орайын тапқан іс болды. “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы арқылы осындай қаржылық қолдау көмегін алуға болатынын білген қожалық басшысы өзінің бизнес-жоспарының жобасын дайындап, оны ілгері жылжыту үшін аудандық жұмыспен қамту орталығына өтініш берген. Сәтін салып, одан қолдау алғаннан кейін, келесі өтінішпен қаржылық қордың филиалына шыққан. Ондағы мамандардың көмегімен Ислам даму банкінің қаржысы есебінен берілетін “Сәтті” (“Мурабаха”) бағдарламасының кредитін алуға таңдау жасады.
Сөйтіп, шаруа қожалығы қордың 3 миллион теңге кредитіне қысқа мерзімде қол жеткізді. Шаруа басшысының алдымен қордың кредиттеу шарттары көңілінен шықты. Алған қарыздың жылдық 6 пайыздық сыйақысы онша көп еместігі ұнады. Өз мүмкіндігін екшеген Нина Николаевна үш жылға дейін берілетін кредитті екі жыл мерзімге алып, өтем мүмкіндігіне қарай жылдам есеп айырысуды көздеген ол кредиттің 1 миллион теңгесін осы қазан айында қайтарғалы отыр. Кредиттің мақсатына сәйкес қожалықтың негізгі қорын толықтыру үшін жаңа “МТЗ-12-21-2” тракторын сатып алды. “Вираж” фирмасы арқылы қолма-қол ақшаға сатып алынған бұл трактор оларға барлығы 6,28 миллион теңгеге түсті. Оның 3 миллион теңгесін қордан алған кредитпен жауып, қалған соманы отбасысының өз қаржысынан салды.
– Бұған дейін қолымызда екі “Енисей – 1200” комбайны, екі “МТЗ-80” және екі “ДТ-75” тракторы, қос “СЗС-2,1” тұқым себу агрегаттары мен басқа да ұсақ құрал болған. Енді оған, міне, жаңа тағы бір доңғалақты трактор қосып отырмыз. Бұл – техникалық қуатымыз арта түсті деген сөз. Жаңаның аты жаңа ғой, бұрынғы тракторларымыз сынып, жиі-жиі тоқтап қалатын болса, осы ораққа толық қатысқан жаңа тракторымыз танаптан қоймаға астық тасымалында қамшы салдырған жоқ. Қаржылық қордың көмегі болмағанда оған биыл, мүмкін, келесі жылда да қолымыз жете қоюы екіталай екені рас. Алдағы уақытта қормен байланысымды үзбей, ынтымақтастықта жұмыс жүргізу ойым бар. Ауыл еңбеккерлерін қолдайтын қазіргіден де тартымды жаңа бағдарламалар ашыларына сенімдімін, – дейді қожалық басшысы.
Қожалық биылғы орақ жұмыстарын ауданда алғашқылардың бірі болып аяқтап шықты. Дәнді дақылдардың 200 гектар алқабынан 18 центнердің үстінде астық жинады. Бір қолда ұстаған техникалары сыр берген жоқ, егін алқаптарын алдымен дестеге түсіріп, содан кейін бөлектеп орып, жинап алды. Бұл жұмыста кәнігі механизатор, отағасы Варис Идрисұлының өзі бас болып, ұлы Вариспен бірге екі комбайнда қатар істеген. Сондай-ақ өздеріне көмекшілікке жиендері Радик Ефаровты тартқан. Осылайша жұмыла жұмыс істеулерінің нәтижесінде биылғы өте күрделі ауа райы жағдайында бітік өнген астықты жауын-шашынға тигізбей, ысырапсыз жинап, толық қоймаға түсірді.
Варис Идрисұлы әңгіме арнасын мал шаруашылығына қарай бұрды:
– Ауылда тұрған соң мал ұстамай болмайды. Егіншілік – маусымдық жұмыс, жиын-терім аяқталған соң алты ай қыста қалай қол қусырып қарап отырасың?! Аз болсын, көп болсын қораңда мал ұстап, соның ырыздығын нәсіп еткен жөн. Біздің Становое ауылы – ежелден малсақтығымен танылған мекен, үй басындағы қойларының көптігімен көзге түскен. 20-30 бастан қой ұстайтындар әлі де жеткілікті. Өзіміз осы қой өсіруді отбасы қожалығымыздың екінші саласына айналдырғымыз келеді. Қазір қожалықтағы ауламызда 250 бастан астам қой бар, оның 150 шақтысы – саулық. Келешекте өзіміз бүгінде игілігін көріп отырған Ислам даму банкінің “Мурабаха” бағдарламасынан тағы да кредит алып, мал басын көбейту және асылдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарымызда бар. Аталмыш қаржы қорының таза мұсылмандық адал ниеттегі іс-шараларды қолдайтыны бізді қуантады. Мұндай төмен жылдық сыйақылы, кез келген өтімді мүліктер кепілдігін қамтамасыз етуге жарамды қор қаржысы табыла бермейді. Өзіміз осындай мүмкіндік беріп отырған ауыл шаруашылығын қолдау қорына өте ризамыз, – деді ол.
Қазірдің өзінде қыстатылатын саулық қойларға жеке қора салу қажет болып отырған қожалыққа мал басын одан әрі көбейту жоспарын жүзеге асыру үшін материалдық базасын нығайтуды ойластырмаса болмайды. Осы мәселені көңіліне түйген қожалық басшысы Нина Сюникаева алған қаржысын қайтарғаннан кейін қордан тағы кредит сұрамақшы. Ал Ислам банкінің мұндай мақсатқа тағы да кредит бере алатынына сенімі зор. Сөйтіп барып қана қожалықтың материалдық және жемазық базасын нығайту мүмкіндігі туады, бұл дегеніміз – мал басын көбейтудің алғышарттарының бірі.
Қожалық қазір жаңадан алған трактордың арқасында 150 тоннадан астам шөп дайындап, егін алқаптарындағы арпа мен бидай сабанын толық тасып алуға күш салуда. Өйткені, қолдағы қойдан басқа он бастан аса жылқы мен осыншама ірі қараға да қыруар жемазық қоры қажет.
СУРЕТТЕ: Н. Сюникаева.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.