«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ШЕШЕ КӨРГЕН ТОН ПІШЕР” деген сөз Бақытқа қарап айтылғандай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Іскерлік – төзімділікпен еселенетін еңбек. Адам өз бойындағы қабілетін түсініп, оны сүйікті ісіне айналдыра алса, одан өзі ғана емес, өзгелер де көп нәрсені ұтады. Тігіншіліктің маған қол екенін бала күннен сезгенмін, – деген бескөлдік Бақыт Сейілова бұл кәсіпті қалай таңдағанын әрі қарай баяндады: – Менің нағашы әжем ісмер болатын. Анам да он саусағынан өнер тамған адам. Оларға қарап өскен менің бұл өнерге жақын болмауым мүмкін емес еді. Ауылдастарымыз анамды ұстаздығымен қатар, шебер тігінші ретінде жақсы танып, көрген жерлерінде оған үлкен сыйластықтарын білдіріп жүретін. Сондай-ақ өзіне жарасымды киімдерді тігіп алып, өз ортасында жарқырап жүретін адамды кім ұнатпайды?! Осының барлығы менің бала көңілімде әсерлі із қалдырған. Сол кездің өзінде мен анама ұқсағым келетін. Ал оның маған арнап тіккен киімдерімен мен де ерекшеленіп, құрбы-құрдастарымның алдында беделім көтеріліп, мәз-мейрам болып жүретін балалық бал дәуренім әлі күнге дейін есімде. Сондықтан болар, тігіншілік мамандығын таңдадым, – деді.

Ол өз мамандығын отбасылық кәсіптің жалғастығы деп біледі. Оның қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ұстаздық еткен анасы Қайыржан Сердәліқызы сонау кеңестік дәуірде ателье ашып, оны қосымша табыс етсе, бүгінде ол бастаманы қызы жалғастырып жүр. Бақыт Серікқызы бұл кәсіпті табыс көзі етіп жүргеніне біраз жыл болса да, оның жеке кәсіпкерлік ретінде құжатталғанына биыл үшінші жыл ғана. Мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары туралы ақпараттарға қанық Бақыт Сейілова 2010 жылы “Бизнес-өңір” бағдарламасынан өз несібесін алып, сол жылдан өзінің сүйікті ісінің тасы өрге домалай бастағанын айтады. Оны одан әрі жандандырып, іскерлік ортасын кеңейтуді көздеген ол биыл “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттің қаржылай қолдауын тағы бір пайдалануды жөн көрген. Кәсіпкердің “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның өңірлік филиалына берген өтініші аз уақыттың ішінде қаралып, маусым айының ортасында оның банктегі есепшотына 2,8 миллион теңге қаржы түседі. Ол қаржы институтына ұсынған бизнес-жобасында кәсіпкер тігіншілікке қажетті шикізат пен құрал-жабдықтардың керектігін ашып айтады. Бүгінде ол ақшаға маталар мен фурнитуралар, пішіп-кесуге арналған үстел мен шетелдік екі “Typical” тігін машинкасын сатып алған.

– Мен бұл кәсіпкерлікті кеңейтуді көздеп отырмын. Бұған дейін де “Typical” тігін машин-касы көңілімнен шыққан соң тағы да сол марканы алдым. Мата, фурнитуралар жеткілікті болды. Енді тек біздің ателье қызметтерін тұтынушылардың қатарын сейілтіп алмас үшін одан әрі сапалы, уақтылы, есігімізді ашқан адамдарға жайдары көңілмен қызмет көрсетуді жалғастыра бермекпіз. Бізге тапсырыс берушілердің қатары қалың. Әсіресе, жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке арналған киім-кешек тігуді сұрайтындар көп болады. Осындай кездерде өзім де, қол астымдағы үш адам да іңірге дейін еңбек етіп, тіпті, демалыс күндері де жұмыс басында отырамыз. Бүгінге дейін мектеп формасына тапсырыстың легі басылған жоқ. Биыл біз, яғни төрт адам 500 баланың киім-кешектерін тіктік. Сондай-ақ ательеміз қысқы қалың киімдерді жөндеп, жаңадан көйлек-көншек тігу тапсырысын да орындайды. Басқа жөнделетін бұйымдар да көп. Осы тұрақты тұтынушыларымыздың қатары сиреп кетпес үшін бизнесімізді одан әрі кеңейтуіміз керек. Әзірге ғимарат таба алмай жүрміз, – деді.

Ауылдық жерлерде тігіншілікті кәсіп еткендер қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Сондықтан Бақыт Серікқызы бәсекеге қабілеттілікті бүгіннен ойлап, әр тапсырысты жеке-дара қабылдап, әр тұтынушының көңілінен шығатын бұйым тігуге тырысады. “Тұтынушыларды өзімізге тарту үшін бағаны төмен қойып, сапалы жұмыс істеуіміз керек”, – дейді кәсіпкер. Оның ательесіне тапсырыс беру үшін алдын ала кезекке жазылып қою қажеттігін жұрт жақсы біліп алған. Бүгінде жағалы киімдерін жөндеу үшін бір ай бұрын жазылып қойғандар қатары көп. Ал Бақыт Серікқызы үшін ұлттық бұйымдарды тігудің жөні бір басқа.

– Мен ұлттық ою-өрнектер салып, бұйым тіккенді ұнатамын. Әрқайсысының атауы мен тарихы бар оларды маталарда жандандырған кезде жаным жадырайды. Бүгінде жұрт бұл ұлттық белгілерді той-томалақтардың жабдықтарына көп қолдана бастады. Тойбастар, қоржын, төр көрпе тігеміз. Осы қазақтың ұлттық киімдері мен бұйымдарын жаңа үлгіде көбірек етіп тіксем деп армандаймын. Бірақ, оған әзірге уақытым жетпейді. Алдағы жылдары ательеге үлкен ғимарат тауып алып, жаңа еңбеккерлер қабылданса, бұл арманымды жүзеге асыратын күн туады деп ойлаймын. Жалпы еңбек еткен адамның көсегесі көгеріп, болашағына зор үмітпен қарайды, – дейді.

Бүгінде мемлекетіміз шағын және орта бизнеске үлкен сенім артып, оған зор қолдау көрсетуде.

– Мен мемлекеттік несие қаржысының көмегімен кәсіпкерлігімді бір қадам ілгері жылжытып алдым. Бизнесті қолдау бағдарламалары біз үшін жылда-жылға жеңілдетілуде. Ең бастысы, ол жұмыс істеймін деген адамға қолжетімді. Ондағы жылдық сыйақы мөлшерлемелер төмен, жеңілдік кезеңі және ұсынымдары біздің жағдайымызға лайықты. Бірінші жолы 900 мың теңге несие алсам, биыл қорықпай 2,8 миллион теңгені құжаттадым. Жұмысты қажымай істесек, несие уақтылы жабылады, – дейді өзіне сенімді кәсіпкер.

Бақыттың ісіне деген сүйіспеншілігі мен еңбекқорлығы оның отбасысындағы мәртебесін де жоғары етеді. “Жұбайымның өз кәсібі бар. Мен өзімнің сүйікті ісіммен айналысамын. Отбасылық бюджетке түскен табысымыз қызымыз бен ұлымызға жұмсалады. Балаларымызға маңдай термен табылған ақшаның қадірін кішкентайынан үйреттік. Ал, ең бастысы, олардың бойына еңбекқорлықты, жауапкершілікті, адамгершілікті дарытуға тырыстық”, – дейді қамқор ана.

СУРЕТТЕ: Бақыт СЕЙІЛОВА.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp