Жерлесіміз Төлеген Жетпісбаев Талдықорған қаласында қазақ күресінен өткен Қазақстан кубогында 70 кг. салмақта жеңіске жетіп, облыс тарихында алғашқы кубок иегері атанды.
Сайыста өңір намысын Төлеген Жетпісбаевпен бірге тағы 4 жерлестеріміз – Айдар Дүйсембаев (60 кг.), Абзал Ғабдуллин (80кг.), Алтынбек Аусағитов (80 кг.) және Дәурен Есләмов (90 кг.) қорғаған болатын.
Бұған дейін Жамбыл ауданының тумасы, 28 жастағы Төлеген Семейде Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі жолындағы халықаралық турнирде күміс медальды еншілеген еді.
Енді балалар мен жасөспірімдер күрес спорт мектебінің жаттықтырушысы Төлеген Жетпісбаев ел құрамасы сапында қараша айында Германияда өтетін қазақ күресінен әлем кубогында ел намысын қорғайтын болады.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.