«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСЕЙІК!”АПТАЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Фархат ТАСТАМБЕК,
“Болашақ журналист” клубының жетекшісі.

Қазақ мектеп-гимназиясының директоры Гүлжан Жақанованың бастамашылығымен аталмыш білім ордасында “Болашақ журналист” клубы ашылды. Тілдер фестивалі аясында клуб мүшелері ерекше эксперимент жасады. Оған 4 оқушы ерікті түрде қатысты. Тапсырма бойынша олардың әрқайсысы мектепте, мүмкіндігінше үйде де, түзде де қазақтармен тек қазақша сөйлесуге тырысты. Біздің басты мақсатымыз қазақша білетін, бірақ орысша сөйлесетін балалар бір апта таза қазақша сөйлессе, орысша сөйлеу әдетінен арыла ма, жоқ па, соны анықтау болатын. Нәтижесін тексеріп көрелік…

Әзиза АУЛЬБЕКОВА:

– “Болашақ журналист” клубының мүшелері бір апта бойы араласатын адамдарымызбен тек қана қазақша сөйлеуге тырысып, эксперимент жасадық. Бұған дейін замандастарым, құрбыларыммен орысша араласқаным өтірік емес. Сондықтан бірден қазақша сөйлеп кету қиын болды. Ара-тұра қазақша сөйлеу керектігін ұмытып кетіп жатсақ та, бар күшімізді салдық. Бірінші, екінші күндері өзім айналамдағылармен қазақша сөйлеуді әдетке айналдыруға тырыстым. Кейін үйреніп кеттім. Сыныптастарымның барлығы бұл қылығыма таңғалды. Бірақ орталарынан шеттеткен жоқ. Керісінше, жақын араласатын достарым да менімен қазақша сөйлесе бастады. Ең бастысы, орта ғой. Орта қай тілде сөйлесе, барлығы да сол тілде сөйлейді. Олардың көзқарасын өзгерту қиын. Дегенмен, мен бұл эксперименттен өзіме көп сабақ алдым. Тіпті, қазақшамды дұрыстау үшін әлеуметтік желіде де қазақша сөйлеуге тырыстым.

Менің қазақшама қазақтықтың қаймағы бұзылмаған шымкенттік бір танысым да көмектесті. Ең басты ұққаным, орысша сөйлей берсең, ана тіліңді тез ұмытып қалады екенсің. Бірақ оны еске түсіру, тіпті де қиын емес, аздап тырысу керек. Сондықтан бүгінгі замандастарыма қазірден бастап бағыттарын дұрыстап алған жөн. Бүгін қазақ тілінде сөйлемесе, ертең кеш болуы мүмкін. Ал мен енді қазақша сөйлеймін, өйткені қазақ тілі – ғажап тіл!

Сымбат МЫҢЖАНОВА:

Бірінші күн. Көп қателік жіберілді. Яғни, зерттеуімнің алғашқы күні ережеге сай қазақ тілінде емес, орысша жиі сөйледім. Бір сөзбен айтқанда, зерттеу жасап жүргенім есімнен шығып кете берді. Өйткені, айналаңдағылар орысша сөйлеп жүрген кезде орысшаң автоматты түрде іске қосылып кетеді екен.

Екінші күн. Тек қана қазақша сөйлеу керек екені тағы есімнен шығып кетіп, амандасуымның өзі орысша басталды. Тек сыныптас досым, Мәдина есіме салғаннан кейін ғана таза қазақша сөйлеуге тырыстым. Бірақ соның өзінде орысша сөздер араласып кетіп жатты.

Үшінші күн. Күнімді қазақша сөйлеуден бастадым. Бұл қылығым мені ортамнан ерекшелей бастаған сияқты. Себебі, достарым мен таныстарымның арасында: “Не себепті қазақша сөйлей бастадың?”, “Соңғы кезде сен біртүрлі жиі-жиі қазақша сөйлей бастадың…”, “Сен қазақша сөйлегенде бізге ыңғайсыз!…” деген сияқты таңданысы мол әңгімелер туындай бастады…

Төртінші күн. Мен үшін қазақша сөйлеу, әрі ортамнан менің қазақшама байланысты айтылып жүргендерін есту үйреншікті жағдайға айнала бастады. Алайда, мен қазақша сөйлегенде құрбыларым орысша жауап беріп жүрді. Тіпті, кейбіреуі айтқанымды түсінбей қалып та жатты. Ең қуантқаны, араласатын замандастарымның ішінде менімен қазақша сөйлесе бастағандар да табылды. Бұған дейін олар да орысша сөйлеп еді.

Бесінші күн. Кезіккен адамның барлығымен қазақша амандастым. Олардың жартысынан көбі менімен де қазақша сәлемдесті. Бұл жетістігіме ерекше қуандым.

Балшекер ҚАНАТ:

– Тапсырмамыз қарапайым болып көрінгенімен, біз үшін қиын болды. Себебін өздеріңіз түсінетін шығарсыздар?..

Сонымен, “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!” деген Елбасының сөзімен ұрандатып іске кірістім. Бір аптаның ішінде біраз досымды қазақиландырған сияқты болдым.

Саят ЕРМЕК:

– Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізде сөйлеу еш қиындық тудырмасы хақ. Бұл тәжірибеден орысша сұрақ қойып тұрған жолдасыңа қазақша жауап қатсаң, бірте-бірте қазақша сөйлесе бастайтынын байқадым.

Үйде Интернет болған соң, бос уақытымда әлеуметтік желілерде отырамын. “Агент” немесе “Вконтактеде” отырған қазақ бауырларымыздың барлығы өздерінше орысша қатынасып жатады. Тапсырмаға қызыққаным соншалық, осы желілерде де достарыммен тек қазақ тілінде хат алыстым.

Бір апта өткеннен кейін жасаған “экспериментімді” қорытындыладым. Байқағаным – орысша сөйлесетін адамдарымның көбі менімен қазақша араласа бастады. Өзімнің де қазақшам орнығып қалды. Қазіргі уақытта эксперимент уақыты аяқталса да, жетекшілерім, достарым, сыныптастарыммен, отбасында да тек қазақша сөйлесіп жүрмін.

PS: Еріктілердің есептерінен өзіңіз қазақша сөйлессеңіз, жұрттың Сізбен де қазақша сөйлесе бастайтынын түсінген шығарсыздар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!” деп бекер айтпаған болар. Бұл тәжірибеден біз “Қазақ тілінің тағдыры – әр қазақтың қолында” екеніне көз жеткіздік. Біреуден “Қазақша сөйле!” деп талап ету – әбестік, әрине. Ал егер әр қазақ қазақша сөйлей бастаса, нәтижесі ғаламат болар еді.

Сонымен, бұл тәжірибеден оқушылар да біраз нәрсе ұқты, бізге де ұқтырды. Сондықтан “Болашақ журналист” клубы “Қазақша сөйлесейік!” апталығын әр ай сайын өткізіп тұруға тырысады.

 

Петропавл қаласы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp