Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша Шал ақын ауданының орталығында салынып жатқан 250 орындық емхана алдағы жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде. Екі қабатты, астында “Жедел жәрдем” көліктерін қоятын кең жертөлесі, маңында қажетті шаруашылық қосындары бар нысанның жалпы аумағы 2400 шаршы метрді құрайды. Онда құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан мердігер – “Ақниет-Астана” ЖШС.
– Тапсырыс берушінің қойған талабы бойынша біз бұл нысанды 20 желтоқсанда бітіруіміз керек болатын. Алайда, өткен қыстың суықтығы мен жаздың бір жарым айының жауынды-шашынды болып, құрылысымыз бөгеліп қалды. Сондықтан ғимараттың тапсырылу мерзімін 20 наурызға дейін жылжытып отырғанымызбен, жұмысты одан да ерте тапсыру үшін қимылдап жатырмыз, – дейді құрылыс прорабы Ерғали Шаймерденов.
Бүгінгі таңда аталмыш құрылыста 107 адам еңбек етеді. Компания құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу үшін білікті мамандарды Петропавл, Астана, Қостанай, Көкшетау, Ақтөбе қалаларынан әкелген. Ал жергілікті тұрғындардан 27 адам жұмыс істейді. Қатардағы жұмысшылар айына 45-50 мың теңге тапса, білікті мамандарға 150-180 мың теңгеге дейін еңбекақы төленеді. Жақында ішкі сылақ жұмыстарына қосымша 48 маман, жылу жүйесі құбырларын тарту үшін 15 адам келмекші. Мұнда электр энергиясын, жылу қазандығы мен құбырларды, пластик терезелерді, кәріз су құбырларын тартуға арнайы мамандар шақыртылып, олар өз жұмыстарын атқаруда.
Құрылыс материалдары – отандық тауарлар. Қызыл кірпіш Астана, Қостанай, Көкшетау қалаларынан тасылса, дайын тақта-қабырғалар Астана мен Омбы қалаларынан әкелінуде. Ресейден тасымалдау оңайға түсіп отырған жоқ, алайда елімізде ондай өнімді қажетінше шығаратын зауыт болмағандықтан, оларды қымбат болса да көрші мемлекеттен тасуға мәжбүр.
– Бүгінде құрылыс материалдарын өндірушілер сапалы жұмыс істейді. Тек кірпіштерді үш зауыттан сатып алуға тура келеді, өйткені, бір жерден жеткілікті мөлшерде тауар табу қиын. Лифтінің шахтасы Беларусь елінен алдырылды. Терезелер астаналық өндірушіден әкелінді, – дейді Ерғали Сапарұлы.
Жаңа емхана заманауи сәулет бойынша салыну үстінде. Онда барлық жағдай қарастырылған. Мердігерлер ғимарат айналасын абаттандыру шараларын да қолға алыпты. Осы жұмыстарды жүргізу үшін компанияның техникасы жеткілікті әрі бәрі де жаңа екендігі аңғарылады. Мердігерлер үшін басты мақсат екінші рет белгіленген мерзімінде нысанды тапсыру болса, шалақындықтар ол күнге тез жетуді күтуде.
СУРЕТТЕ: бас мердігердің прорабы Е. Шаймерденов пен қосымша мердігер – “БАМ ТТ” ЖШС-нің прорабы Е.Дылдыбаев құрылысты ақылдасып жүргізу үстінде.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.