«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛ КӨЙЛЕК КИГЕН ҚЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұл өрімдей жас қызды көргенімде ЕС-169/6 мекемесіне сырттан шақырылған мейман шығар деп ойладым.  Бой десе бойы, түр десе түрі бар бойжеткенді жас әншіге балаған мен ғана емес шығармын. Темір тордың арғы жағына жиылған бар қауым қызыл көйлек киген сол қызды назарына алды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ, 

“Солтүстік Қазақстан”.  

… Кешқұрым Динара достарымен бірге көңіл көтермек болып, дәмханаға баруға келісті. Әдеттегі күндердің бірі еді. Құрбы-құрдастарымен бірге көңілді отырды. Өткенді әңгімелеп, бір-бірінің қызықты қылықтарын еске алып, біраз күлісті. Көңілді кештің арты 5 жылдық қапасқа айналарын кім білген?! Дәмханадағы бір мейманмен арадағы келіспеушіліктен туындаған кикілжіңнен біреудің ала жібін аттады деген айып тағылып, Динара темір тордың арғы жағынан бірақ шықты. Бала кезінен әжесінің қолында тәрбиеленген Динара Шүкірова болашақта қаржы саласында қызмет етіп, туған-туысқандарына көмектесемін деп армандаған. Колледжді тамамдап, енді жоғары оқу орнына түсемін деген мақсаты бұлттай сейілді де кетті. Бастапқыда тар қапаста өткізген әр күні тозақпен тең еді. Уақыт өте Динара бұл жерден де өзіне жан жарасын түсінер құрбы тауып, әртүрлі үйірмелерге қатысып, бостандыққа шығар күнін осылайша жақындатуда.

Мекемеге биылғы жылдың ақпан айында келген Динара Шүкірованың тәртібі жақсы, дейді жасақтың қараушылары. Ән үйірмелері мен спорттық шараларға қатысатын ол жақын арада жазасын колонияда өтеймін деп үмітті. Сан түрлі тағдыр тоғысқан бұл мекеме тұрғындарының арманы да сол. Колонияда жазасын өтегісі келетіндер жетерлік. Себебі, онда қалаға шығып қызмет етуге жағдай жасалады. Тек кешке ғана жазасын өтеушілер колонияға келіп, қонуы тиіс.

19 жастағы қыздың арманы әлі де асқақ. Жоғары оқу орнын аяқтап, табысты қызметке тұрып, артынан ерген інісі мен туысқандарына көмектескісі келеді. Әр таңда ұйқысын құстардың әнімен ашатын Динара көк аспанда қалықтап жүрген сол құстардай еркін болсам деп армандайды. Ол арманына қол жеткізетіндігіне сенімді. Себебі, жастық албырттықпен жасаған кінәсін мойындап, мұндай істің арты жақсылыққа апармайтындығына көзі жеткен ол келешекте ешкімнің ала жібін аттамайтындығына сенімді.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp