“Өрт – тілсіз жау” деп тегін айтылмаған. От материалдық құндылықтарды, тұрғын үйлерді жалмайды, адамдарды қайғылы қазаға ұшыратады. Ондай оқиғаларға көбіне үй иелері себепкер болып жатады.
Серік ШӘРІПОВ,
СҚО ТЖД Мемлекеттік өртті бақылау басқармасының аға инженері.
Биылғы 9 айдың ішінде облысымызда 478 өрт болып, одан 257 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 35 адам қаза тапты, оның 6-уы – бала.
Өрттің шығуына көп жағдайда отты дұрыс пайдаланбау, балалардың отпен ойнауы, пештің, газ бен электр аспаптарының ақауы, мас күйде төсекте жатып темекі шегу, қолдан жасалған электр аспаптарын абайламай қолдану себеп болады.
Бүгін электр қуатынсыз өмірді елестету мүмкін емес. Ол біздің үйлерімізге жылылық ұялатады, шаруашылығымызға барынша көмек көрсетеді. Алайда, әрбір адам электр аспаптарының өрт қаупін туғызатындығын, өртке жиі себеп болатындығын естен шығармағаны абзал. Электр желісіне ұзақ уақыт қосылып тұрған аспаптар барынша қызып, жанына жақын тұрған тез тұтанғыш заттарды жандыруы мүмкін.
Жануды болдырмас үшін жылытқыш аспаптардың астына күймейтін (кірпіш, мәрмәр тақта, асбест жаймасы) төсем қойып, жануға бейім төсемді жанбайтын материалмен қорғау қажет.
Сол сияқты өртке пештің, газ плитасы мен керосин аспабының ақауы да себеп болады. Ең қауіптісі – баланың отпен ойнауынан шыққан өрт. Үйлердің жанында немесе басқа ғимараттардың жанында отпен ойнап жүріп, олардың отқа орануына себеп болады, кей жағдайларда өздері соның құрбанына айналады. Жылдың суық кезінде пештен шыққан өрт барлық төтенше жағдайлардың 80 пайызын құрайды.
Пеш жағудан мынадай жағдайларда өрт шығады:
– өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамай салынған пеш пен түтін тартатын өңеш кірпіштерінің арасындағы жіктерден шыққан жалынның жанғыш заттарды, ағаш құрылғыларды шарпуынан;
– пеш пен түтін тартатын өңеш қабырғаларының жұқалығынан оған жақын құрылыс құрылғыларының қызып, от алуынан;
– пештің ақаулы бөлігіне жақын тұрған тез тұтанғыш заттардың (жиһаздардың, киім-кешектердің) шектесуінен;
– жанып жатқан отын көмірі мен ұшқынның үйдің және заттың жанғыш бөліктеріне түсуінен.
Соған орай пештің дұрыс қалануы мен өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауға үй иелері ерекше назар аударуы қажет.
Тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу, отқа салғырт қарау орны толмас өкінішке әкеліп соқтырады. Сондықтан отты пайдаланған кезде абай болып, электрмен жұмыс істейтін аспаптарды қуат көзіне қосылған күйде қараусыз қалдырмаған жөн. Балаларға сіріңкені сеніп бермеңіздер. Оттың қауіпті екенін түсіндіріп, оларды қараусыз қалдырмаңыздар. Пеш пен оның түтін шығатын өңешін, электр сымдарын дер кезінде жөндеңіздер. Өз баспаналарыңызды, материалдық құндылықтарыңызды, мүліктеріңізді оттан сақтай біліңіздер.