“Тәрбие тал бесіктен басталады” дейді атам қазақ. Ақ бесікке бөленген сәби әже әлдиімен тербеліп, ана тәрбиесінен нәр алып өссе, күні ертең ол баланың нағыз азамат болары анық қой.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бірақ бұл орынды ойымыздың бір әттеген-айы бар. “Ұлпанның” бүгінгі санында осы жайында ой тарқатпақпыз. Сонымен, ана мен бала жайында сөз қозғар болсақ, әрине, бүгінгі таңда әр отбасындағы сәби санының шектеулі екенін алға тартқан жөн болады. Қазір шаңырақты шаттыққа бөлеп, ата-анасына қуаныш сыйлап жүрген балапандар саны әр отбасыда біреу немесе екеуден ғана. Төрт-бес баласы бар отбасылар бүгінде саусақпен санаулы ғана. Неге дейсіз бе? Бұл сұрақтың жауабы көп. Алдымен баспананың болмауы, содан кейін тұрақты жұмыс орнының жоқтығы, қымбатшылық, материалдық жағдай және тағы басқа да үлкенді-кішілі мәселелер жетерлік. Ұзын-сонар осы тізімге қарап отырсаң, “қазақтың саны қашан көбейер екен?” деген ой еріксіз санаңды жаулап алады. Әрине, бүгінгі жастар оқыған, тоқыған, олар әр баланың өмірге келуін жоспарлап, жан-жақты таразылап алады. Себебі, бұл – үлкен жауапкершілік. Сонымен қатар қыруар қаражатты қажет ететін жайт болып табылады. Бірақ қиындықтан қаймықпай, “Алтын алқалы” аналарымыздың жолын жалғастырып келе жатқан жеңгелер де аз емес. “Бар байлығым – балам” деген кең пейіл аналарға бала тәрбиесі үшін алатын азғантай ақшаның өзі ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Шіркін-ай, осы қаражат сәби үш жасқа келгенше төленсе жақсы болар еді. Баршаға белгілі, бала бір жасқа толған соң мемлекет жағынан көрсетілетін мұндай көмек тоқтатылады. Сөйтіп, кірістен шығыс көбейіп кетеді. Бұл мәселені бір жақты етіп, отбасысына көмек қолын бергісі келген аналар көп жағдайда жұмысқа шығуға мәжбүр болады. Міне, осы кезден бастап бала тәрбиесі әкенің, не болмаса әженің, тіпті кей кездерде бала бағушының еншісінде кетіп жатады. Ал ана болса: “қайтсем баламның жағдайын жасаймын” деп алтын уақытты жоғалтып алады. Мұндай көріністі бүгінде әрбір екінші отбасыдан көруге болады. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға оңай емес екені айдан анық. Сондықтан да бала болашағын бүгін ойлап, оның жарқын болуы үшін қоғам болып атсалысуымыз керек.
Осыдан бірер жыл бұрын өңірімізде бала туу санын арттыру мақсатында “Ұрпақ қоры” бағдарламасы қолға алынып, бір қуанып қалып едік. Бірақ белгілі себептерге байланысты ол бағдарлама өз жұмысын тоқтатты. Сөздің шыны керек, бұл бағдарлама көптеген отбасыға сәби күлкісімен қатар, бала болашағына деген нық сенім сыйлап еді. Әттең…